Дегенмен айтайын дегеніміз ол емес. Осындай қиындыққа қарамастан істің ретін тауып, әрекет етіп жатқан ерлер де бар. Көктен түсер жауынға, жерден өнер шөпке ғана тәуелді болудың күні өткен екен. Заманауи технологияны қолданып, шаруасын реттеп жатқан ауыл кәсіпкерлерінің мысалы соны көрсетті.
Қазталов ауданының Ақпәтер ауылдық округінде «Ерқожа» атты шаруа қожалығы бар. Оның жетекшісі – өңірге белгілі кәсіпкер, ауыл жанашыры, Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Самат Хасанов. Еңбек жолын туған аулында қарапайым жұмысшы болып бастаған азамат кейін электр энергетикасы саласында жоғары білім алған еді. Ізденімпаз кәсіпкер ауылдағы ағайынның аузын аққа, қолын баққа жеткізетін жоғары технология туралы көптен ойлап жүріпті.
«Біздің өңірде 2019–2020 жылдары да ерекше қуаңшылық болды. Төрт түлік малымызға шөп таппай тентіреп кеттік. Ауылдың айналасы ақ тақырға айналды. Амалсыз сонау шалғайдағы Шыңғырлау, көршілес Тасқала аудандарынан шөп шауып, тасыдық. Ойлана келе, екпе шөп егуге бел будық», дейді Самат Хамзаұлы.
Фермер көп ізденді. Әріптестерімен ақылдасты. Ақыры түрік елінің тәжірибесіне тоқтады. Сөйтіп, 2021 жылы жаңбырлатып суаратын арнайы техниканы алуға Түркия компаниясымен келісімшарт жасасты. 2022 жылы Қазталов несие серіктестігі арқылы сатып алынған «PIVOT» маркалы жаңбырлатып суарғыш агрегаты толық құралып, былтыр көктемде іске қосылды. Әрине, мұның бәрі айтуға ғана оңай ғой. Мәселен, осы құрылғының жалпы қаражаты 146 млн теңге болыпты. Оның ішінде 1 шақырым электр желісі, су жүретін құбырлары бар. Жаңбырлатып суаратын бір агрегаттың өзі 40 млн теңге тұрады. Ол айналдыра 500 метрге дейін алқапқа жаңбырлата су шаша алады. «Ерқожа» осындай агрегаттың екеуін бір-ақ алған.
«Былтыр тым тәуір өнім аламыз ба деп ойладық. Бірақ киік есепсіз көбейіп кетті ғой. Егістік еккен аумақты «электр бақташы» деп аталатын сыммен қоршағанбыз. Ақбөкен оны бұйым көрмейді екен. Қоршауды кез келген жерінен бытырлатып үзіп, егісті таптап кетті. Биыл соны ескеріп, егістікке арналған 250 гектар жерді 7 шақырым арнайы тормен қоршап, әр 5 метр сайын бағана қойдық. Торды Алматы қаласынан тапсырыспен алдырдық», дейді Самат Хасанов.
Иә, 2023 жылы ақбөкеннің тым көбейіп кетуі салдарынан батысқазақстандық біраз шаруа қожалығы қатты зардап шекті. Соның ішінде қазталовтық Самат Хасановтың «Ерқожа» шаруа қожалығында 160 гектар, Бауыржан Мұханғалиев басқаратын «Асхат» шаруа қожалығында 55 гектар екпе шөп алқабы пайдасыз болды. Мемлекет тарапынан өтемақы сұрап, қанша қағаз толтырғанымен, нәтиже шықпады Биыл «Ерқожа» шаруа қожалығы 160 гектар жерге көпжылдық судан шөбін егіпті. Құдайға шүкір, еткен еңбектің, төккен тердің нәтижесі жаман емес. Шілденің алғашқы күнінен бастап шалғынға орақ түсті. Бұйырса, қара күзге дейін екі, тіпті үш мәрте өнім алсақ деп үміттенеді кәсіпкер.
Бүгінде шабындық алқабында 2 комбайн, шөп тайлағыш 2 трактор – барлығы 5 адам қызу жұмыста жүр екен. Бұл іске кәсіпкердің ұлдары да жұмылып, егістікті суару, техникаларды уақтылы қараумен айналысады. Самат Хамзаұлы мал азығын дайындау ісі жыл бойы жүретінін айтады. Өйткені биылғы орақ маусымы аяқталған соң келер жылға дайындық басталады. Алқап қайта жыртылып, алдағы жылдың көктеміне дайындалады.
«Біз әкемізге көмектесеміз. Екпе шөп егу оңай көрінгенімен, оның да әбігері жетіп артылады. Егінге киік қана емес, далада жүрген төрт түлік мал да құмар. Көктемнен бері қызғыштай қорып жүрген алқапқа шалғы салып, еңбектің нәтижесін енді көріп жатырмыз», дейді кәсіпкердің ортаншы ұлы Бексұлтан Саматұлы.
Әрине, жоғарыда айтқандай, ауылдағы ағайынның әзір шешілмей тұрған түйткілдері де баршылық. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында электр желілері тозып тұр. Сәл жел тұрса, жарық өшеді. Бұл «Ерқожаның» жаңбырлатқыш агрегаттарына да кедергі. «Күннің ыстығын, электр жарығының жиі сөнуін ескеріп, егістікті түнде суарып жүрдік. Болашақта электр желілері мен бағаналар жөнделіп, ауыстырылса» деген тілегін де айтып қалды Самат Хасанов. Ел ішінде адал еңбегінің жемісін жеп жүрген азаматқа табыс тілейміз.
Батыс Қазақстан облысы