Еуразиялық топтың құрамына кіретін «Қазхром» ТҰК» АҚ-тың филиалы – Ақтөбе ферроқорытпа зауытында жұмысшылар әулеті көптеп саналады. Осы жылдарда зауыт көптеген жұмысшы әулеттерін тәрбиелеп, қанаттарын қатайтып, өндіріске білікті маман ретінде қалыптастырып шығарды. Олар бүгінде өндіріске әулетімен тамырын жайған мәуелі бәйтерек іспетті. Жетпіс жылдан астам тарихы бар кәсіпорын тұғырын бекітіп тұрған да солар десек, қателесе қоймаспыз.
Осындай өндірістегі өзіндік қолтаңбаларымен дараланатын жұмысшылар әулеттерінің бірі Уәлихандар деу орынды болмақ. Өз кәсіптерінен нәсібін тауып жүрген олар зауыттың түрлі еңбек буынында еңбек етеді. Әулеттің отағасы Меңдіғали Уәлихан қызметіне адал, міндетіне берік жан. Ол бүгінде ұжымның маңдайалды маманы ғана емес, №3 уатушылар бригадасының бригадирі, жастардың тәлімгері.
Әулеттің отағасы Меңдіғали 1985 жылы Орынбордан өзінің ата-бабасы туып-өскен Елек елді мекеніне қоныс аударған болатын. Атамекенге атбасын тіреген ол келген күннен бастап-ақ бірден зауыттың теміржол цехына жүкші болып жұмысқа орналасты. Қолы тиген жұмыстың ұтырын біле қоятын қасиетінің арқасында жаңа ортаға тез сіңісіп кетті. Маңдай термен тапқан табыстың қадірін түсінетін жігіт өмір бойы жүкші болмайтынын да ой елегінен өткізіп қоятын. Сөйтіп жүргенде, Елек ауылының атақты сауыншысы Мәдинамен көңіл жарастырып, отау құрды.
Осында жұмысқа ауысуына Мәдинаның да ықпалы болғаны рас. Ол қазір теміржол цехында оператор болып еңбек етеді. Енді олардың ісін жалғастырған ұлы Әнуар күрделі құрылыс және жөндеу бөлімінде талдаушы қызметін атқарса, қызы Наздыгүл Бекарыстанова №1 балқыту цехының тізімдеушісі, ал, оның жолдасы Асхат Бекарыстанов зауыт диспетчері, ағасы Якуп Әбілаев қожды қайта өңдеу цехында уатушы жұмысын атқарады. Оның бажасы Ержан Көпмағамбетов энерго цехында слесарь-жөндеуші, балдызы Жұмагүл Жатаева теміржол цехында жол бұрушы болып еңбек етеді. Меңдіғалидың екінші ұлы Жасұлан да №1 балқыту цехына күйдіруші болып орналасып жатыр екен. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, бұл да Меңдіғалидың өнегесінің нақты мысалы. «Әке көрген оқ жонар» деп осындайда айтса керек. Бүкіл бір әулетке жылы ұя болған зауытты Меңдіғалидың екінші үйі есептеуі де сондықтан.
Өндірістегі жұмыс процесін терең меңгерген ол 2005 жылдан бастап қожды қайта өңдеу цехында уатушы болып еңбек жолын жалғастырады. Бүгінгі таңда Меңдіғали №3 уатушылар бригадасының бригадирі, жастардың тәлімгері. Өзінің міндетімен қоса бригадирлік қызметті де мінсіз орындайды, өндірістік жұмыс процесіне және еңбек қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарайды.
– Мен басқаратын №3 бригадада бес уатушылар ауысыммен жұмыс істейді. Олар қауіпсіздік техникасын басты назарға ала отырып, қожды ұнтақтайды және металл іріктейді. Бір ауысымда біздің ұжым 250-300 тонна қожды ұнтақтайды және қождың арасында кетіп қалған металды бөлек алады. Ал бригадирдің жұмысы – ауысымды қабылдап алу. Құрал-жабдықтардың жай-күйін қадағалап, күдік туғызған мәселелерді тиісті орындарға хабарлаймын. Содан кейін бригада мүшелеріне жұмысқа жіберу қағаздары және істейтін тапсырмаларымен таныстырып, жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етемін. Бригада мүшелерін түгендеп, ұжымның жұмысқа дайын екендігін шеберге баяндаймын. Бригадир шебердің көмекшісі іспеттес. №3 бригада ынтымағы жарасқан ұжым. Мұнда өз ісін жетік меңгерген жігіттер еңбек етеді. Қобыланды Қойшин, Мәди Смағұлов, Данияр Жиеналин, Жасұлан Даулетов менің сенімді серіктестерім, – дейді Меңдіғали Уәлихан.
Жұмысына тындырымды және істеген ісіне тиянақты бригадир өзіндік ойы бар азамат. Өндіріс мүддесін бәрінен жоғары қояды. Сондықтан да ұжымына сыйлы, өз ортасына беделді, жас жұмысшылардың өнеге тұтар тәлімгер-ұстазы. Ол сонымен қатар, іскерлігімен, кәсіпорынның қоғамдық өміріне белсене араласуымен де ерекшеленеді. Сондықтан да тек әріптестерінің ғана емес, компания құрметіне бөленген. Меңдіғали Уәлихан өндірістегі еселі еңбегі үшін былтыр металлургтердің төл мерекесі қарсаңында компанияның ең жоғарғы наградасы «Қазхромның құрметті жұмысшысы» атағы және күміс төсбелгісімен, Еуразиялық топтың 20 жылдық мерейтойлық медалімен марапатталды. Жанына шуағын төгіп жүретін азамат зауыттың мақтанышы.
Ол зауыт басшылығы тарапынан көрсетіліп отырған қамқорлыққа дән риза. Бір мезгіл тегін тамақ берілетінін, ем алуға жағдай жасалғанын, зауыт жұмысшыларының балаларына жазда лагерьде демалуға тегін жолдама бөлінетінін тілге тиек етті.
– Бәрінен бұрын жаңа бірегей зауыттың іске қосу-реттеу жұмысын Елбасының өзі бастап бергені біздерді қанаттандыра түседі. Жобалық құны 843 млн. АҚШ долларын құрайтын зауыттағы төрт пеш жылына 440 мың тонна жоғары көміртекті феррохром өндіретін болады. Мұнда еңбек өнімділігі 3-4 есе артады деп күтілуде. Сондай-ақ, экологиялық тиімділігі де жоғары болмақ Бұл жұмысшыларға жеңіл әрі денсаулықтарына әсері болмайды деген сөз. Мұның өзі жастардың кәсіпорында еңбек етуге ынтасын арттырады, – дейді ол сөз арасында.
Зауыттың түрлі өндірістік буынында еңбек ететін Уәлихандар әулеті еліміздің экономикасына елеулі үлестерін қосып жүрсе, онда әулет басы Меңдіғалидың өнегесі де мол. Ал, өз кәсібін жетік меңгерген оны әріптестері білікті бригадир ғана емес, береке-бірлігі мықты отбасының басшысы ретінде де сыйлайды. Қазақ «Бақытын еңбектен тапқан» деп осындайда айтса керек.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.