Аталған акция өткен аптада «Жасыл аймақ» ұранымен өтіп, барлық жұмыс көшет отырғызуға, ағаштарды ақтауға арналды. Бұл экоапта аясында Қарулы күштердің мемлекеттік әскери-тарихи мұражайының аумағында түрлі елшіліктердің өкілдері жаппай ағаш отырғызды. Жаңа көшеттердің жалпы саны 350-ден асады.
«Бүгін біздің көңіл күйіміз керемет. Мұндай акциялар – қоршаған орта үшін үлкен игілік. Өз басым ағаш отырғызу, саябақтарды көгалдандыру жұмыстарын ылғи да қолдаймын. Әрбір отырғызылған ағаш – біздің болашаққа қосқан үлесіміз, жас ұрпаққа қамқорлық. Бұл бағытта Қазақстан ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс атқарып жатыр», деді Беларусь Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің кеңесші-елшісі Дмитрий Зорин.
Іс-шараға Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Индонезия, Грузия, Беларусь, Португалия, Таиланд, Израиль, Ватикан елшілері мен өкілдері де қатысты. «Бұл іс-шара «Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» экологиялық айлығы аясында ұйымдастырылды. Оған қала басшылары мен тұрғындары, бизнес өкілдері мен жастар қатысады. Мұнда 350-ге жуық ағаш отырғызылады. Олардың арасында қайың, қарағай, шырша бар. Ағаш отырғызудан басқа, біз автоматты суару жүйесін қатар қоямыз. Сондай-ақ аталған іс-шара аясында ауданның басқа саябақтарында жасыл желектер егіледі», деді аудан әкімі Талғат Рахманберді.
Тұрғындарды бірлікке бастайтын экоакцияны Астанада орналасқан 70-ке жуық елшілік пен халықаралық ұйым қолдады. Осылайша, «Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» экоакциясы үшінші аптаға ұласып отыр.Ауқымды науқан кезінде қаланы санитарлық тазарту, нөсер және арық кәріз желілері, көшелерді, тротуарларды, орамішілік аумақтарды, қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ жасыл желектерді күтіп-баптау және отырғызу, сауда нысандарына іргелес аумақтарды жинау, көгалдар мен гүлзарларды тазарту, рұқсат етілмеген полигондарды жою және т.б. жұмыстар атқарылды.