фото: assembly.kz
Елдегі бейбітшілік пен келісім тақырыбын, Қазақстанды мекен еткен этностардың мәдени байланыстарын нығайтуға бағытталған бастаманы құру идеясы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында айтылған өзекті ойлардан туындаған. Жоба жетекшісі – Парламент Сенатының депутаты Нұрия Ниязова. Тұтас ел аумағын қамтитын жоба бірнеше бағытта жұмыс істемек. Дәлірек айтқанда, мәдениет, өнер, білім саласына қолдау көрсетіп, этномәдени орталықтардың рухани байланысын нығайтуға бағытталған байқаулар ұйымдастыру, оларды өзара түсіністікке, ортақ бірлікке тәрбиелейтін іс-шараларға бастамашы болу көзделген. Жаңадан қанат қаққан жоба келер жылдың ортасына дейін осы бағытта 100-ге тарта іс-шара ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
«Әлем күн сайын құбылып жатқан кезеңде бірлік пен ынтымақ басты құндылықтарымыздың бірі екенін түсінуге тиіспіз. Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз «бірлігіміз – әралуандықта» деген қағиданы берік ұстанып, еліміздегі бейбітшілік пен келісімді сақтайтын боламыз», деген еді. Жоба осы қағиданы жүзеге асыру мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының қолдауымен құрылып отыр. Жоба негізінен Қазақстандағы мәдениеттердің әртүрлілігін және мәдениетаралық симбиозды көрсетуге бағытталған. Этномәдени бірлестіктер, шығармашылық зиялы қауым, қоғам бірлігінің факторы ретінде Қазақстан халқының мәдени әралуандығын насихаттап, халқымыздың мәдениетін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін құрметтеп, мемлекеттік тілді жетік біліп, Отанға деген сүйіспеншілік мұраттарын насихаттауға үлес қосса игі. ҚХА-ның республикалық және өңірлік өкілдіктері, Азаматтық альянс, журналистер, блогерлер, Мәдениет және ақпарат, Білім, Ғылым және жоғары білім министрліктері, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдіктері жобаны қолдап отыр», дейді Нұрия Ниязова.
Алматы қаласы Азаматтық альянсының төрағасы Қайыржан Әбдіхалықов жоба аудиториясы ересек адамдармен қатар балаларды да қамтитынын атап өтті. Ол келер жылғы ҚХА-ның 30 жылдығына дейін көптеген мәдени, тарихи фестивальдар ұйымдастыра отырып, жас жеткіншектерді шабыттандыру, орталық қалаларды ғана емес, аймақтар мен түкпірдегі ауылдардың тұрғындарын да жобаға тарту көзделетінін жеткізді.
«Республика күні қарсаңында Алматы қаласындағы барлық өзге елдер консулдықтарының өкілдерін отбасымен бірге бір алаңда жинауды жоспарлап отырмыз. Олар және олардың балалары мемлекеттің ынтымақ пен бірлікке негізделген тың бастамаларымен танысып, оң әсер алады деген ойдамыз. Жоба негізінен мәдени бағыттарды қамтитындықтан, театрлар мен өнер ошақтарын қолдау, ұйғыр, корей театрларындағы бірлік тақырыбын арқау еткен қойылымдарды жетілдіру, балалар мен жастарды бірлік ұғымына тәрбиелейтін бастамаларды ілгерілету маңызды», дейді Қайыржан Әбдіхалықов.
Жоба жетекшілерінің айтуынша, мәдени сабақтастыққа маңыз берумен қатар бастамашы топ қоғамның сан саласында болып жатқан күрмеуі көп күрделі мәселелердің түйінін тарқатуға атсалыспақ.
АЛМАТЫ