Аймақтар • 11 Шілде, 2024

Атаулы жылда жүздеген шақырым жол жөнделеді

132 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биыл Шығыс Қазақастанда облыс әкімі Ермек Көшербаевтың бастамасымен «Жол жылы» болып жарияланған. Соның нәтиже­сінде облыстық және аудандық маңызы бар жолдар мен елді мекендердің көшелерін жөндеу көлемі екі есеге ұлғайтылды. Ал қаржыландыру 31,5 млрд теңгеге дейін жетті.

Атаулы жылда жүздеген шақырым жол жөнделеді

фото: © Sputnik / Алексей Мальгавко

Ең әуелі айта кетерлігі, «Жол жы­лы» аясында Тарбаға­тай ауданы аума­ғындағы облыстық Ақжар – Шілікті тас жо­лының 93-108 шақырымдары, яғни Маңырақ пен Бозша ауылдарының арасындағы 15 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары басталды. Биыл Маңырақ ауылынан бас­тап Бозша ауылының бұрылысына дейінгі 15 шақырым жол асфальтталады. Келер жылы Бозшадан бастап, Сарыөлең ауылының бұрылысына дейінгі 15 шақырым жол (93-78 км) орташа жөндеуден өткізілмек.

Аудан әкімінің орынбасары Та­лант Бақытбекұлының айтуынша, осы жылы Ақжар ауылы мен Омбы – Май­қапшағай республикалық трас­са­сын жалғайтын 18 шақырым жол­дың орташа жөндеу жұмысы аяқталды.

Сонымен қатар биыл Ақмектеп пен Қарасу ауылдарының арасындағы 12 км жолға, Ақжар, Тұғыл, Қабанбай, Маңырақ, Жетіарал ауылдарының көшелеріне асфальт төсеу жоспарланып отыр. Айтқандай, Ақмектеп пен Бозша ауылдарының кіреберіс жолдарына да орташа жөндеу жүргізіледі.

Облыстың жолдарын тақтайдай ету үшін биылғы бюджеттен бөлініп жатқан қаражат аз емес. Есеп-қисапқа қарасақ, биыл жолдар мен көпірлерді салуға және қайта жаңартуға – 3 млрд теңге бөлінген. Жалпы, жолдар­ды күтіп ұстауға 6,2 млрд теңге қар­жы қарастырылған. Ал елді мекен­дердің жолдары мен көшелерін орта­ша жөндеуге 22,3 млрд теңге бөлін­ді. Атап айтсақ, Өскемен қала­сын­да Сәтбаев пен Жібек жолы даң­ғыл­дарының қиылысындағы көлік айрығының, Пермитин мен Славский көшелерінің қиылысының құрылысы жалғастырылды. Алматы тас жолына шығатын Жібек жолы және Базовая көшелерін қайта жаңарту жұмыстары аяқталады. Елді мекендердің жолдары мен көшелерін орташа жөндеуге 22,3 млрд теңге бөлінсе, оның ішінде 600 км жолдар мен көшелерді орташа жөндеу бойынша 110 жобаны іске асыру жоспарланған.

Одан бөлек, алдағы уақытқа қойыл­­ған жоба-жоспарлар да жетер­лік. Мәселен, Шемонаиха қаласындағы «Уба» өзені арқылы өтетін апатты көпірді қайта жаңарту бойынша жобалау жұмыстары басталды. Өскемендегі Қазақстан көшесі, Жеңіс және Славский даңғылдарының тұ­сын­да Ертіс көпірінен түсе берістегі айрық жолдар салу, Виноградов көше­сінің тұсында Ертіс өзені арқылы өтетін көпірді жобалау мәселесі пысықталып жатыр.

Облыстық маңызы бар жолдарда 15 нысанда қарқынды жұмыс жүр­гізіліп жатса, оның алтауы жалға­сын тапқан жөндеу жұмыстары, тоғы­зы – жаңа басталған жұмыс­тар. Бүгін­гі күні 45 шақырым жөн­деу жұмысы толығымен аяқталды. Олар: Шілікті – Зайсан автомобиль жолының 12 шақырымы, Ақжар – Омбы – Майқапшағай жолының 18 шақырымы, Үлкен Нарын – Күршім жолының 15 шақырымы.

– «Жол жылы» аясында жұмыс­тар­ды күшейттік. Облыста 30 шақы­рым жолға орташа жөндеу жұмыс­тары аяқталды. Ол дегеніміз, Сібе көлдеріне апаратын Васильевка – Бозанбай жолының 15 шақырымы, Күршім – Қалжыр тас жолының 15 шақырымы жөнделді. Қазір 100 шақырым жолға жөндеу жүргізіліп жатыр. Оның ішінде Өскемен – Тарғын – Самар жолының 12 шақырымы, Шілікті – Ақжар жо­лының 30 шақырымы, Күршім – Қал­жыр – Бурабай жолының 15 шақы­рымы, Октябрь өткелі – Алтайка – Но­во­хайрузовка жолының 27 ша­қы­рымы, Новотроицкое ауылына кіре­беріс жолының 16 шақырымына жөн­деу жұмыстары басталды, – дейді об­лыс­тық жолаушылар көлігі және авто­­мобиль жолдары басқармасы бас­­шы­­сының орынбасары Ерлан Уәлиев.

Аудандық маңызы бар жолдар мен көшелер бойынша 380 шақырым жол мен көшені орташа жөндеуден өткізу үшін 95 жобаны іске асыру жоспарланған. Ал құрылыс материалдарының сапасын бақылауды «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК жүзеге асырады. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Уәлиевтің мәліметінше, басқарма 80 млн теңге сомасына шарт жасасқан; Өскемен қаласының әкімдігімен 35 шақырым жол жөндеу бойынша 38 жоба іске асырылып, 12 шақырым жол жөнделді.

Тізіп өткен цифрлы деректерге қарасақ, жыл соңына дейін Шығыста барлық бағыттағы жолдар болмаса да, біразы жамалады, жөнделеді. Елді мекен ішіндегі ойдым жолдар да тегістелетін көрінеді. Бұл жоба үшін бөлінген қаржы көлемі келер жылы да қысқармай, бюджеттен қарастырылса, бұрын-соңды күрек тимеген жолдар жөнделіп, тұрғындар тақтайдай жолмен зулар еді.

Шығыс Қазақстан облысы