Қазақстан Ұлттық банкінің хабарлауынша, монеталар шығарылымы геолог-ғалым, ғылым және қоғам қайраткері, профессор, Қазақ КСР Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған. Академиктің даңқты есімі қала, университет, тау-кен металлургия комбинаты, мемориалдық музей, институттар, мектептер мен көшелердің атауларында мәңгі сақталған. Оның құрметіне еліміздің көптеген қаласында ескерткіштер орнатылды. Тіпті ғалымның атындағы ғаламшар барын да жақсы білеміз. Ал Сәтбаев монетасының айналымға шығуы нұр үстіне нұр емес пе?
Монета номиналы 2000 теңгелік және 200 теңгелік болып екі түрде шығады. Таралымы – 300 данамен шығатын 2000 теңгелік монетада марганец рудасының, минералдың түсін білдіретін күрең қызыл түске ие тантал сақинасы бар. Айта кетейік, Қаныш Сәтбаев Жезді ауылының маңынан марганец рудасын тауып игерген. Бұл металл Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде броньды техникаға арналған болат қорытпалар өндірісінде кеңінен қолданылған.
Ал мельхиор қоспасынан дайындалған 200 теңгелік монета 5000 данамен шығады. Монетаның массасы – 15 грамм, диаметрі – 33 мм, сапасы – brilliant uncirculated.
Айта кетейік, монетаның барлық түрін еліміздің бүкіл аумағында өзінің белгіленген құнымен төлемнің кез келген түрінде қабылдауға, банк шоттарына есепке алуға, аударуға, ұсақтауға және айырбастауға болады.