Экономика • 12 Шілде, 2024

Қызылқұмда – алма бақ

172 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жері шөл, күтімді қажет­­сі­нетін көкөніс, жеміс-жидек түрлерінің өсуі мүмкін емес делінетін Маңғыстауда шалғайдың шырайын келтіріп, егін егіп, нәпақа тауып, ел нәсібін арттырып жүрген еңбекқор жандар аз емес.

Қызылқұмда –  алма бақ

Мұндай кәсіп иелерінің бірі – егін шаруашылығы­на бе­йім­делген шаруа қожа­лығы­ның иесі Жақсылық Ибадул­лаев. Құрық аулына қарасты Қызылқұм жерінде жасаған жанкешті еңбе­гінің нәтижесінде жылыжай кәсібін өрістетіп, бау-бақша өсі­руді жолға қойды. Қазір 35 гектар алқаптың 6 гектарына жеміс ағаштарын отырғызып, 3 гектар жер аумағында жылыжай кәсібін жүргізіп келеді.

«2005 жылы 25 гектарға жуық жер алып, кейін 10 гектар жерді қосып, еңбектеніп келемін. Бау-бақшаның күтімі оңай шаруа емес. Егін алқабын жерасты суымен суарамыз. Онымен қоса жеміс ағаштары ерекше күтім нәтижесінде жыл сайын өнім береді. Оны Ақтау қаласындағы базарларға және Құрық аулына тасы­малдаймыз. Күніне 700 кило өрік пен алманы сатылымға шығара­мыз. Бұл кәсібім мен үшін аса қымбат.Табанды еңбек­тің нә­тижесі жаныңа керемет се­зім сыйлайды», дейді «Рысбек» шаруа қожалығының жетек­шісі Жақсылық Ибадуллаев.
Еңбек қадірін білетін шаруа қожалығында ысырапқа жол берілмейді. Артылған немесе мерзімі өтіп кеткен жемістерден арнайы «кептірілген өнім» дайын­далады.

«Бұл шаруашылық – Жақ­сы­лық ағамыздың ақ адал еңбегінің жемісі. Одан бөлек, мал азығы да қоса дайындалады. Жұмысшы саны тапшы болғандықтан, жұмыс көзіне жастарды жиі тартамыз. Алдағы уақытта көмекке қоғамдық жұмыскерлер тартылады. Өз тарапымыздан арнайы қолдау көрсетіп келеміз. Қазір аудан аумағында 665 шаруа қожалығы бар. Оның ішінде 41-і егін шаруашылығымен айналысады», дейді Қарақия аудандық Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сәбит Құсайынов.

Маңғыстау облысы