Саясат • 12 Шілде, 2024

БРИКС Парламенттік форумына қатысты

106 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен БРИКС-тің Х Парламенттік форумына қатысты. Екікүндік жиын аясында халықаралық қатынастар жүйесінің тиімділігін арттыру, көпжақты сауда жүйесін нығайту, жаһандық дағдарыстардың салдарына қарсы тұру мәселелерінде парламенттің рөлі, сондай-ақ гуманитарлық және мәдени салаларда парламентаралық ынтымақтастықтың келешегі талқыланып жатыр.

БРИКС Парламенттік форумына қатысты

Суретті түсірген – Н.БАЙБУЛИН

Мәулен Әшімбаев кездесуге қатысушыларға ілтипат білдіріп, аталған форум әлем елеулі сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отырған кезеңде өтіп жатқанына назар аударды. Бүгінде экономикалық және климаттық дағдарыстардың салдарынан геосаяси шиеленіс одан әрі ушы­ғып тұрғаны белгілі. Қазақстан Парламенті Сенатының спикері осындай жағдайда текетіресті азайту және әлемде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ететін тиімді шешімдер табу маңызды міндет екенін атап өтті.

«Қазақстан Республикасы­ның Пре­зи­денті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қасаң дүниета­ным стереотиптерін еңсеру және ашықтық пен сындарлы ын­тымақтастық негіздерін ны­ғай­ту қажеттігін үнемі айтып келеді. Қазақстан қауіпсіз және теңгерімді әлем құруға арналған тың тәсілдер ұсынатын БРИКС сияқты маңызды халықаралық ұйымдармен серіктестікті одан әрі арттыруды белсенді түрде қолдайды. Бұл ұстаным Қазақстанның халықаралық және өңірлік тұрақтылықты нығайтуға бағытталған саясатымен үндес», деді М.Әшімбаев.

Сондай-ақ Сенат төрағасы сенім дағдарысын еңсеру және халықтар мен мемлекеттер арасындағы байланыс­тарды одан әрі нығайту ісінде парламенттік дипломатияны барынша тиімді пайдаланудың маңыздылығына тоқталды. Осыған байланысты Мәулен Әшімбаев парламентаралық өзара іс-қимылдың бірқатар негізгі бағыттарын атап өтті.

«Азық-түлік қауіпсіздігі пар­ламентаралық өзара іс-қи­мылдың басым бағыттарының бірі екені белгілі. Бүгінгі геосаяси турбуленттілік және жаһандық климаттық өзгерістер жағдайында бұл саланың маңызы артып отыр. Қазіргі таңда БРИКС елдерінің ауылшаруашылық саласындағы ортақ әлеуеті жалпы әлемдік мүмкіндіктің жартысынан асады. ТМД елдері, оның ішінде Қазақ­стан да маңызды агроиндустрия­лық әлеуетке ие. Қазір әлемде азық-түліктің тұрақты және болжамды бағасы, логистикалық тізбектердің қауіпсіздігі, су және жер ресурстарын тиімді пайдалану жолында инновацияны енгізу аса маңызды мәселе. Осы бағыттағы бірлескен қадам­дар азық-түлік теңгерімсіздігін азайтуға ықпал етіп, елдеріміздің тұрақты дамуына елеулі үлес қосар еді», деді М.Әшімбаев.

Сонымен қатар Палата спи­кері Орнықты даму мақсаттары­на қол жеткізуде парламент­ара­лық өзара іс-қимыл маңыз­ды рөл атқаратынын тіл­ге тиек етті. Ол бұл бағыттағы жұмыс­ты одан әрі арттыру үшін Қазақстанда Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсат­тар мен міндеттердің іске асы­рылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссия құрылғанын айтты.

«Орнықты даму бағытында парламентаралық диалог орнату үшін арнайы платформа құруды ұсынамыз. Мұндай бастама БРИКС және ТМД елдерінің парламенттеріне Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жолында бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Өзара іс-қимылдың тағы бір келешектегі бағыты – ғылым, жаңа технологиялар мен инновациялар саласы. Бұл сала біздің елдеріміздің бәсекеге қабі­леттілігін арттыруда айрықша мәнге ие және экономикалық өсудің маңызды факторы екені анық», деді Сенат төрағасы.

Парламентаралық іс-қимыл­ды жандандыратын келесі бағыт – цифрлық ынтымақ­тастық­ты нығайту. Мәулен Әшімбаев­­тың айтуынша, киберқауіп­сіздік, деректерді қорғау, электрон­дық коммерция саласындағы заң­наманы жетілдіру бағытта­рын­да депутаттардың бірлесіп жұмыс істеуі және цифрлық бағытты реттеу секторында тәжірибе алмасу ерекше маңызға ие.

Форум жұмысына Әзер­байжан, Армения, Беларусь, Бразилия, Мысыр, Үндістан, Иран, Қытай, Қырғызстан, БАӘ, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Эфиопия, Оңтүстік Африка парламенттерінің өкілдері қатысты. Іс-шара кезінде Ресей президенті Владимир Путин сөз сөйлеп, форумға қатысушыларға ілтипат білдірді.

Сонымен қатар Форум аясында Мәулен Әшімбаев шетелдік әріптестерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенатының төрағасы Танзила Нарбаевамен кездесуде екі елдің парламентаралық байланыстарын дамыту келешегі және өңір­лік ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселелері талқы­лан­ды. Атап айтқанда, тараптар «Орта­лық Азия – 2040» стратегия­сын іске асыру аясындағы бірлескен жұмыс туралы пікір алмасты.

Одан бөлек, Сенат спикері Иран Мәжілісінің төрағасы Мохам­мед-Багер Галибафпен кез­десіп, екі елдің парламентаралық ынтымақтастығын нығайту барысына тоқталды. Мәулен Әшімбаев Қазақстан мен Иран арасын­дағы қарым-қатынас көптеген салада қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Бүгінде өзара сын­дарлы саяси диалог жолға қойыл­ды, берік шарттық-құқықтық база қалыптасты. Экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстар да нығайып келеді. Осыған байланысты тараптар екі мемлекеттің парламент­тері арасындағы ынтымақтастық­ты одан әрі дамытуға мүдделі екендерін білдірді.