Қоғам • 11 Шілде, 2024

Ел азаматтары азық-түлікке қанша ақша жұмсайды

220 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан азаматтарының 2024 жылдың алғашқы үш айында азық-түлік пен алкогольсіз сусындарға жұмсаған шығыны есептеліп, бір жыл ішінде бұл көрсеткіш 21,1 пайызға артқаны анықталды, деп хабарлайды Egemen.kz Finprom.kz аналитикалық порталына сілтеме жасап.

Ел азаматтары азық-түлікке қанша ақша жұмсайды

Фото:kursiv.media

2024 жылдың бірінші тоқсанында әрбір азамат азық-түлік пен алкогольсіз сусындарға 131,3 мың теңге жұмсаған. Бұл бір жыл бұрынғыдан 6,7%-ға көп екені белгілі болды.

«Салыстыру үшін: өткен жылдың бірінші тоқсанында азық-түлік пен сусынға жұмсалған қаражат жан басына шаққанда орта есеппен 123,1 мың теңгені құраса, жылдық өсім айтарлықтай 21,1%-ға жетті. Осыдан бес жыл бұрын, яғни 2019 жылдың бірінші тоқсанында ел азаматтары азық-түлік пен сусындарға жан басына шаққандағы орташа есеппен небәрі 72,3 мың теңге жұмсаған – бұл осы жылмен салыстырғанда 44,9%-ға аз», деп жазды сарапшылар.

Анықталғандай, өңірлер бойынша азық-түлік пен сусындарға ең көп қаражатты Алматы қаласының тұрғындары: жан басына шаққанда 181,5 мың теңге, Шығыс Қазақстан (152,1 мың теңге) және Маңғыстау (146,7 мың теңге) облыстары жұмсаған.

Ал ең аз ақша жаратқан үш аймаққа Қызылорда (жан басына шаққанда 104,6 мың теңге), Ақтөбе (106,4 мың теңге) және Түркістан (110,4 мың теңге) облыстары кірген.

«Қазақстан азаматтарының азық-түлік пен алкогольсіз сусындарға жұмсаған барлық шығындарының үштен бірі ет өнімдеріне тиесілі – жан басына шаққанда 43,3 мың теңге құрайды. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 6,4 пайызға артық. Үш айда ел азаматтары орташа есеппен қант, кондитерлік өнімдер мен тәттілерге 8,7 мың теңге, майлар мен тоң майларға - 6,7 мың теңге, балық пен теңіз өнімдеріне - 5,9 мың теңге, алкогольсіз сусындарға - 5,8 мың теңге, жұмыртқаға - 3,3 мың теңге жұмсаған», деп нақтылады сарапшылар.