Зеренді ауданында 19 мың шаршы метрден аса тұрғын үй пайдалануға берілді. Ілкімді атқарылған іс ауданда пәтер кезегінде тұрғандардың санын мейлінше қысқартуға септігін тигізіп жатыр. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған адамдар да жақсылыққа кенеліп, шат-шадыман болып қалды. Жарқыраған жаңа үйлердің кілтін облыс әкімі Марат Ахметжанов табыс етті.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші кезекте адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға ерекше назар аударып отыр. Бұл арадағы ең басты мәселе – тұрғын үймен қамтамасыз ету. Үйі жоқтың күйі болмайтыны белгілі. Бұл тараптағы мәселелерді шешу үшін мемлекеттік бағдарламалар қабылданып отыр. Жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Жерлестеріміз тұратын заман талабына сай жақсы үйлер салынып жатыр. Ең бастысы, халықтың әл-ауқатын жақсарту, – деді облыс әкімі.
Көпбалалы аналардың бірі Гүлзада Ақпаева жарымен бірге бес бала тәрбиелеп отыр. Әрине, жеке үй салып алуға мүмкіндіктері болмаған. 2012 жылдан бері үй кезегінде тұрды. Енді, міне, мемлекеттің қамқорлығының арқасында өзіміздікі деген сәулетті де кең пәтер беріліп отыр. Қолына баспана кілтін ұстаған ананың жан дүниесі қамқорлық шуағымен нұрланып, көңілі де босап кетті. Әсіресе балалардың қуанышында шек жоқ. Осы арада бала қуантудың өзі бақытты сәт-ау деген ой келді. Жаңа пәтерлер білім ошағына таяқтастам жерде. Жақын арада тұрмысқа қажетті нысандардың бәрі бар.
Аналар осындай шуаққа бөлеген Мемлекет басшысына ақ алғысын жаудырып жатыр. Ана алғысын алған адамның алдынан бақыт қақпасы ашылары сөзсіз.
Ақмола облысы,
Зеренді ауданы