Табиғат • 11 Шілде, 2024

Cұңқар

138 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Cұңқар – саят құстарының ішінде ең сүйкімді, тегеуріндісі. Жалпы, жаратылыс түрі, пішіні, мінез-құлқы өзімен тектес лашынға не ител­гіге ұқсайды. Көбінің қарымы лашыннан үлкен, ителгіден сәл кішірек, бірақ одан гөрі сергек, құлықты, сымбатты, ойнақы болады.

Cұңқар

фото: pixabay.com

Сұңқардың сыртқы мүсіні бір қалыптан шыққандай бір-біріне өте ұқсас, дене құрылысы дөңгеленіп келген жұмыр, әрі соқталы, кесек. Қаршыға тектес құстармен салыстырып қарағанда, кеуде жағы көзге толымды, жуан, омырауы кең, жауырын, топшы сүйектері ірілеу, бас сүйегі үлкен, шекесі торсиған шығыңқы, маңдай алды жазықтау кең, жарқабақ, тұмсығы жуан, аузы лашынның аузы сияқты қияқты келеді. Басты ерекшелігі – жайдары, мөлдіреген қара көзі, тұяғы, тұмсығы көгілдір қара не қара қошқыл, көз жиегі, танау қабығы қызғылт сары, аяғының сырты да қызғылт сары, танау тесігі дөңгеленіп келген, көз маңайы қара қылшықты, аса көрікті құс.

Денесінің соқ­талы болуына қа­рай аяғы салалы емес, ла­шын­ның ая­ғы сияқты қыс­­­қа, дембелше бо­лады. Өйт­кені сұң­қар да лашын сияқты олжасын аяғымен теуіп, аузымен қиып түсіреді. Сондықтан аяқ бітімі соған бейімделген.

Сұңқар жемін көбінесе ұшып жүріп іледі, кейде жерде қонып отырған құсқа да төнеді. Ұшу екпіні лашындай болмаса да жоғары тік атылуға келгенде оған ешбір құс тең келмейді. Ол атылған кезде көз ұшында бұлдыраған көлең­кесі ғана тұрады. Оның жылдам ұшуы қанат-құйрық бітісінен. Өйткені сұңқарлардың қанаты қарлығаштікіндей сүйір, қыл қанат келіп, құйрығы лашынның құйрығынан ұзын, өз қанатының мөлшерімен бірдей не одан сәл ғана асып тұрады. Сұңқар затында көбірек жолығатындары: көгілдір қоңыр не қоңыр қызғылт түстер. Түлегенде сырты ағарып, бауыр жүні құладын жүніне ұқсап, сырты құба, бауы­ры көкшіл шұбар тартады. Бірақ олар жасына қарай түсі өзгеріп отырады. Шұбар бозғылт келетін көбінесе жас сұңқарлар.

Сұңқардың тамаша түрі – ақ сұңқар. Оның түсі шымқай ақ, қанаты ұзын, құйрығы орташа келген, тұңғиық қара көзді, бір құлықты жануа­р. Ақ сұңқар түз құстарын көбінесе тұяғымен соғып түсіреді. Түз құсынан оның алмайтыны бо­лмайды, аққу мен шыңыраудан бастап, бытпылдақ, қаз-қаншырға дейін ала береді.