Мирас • 11 Шілде, 2024

Бақыт Досымов мұрасы

212 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ол кезде бала біткен смартфонға емес, «Балдырған», «Ұлан», «Ақжелкен» басылымдарына қарайтын. Иә, «Балдырған» сол күйінде, «Ұлан» – «Қазақстан пионері» газеті, «Ақжелкен» – «Пионер» журналы кезі.

Бақыт Досымов мұрасы

Суретті түсіргендер – Шүкір ШАХАЙ, Ерлан ОМАР, «EQ»

Қалам ұстаған неме­се газет-журнал оқи­тын оқушыларға аса таныс санаулы есім бар-тын. Соның бірі – журналист Бақыт Досымов (1959-1998) еді.

Әлі есімізде, ол кісі жас өр­кен­дер басылымы мен «Қазақ радио­сының» балалар мен жас­тар редакциясында та­лай та­лант­тың жолын ашып жүретін. Әп-әдемі, сыршыл да табиғи әңгі­­мелері, эсселері жиі жария­­ланатын.

Кейін Бәкең Баубек Бұл­қы­шев атындағы сыйлықтың ие­гері атанды. Балаларға ар­налған шы­ғарамалары, ұлт зәру­лік­тері туралы мақалалары «Жас алаш», «Өркен», «Ұлан» газет­тері мен «Балдырған», «Айгөлек», «Мөлдір бұлақ» журналдарында басылып тұр­ды. Қайсыбірі бастауыш сы­ныптың оқу құралдарына да енді. «Ана тілі» газеті ашыл­ғанда, сол басылымның алғаш­қы тілшілерінің бірі болды. Радиохабарлары да тартымды-тын. Жүрек пен тілекті баурап тұратын.

Бүгінгі жас журналис­терге өнеге болсын деп ай­тайық, Бақыт Досымов радио­журналистикаға студент кү­нінен атсалысты. 1984-1998 жылдары осы салада үзіліссіз қызмет етті. Ол кезде үлкенірек репортер болатын. Соны асынып алып, желдің өтінде де, жұрт­тың ортасы мен шетінде де жымиып қана жүретін.

Осындай бел­сенді де бел­гілі қалам қайраткері 1998 жылы қапияда көз жұмды...

Туған-туыстарының тіле­гіне құлақ асқан сол кездегі Ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбайұлы сүйегін туған топырағы Қарақалпақстанның Жаңадариясына жеткізуге себепші болды.

Қаламгердің мерейтойы қарса­ңында белгілі ардагер радио-режиссер Ақбол Үдербаева: «Бізбен бірге Бақыт Досымов деген өте бір талантты жігіт жұмыс істеді, алайда ерте қайтыс болып кетті. Өзі бойы шап-шағын жігіт. «Идеялар осының қай жерінен шығып жатады?» деп біржағы қалжыңдап, бір жағы таңғалушы едік» деп еске алса, курстасы, танымал жазушы Жаңабек Шағатай: «Бақыт – балаларды жақсылыққа, әдiлдiкке, шындыққа, iзгiлiкке сендiре бiлетiн және өзi де, соған шексiз сенетiн. Қазақ халқының ұлы халық екенiне, елдiң ертеңiне сенетiн. Қазақ тiлiнiң болашағы зор екенiне еш күмән келтiрген емес» деп жазды.

Әрине, қаламгер Бақыт До­сымов мұрасы өз зерттеушісін күтіп тұрғаны да ақиқат. 2000 жылы жанашыр азаматтар оның бір десте туындысын «Мейір­­бектің көгершіні» деген атпен кітап етіп жариялады. Аз ғана таралыммен шық­ты. Жуырда елшіл азамат­тардың арқасында осы кітап­тың екінші басылымы жарық көрді. Қуан­баған қа­ламдас замандастары, іні-қа­рын­дастары кемде-кем.

Алдағы уақытта мүдделі азаматтар Бақыт Досымовтың радионың алтын қорындағы материалдары мен балалар басылымдары бетіндегі түрлі жанрдағы жазбаларын құнттап, тағы да бір жеке жинақ етіп жариялайды деп үміттенеміз. Бұл іске әкесінің жолын қуған қызы Әйгерім де атсалысуға белін бекем буып отыр.

Айтуған ДОСБИ