Әскер • 11 Шілде, 2024

Етікпен су кешкен күндер

202 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы көктемде бір айдан астам уақыт су тасқынының қорқынышымен өмір сүрді. Ел басына күн туған осынау сын сағатта Отан қорғаушы ер азаматтар, шын мәнінде, етігімен су кешіп жүрді. «От пен су – тілсіз жау» деген ғой халқымыз. Табиғат апаты кезінде халық бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып қызмет етті.

Етікпен су кешкен күндер

Мемлекеттік құрылымдар да, қара­пайым тұрғындар да қамшының өрі­міндей бірігіп, қоян-қолтық жұмыс істеді. Әсіресе Қазақстанның 11 облысынан, 3 қаладан келген әскери қызметшілер ең қиын жерде, су тасқынымен бетпе-бет келген қауіпті нысандарда жүрді.

– Орал қаласында орналасқан Ұлт­тық ұланның «Батыс» өңірлік қолбас­шылығына қарасты 5517 әскери бөлімінің жауынгерлері алғашқы күннен-ақ су тасқынының алдын алуға кірістік. Жеке құрам әуелі су басу қаупі жоғары жерлерде арнайы бөгеттер құрып, көшелер мен аулаларда жиналып қалған қарды шығарып, судың өз арнасымен жүруі үшін арықтарды тазалады. Кейін тіке­лей құтқару жұмыстарымен де айналыс­тық, – дейді 5517 әскери бөлімінің ­батальон командирі, майор Жасұлан Көрпешов.

Осынау тарихи күндері ерекше ерлігімен көзге түсіп, адам өміріне араша түскен сарбаздар да бар.

Сәуірдің 21-і күні Орал қаласының іргесінде, Жайық өзені жайылмасында орналасқан саяжай аумағында тасқын су жасанды бөгетті бұзып өтті. Бірнеше күннен бері суды бөгеп, құм салынған қапшықтан қорған тұрғызып жүрген саяжай тұрғындары күн санап екпіні күшейген ағын суға қарсы тұра алмады. Оқиға орнында жүрген Ұлттық ұлан жауынгерлері мен полиция қызмет­керлері халықты қауіпсіз жерге көшіруге кірісті. Осы кезде қатты ағыс бір азаматты ағызып алып кетті. Дереу көмекке ұмтылған ұландықтар тізбектеле шынжыр жасап, суға кетіп бара жатқан 60 жастағы саяжай тұрғынын аман алып шықты. Қысылтаяң сәтте абыржымай, бірден алға ұмтылған 5517 әскери бөлім қызметкері, ефрейтор Нұрбол Асқап пен полиция қызметкері, кіші сержант Әміржан Бірлесов болатын.

Нұрбол Асқап су тасқыны кезінде ерек­ше ерлігімен, еңбегімен көзге түскен азаматтар қатарында «Жауынгерлік ер­лігі үшін» медалімен марапатталды. Наг­­раданы Астанада өткен салтанатты жиын­да Мемлекет басшысының қолынан алды.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың қолынан осындай жоғары марапат алып, құрметке ие болғаныма қатты қуандым. Тұла бойымды мақтаныш пен қуаныш тербеп, өзіме өзім сене алмадым. Ол сәттегі толғанысты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бұл медаль мен үшін ыстық, өйткені Ұлттық ұлан қатарындағы алғашқы наградам, – дейді Нұрбол жауынгер.

5517 әскери бөлімнің тағы бір қыз­меткері Мәулен Мәрленов те топан судың ортасында қалып қойған жүк көлі­гін алып шығып, 30-ға жуық адамды құтқарды. «Біз №1-2 саяжай аумағында тұрғын­дарды эвакуациялап жүрген едік. Бір кез­де су ортасында құрып қалған жүк көлігін байқадым. Машина оталмай, мо­торы өшіп қалыпты. Қорабында адам толы. Судың ағысы күшейіп, дөңгелектен асып бара жатты. Тез арада өз көлігіммен барып, тіркеп, қауіпсіз жерге алып шықтым», дейді Мәулен.

Мәулен – Алматы облысының тумасы, Еңбекшіқазақ ауданы Өрікті аулын­да дүниеге келген. 2014 жылы Отан ал­дындағы борышын өтеу үшін әскерге шақырылып, Орал қаласындағы Ұлттық ұланның 5517 әскери бөліміне түскен екен. Ақжайық топырағы Мәуленге құтты қоныс болды. Осы әскери бөлімде келісімшарт бойынша жұмысқа қалды. 2019 жылы жары Мақпалмен отау құрды. Қазір жас шаңырақта Дамир есімді ұл өсіп келеді.

«Мен өзімнің іс-әрекетімді ешқан­дай батылдық немесе ерлік деп санаған емеспін. Біз әскери қызметкерміз ғой. Кез келген қиын қыстау сәтте халықпен бірге болып, көмекке әзір болуымыз қажет. Бұл – менің күнделікті қызметім», дейді М.Мәрленов.

– Біздің бөлімнің әрбір қызметкері, кез келген жауынгер дәл осылай айтатынына сенемін. Өйткені олар – шын мәнінде, Отан қорғаушы сарбаздар. Мереке күні біз командирлеріміз­дің қолынан марапат алып тұрып: «Қазақстан Республикасына қызмет етемін!» деп салтанатты түрде мә­лімдейміз, – деді Ұлттық ұлан «Батыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қыз­метінің өкілі, лейтенант Бақдәулет Манарбек.

Батыс Қазақстан облысы