Street art – қалалық кескіндеме өнерінің бір түрі. Алғашқы қабырға суретінің қашан пайда болғанын дөп басып айта алмаспыз. Алайда бұл өнер түрінің тарихы тым арыда жатқаны – ақиқат. Тасқа қашалған таңбалар, одан кейін Ренессанс дәуіріндегі діни фрескалар, Америка көшелеріндегі жасөспірімдер жазбалары – мұның барлығы бүгінгі street art өнерінің арғы арналары.
Осы орайда Президент орталығы директорының орынбасары Ботакөз Қайыпова граффити суретшілерінің жұмыстары заманауи өнердің дербес жанры, қалалық мәдениеттің ажырамас бөлігі екенін атап өтті.
Ал суретші әрі мүсінші Сырым Мүсірепов «Astana Graffiti» фестивалі street art өнерінің ілгерілеуіне, оның қоғам ішінде қолдау табуына ықпал ететінін жеткізді.
Іс-шараға қатысушы, граффити суретші Ульяна Евдокимованың айтуынша, бұл өнердің ілкі бастауы қылмыс әлемімен байланысты болған. Бірақ қазіргі таңда бұл – жастардың классикалық кескіндеменің шекарасынан шығып, еркін шығармашылықпен айналысатын кеңістік.
«Street art – көше қабырғаларында бейнеленген жаныңның айнасы яки санаңның сәулесі. Бұл көпшілікке ұнайды. Халық сұлулықты қалайды. Сол себепті оны сәулетті Астанамызға сыйлағым келеді. Өткізіліп жатқан фестивальдың ең ұнаған жері мұнда өнерге талабы бар кез келген суретші туындысын ел назарына ұсына алады. Бұл туындыгерге үлкен шабыт, алдағы жұмысына қуат сыйлайды», дейді ол.
10 тамызға дейін жалғасатын бұл фестивальда танымал суретшілердің шеберлік дәрістері өтіп, арнайы концерттік бағдарлама ұсынылатын болады.