Әдебиет • 13 Шілде, 2024

«Мың бір түн» қайдан шықты?

127 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қайбір шығарманың түбіріне үңілсек, қайнар бұлағы Шығысқа тіреліп жатады. Көне үнді, Мысыр, Қосөзен, араб-парсы өркениеті дүние жұртшылығына жаңа көзқарас сыйлағаны талассыз ақиқат.

Ал аңызға айналған «Мың бір түн» атағын адақтап жату әбес. Еуропаны сиқырлы сазымен естанды қылған ертегілер алғаш Вольтердің диірменінен өтіп, күллі құрлыққа көлеңкесін түсірді. ХХ ғасырда әдебиетке дүмпу жасаған Латын­америкалық жазушылар бірінен-соң бірі «Мың бір түнді» мадақтап, өздеріне үлгі болғанын айтып ағынан жарылды. Қазақ руханиятына екібастан араб ертегілері із салғаны түсінікті. Берісі Абайдан, әрісі ауыз әде­биетінен исі аңқыған айдарлы туынды өз қанымызбен біте қай­насып кетті. «Мың бір түн» қайдан шықты?

Дүниедегі ең көне өркениеттің бірегейі – үнді өркениеті. Мәшһүр ғалым Әл-Бируни: «Ғылымның неше алуан саласы Үндістанда екен, онда шыққан кітаптың саны есепсіз көп. Бәрін қамтуға менің, әрине, мұршам келмес, бірақ «Панчантраны» («Бес бәйіт») аударуға өте құмармын, оны бізде «Кәлила мен Димнә» деп атайды. Бұл кітап үнді тілінен парсы тіліне, ал парсы тілінен араб тіліне, көптеген басқа тілге де ауда­рылды», дейді бір пікірінде. Иә, «Кәлилә мен Димнә» кітабы жан-жануарлар тілімен, түрлі аңызбен безендірілген философиялық трактат іспетті. «Кәлилә мен Димнә» Шығыс шайырларынан бастап, әлем, орыс әдебиетіне, ұлтымыздың ойлау көкжиегіне ықпал етті. Сәкен Сейфуллиннің «Парсы ақыны Шайх-Сағдиден» атты аударма жырында:

«Қалтасында біреудің,
Жұпары болса сақтаулы,
Жұпарын ол дауыстап,
Көрмейді лайық мақтауды.
Мақтамай-ақ әркімге,
Жұпардың өзі-ақ білдірер.
Үндемей-ақ төңірекке,
Тәтті иісін жайып сіңдірер!» –
деген жолдар кезігеді. Бұл астарлы мақамды «Кәлилә мен Димнәда» құзғын егеуқұйрыққа айтып жеткізеді. Ал біз Эзопқа ұқсатып жүрген Иван Крыловтың көпірдегі иттің аузындағы сүйегін судан көріп қызығып, ақыры сүйегінен айырылған мысалын «Кәлила мен Димнәдан» кезіктіруге болады. Шәді төре жырлаған «Бәлғұм батыр» қыссасында көне туындының табы білінсе, «Айда­һарлы-Құдайберлі» нақыл әңгімесінде жалғыз ұлын айдаһар жеп, айдаһардың құйрығын кес­кен Құдайберлі бейнесі «Кәлилә мен Димнәда» бар. Толстойдың «Арылуда» келтірген апан ішінде бал жалаған фәни адамы туралы мысалдың түбірі де шежірелі туын­дыда жатыр.

«Кәлилә мен Димнәні» ескі пехлеви тілінен аударып, біздің ғасырға жетуіне едәуір ықпал еткен Әл-Мүкафтың ұлы Абдулла болатын. Тіл білуге құштар, зароастралық ежелгі діннен ислам дініне өткен Абдулла ескі діннің рәсімдерінен ада-күде арыла қоймайды. Мұнысы ғылымсыз діншілдер тарапынан дінсіздік саналып, әрі әлеуметтік белсенділігінен, ежелгі дұшпаны Суфиян Муавиялаұлы таққа келуімен қуғынға ұшырайды. Ақыры халифа Әл-Мүкафаұлын ауыр ауазапқа салып, өлім жазасына бұйырды. Алдымен қол-аяғын шорт кесіп, күл-паршасы шыққан денесін отқа өртеп жібереді. Осылайша, білім құ­мар жүрек, әйгілі ғалым кесір қолдан жер жастанғанда, бұл әділетсіздікке жаны шырқыраған Сүлеймен Иса ызаға булығып, патшаға қарсы көтеріліс ашады. Алайда көп ұзамай қапыда қаза тауып, көтеріліс шоғы толық тұтанбайды.

Сан ғасырлық туындының «Мың бір түнмен» ұқсастығында дау жоқ, әп дегеннен-ақ екі шығарманың үйлестігі көзге ұрады. Оқиғалардың бірінен кейін бірі шытырман түрде келіп отыруы, ойнақы тіл, ғибратты мысалдар, астарлы метафоралар екі кітапқа ортақ. «Мың бір түннен» сегіз ғасыр бұрын туған аңыз шығарма шығыс елдерін шарлап, араб-парсы жұрты арасында тілден тілге көшкен. Міне, осы үдерістің бәрі халықтардың әдеп-мәдениетімен қорытылған «Мың бір түн» ертегілерінің тууына себепкер болады. «Кәлилә мен Димнәні» алғаш оқыған адам араб ертегілеріне еніп кеткендей әсерде қалатыны сондықтан да болар.

«Кәлилә мен Димнә» – да­налық ошағы. Мұнда бәрі бар. Оқиғалар тілімен, аңдар тілімен түйдек-түйдек даналық бұлағы төгіліп отырады. «Ойы, пікірі ешкімге үйлеспейтін оқшау жан қайда барса да апатқа кезігеді, ол өзіне ешқашан жанашыр көмекші таппайды» дейді кітап. Тағы бірде Бейдауа патшаға насихат айтады. «Мен ақыл мен ұятты бір-бірінен ажырамас дос деп білемін, егер біреуі жоғалса, екіншісі де табылмайды, бұлар адам арасында ұшырайтын қиыспас екі дос тәрізді; екеуі бір-біріне ажырай қалса, өмір бойы көңілі қобалжып, сағынысып өтеді».

Хакімдер мен ғалымдарды сыйлау әуелі дін бұйрығы. Хадис-шәрифте: «Ғалымның өліміне қайғырмаған адам – екіжүзді. Адамдар үшін бір ғалымның өлімінен артық бақытсыздық жоқ. Бір ғалым өлгенде көктер және көктегілер жетпіс күн жылайды» деп, білім иелерінің дәрежесін көрсетеді. «Кәлилә мен Димнәда» осы тақырыпқа тоқталады. «Кімде-кім ғалымдардан ұялмаса, олардың басым екенін мойындап құрметтей білмесе, лайықсыз жағдайлардан құтқарып, қорлыққа душарласқан кезінде қорғамаса, міне, ондай жанды ақылынан айырылған, өмірі зая кеткен есуас деп білу керек. Ал егер данышпандардың құқығына әділетсіздік істесе, онда тұп-тура ақымақтар қатарына қосылуы мақұл», деп түйеді.

«Мың бір түн» мен «Кәлилә мен Димнәнің» үндестігі – бір жазбамен аяқталар дүние емес. Біздің мақсат, ойлы оқырманға тұтам ой ұшқынын ұсынып, талабын ашу ғана болатын.