Айбын • 13 Шілде, 2024

Көрінбес майдан қаламгері

65 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Арнайы органдар қызметкерінің күн тәртібі қалыпты ережеге бағынбайды. Ол түнде ұйықтарда ертеңгісін қандай тапсырма күтіп тұрғанын білмейді. Қызметіне барарда кешкісін не болатынынан бейхабар. Оларға бағзыдан бері «көрінбес майдан жауынгері» атауы таңылған. Ұлттық қауіпсіздік күзетіндегі адамдар жөнінде біз ресми өкілдерінің сөздерінен ғана білеміз. Бүгінгі кейіпкеріміз сол бір көрінбес майдан сардарынан бастап сол саланың қаламгеріне дейінгі тағылымды жолды жүріп өтті.

Көрінбес майдан қаламгері

Бұрындары Мем­ле­кеттік қауіп­сіз­дік қызметі орган­да­ры­ның жұмысы туралы қалың жұрт көп біле бермейтін. Ол адамдар көзге көрінбегенімен, жұмыстары өз жемісін беретін. Қандайда бір үлкен қылмыс іске аспаған күйі ашылып жататын. Мұның барлығы қызметкерлердің кәсіби дең­гейіне байланыс­ты. Ол жерге екінің бірін ала бермейді. Сынақтан сүрінбей өткендері ғана сол атаулы қызметтің қатарына қосылады. 1982 жылы Ақмола облысы Бөрілі елді ме­кенінің тумасы Кенжеболат Қо­қышұлы Бекназаров та осы бір таңдаулы қызметтің қатарын толықтырды.

Кенжеболат Бекназаров – табиғаты таза, адал, ақылы мұздай сал­қын, жүрегі Отан деп соқ­қан буынның өкілі. Қалың жұртшылыққа оның есімі оның Ұлт­тық қауіпсіздік комитеті бас­пасөз қызметінің жетекшісі болған кезеңде жақсы танымал болды.

2000 жылдардың басы – би­лік пен оппозицияның текетіресі ашық байқала басталған жылдар. Кейде ақ­параттық шабуылдар мен саяси технологиялар да қол­данылатын. Әр алуан ақпа­раттар ағынының ішінде мемлекет, билік, қызмет туралы теріс пікір қалыптастыруы мүмкін деректер де көп болатын. Сондайларға нақты түсінік беру үшін БАҚ өкілдерінің алдына арнайы органдардың ресми өкілі Кенжеболат Бек­назаров шығатын. Орта бойлы, күміс самайлы, сымдай тартылған сымбатты да сұс­ты полковник салған бет­те адамдардың көңіліне се­нім ұя­лататын. Қысқа да нұс­қа, қалың жұртқа түсінікті сөздері мәселенің түйінін тарқатып, артынан екіұдай пікір қалдырмайтын. Сөйтіп, сан қилы баспасөз конференциялары мен БАҚ өкілдерімен кездесулер жа­бық қызметтің оң имиджін қалыптастырды. Бұл еліміздегі ашықтықтың, демократиялық қағиданы ұстанушылықтың бір көрінісі болатын. Оның басы-қасында К.Бекназаров жүрді.

– Мен ешқашан сауал­дан қашқан емеспін. Жур­налистер хабарласып жатса, міндетті түрде телефонымды көтеремін. Қандай да бір мәселе болса, жауа­п дайындауға уақыт беруін сұраймын. Дайын жа­уа­п болмаған жағдайда, әрине. Журналистер де сөзімді жерге тастамай, жауап беруге мұрсат беретін. Оларға айтар алғысым шексіз, – дейді ол.

Кенжеболат Қоқышұлы мұн­дай бет-бедел, сый-құр­метке бірден қол жет­кізген жоқ. Қалаулы қызмет шыңына алымды ақыл-па­расаты мен ты­нымсыз еңбегінің арқасында кө­терілді. Жедел, жауапты қыз­меттің барлық сатысынан өтті.

– Қарапайым отбасында дүниеге келдім. Жеті ағайынды – екі әпкем, үш ағам, мен, бір інім болып ержеттік. Ар­найы органдарда қызмет ат­қарған еш жақынымыз жоқ. Әуелде ҰҚК-де жұмыс істеуді ойламаған едім. Мектепті аяқ­тағаннан кейін әскерге барып, Отан алдындағы боры­шымды өтедім. Содан кейін туған ауданыма келіп, қара­пайым жұмыстан бастадым. Кейін комсомол ұйымына қызметке тұрдым. Қоғамдық жұмыстарда аянбай тер төктік. Бір күні Целиноградтағы қа­зақ телеарнасының дикторы, журналист Ерсайын ағам хабарласты. «Кенжеболат, осы сен оқуың керек. Жоғары білім ал. Әйтпесе қатардағы жұмысшы болып өмірің өтер», деп ақылын айтты.

Содан білім алуға бел будым. Целиноград қаласына келіп, филология факультетіне оқуға түстім. Жоғары оқу орнында да уақытты бос өткіз­бедім. Оқудан тыс еңбек еттім, қоғамдық жұмысқа белсене араластым. Студенттік құ­рылыс жасағының командирі болдым. Мақтаулы командир ретінде халықаралық сту­­денттік лагерьге жолдама алып, Куба астанасы Гавана қа­ласына барып қайттым. Елге оралғанда маған мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің капитаны келіп, Куба сапары туралы, сонымен қатар болашаққа жоспарларым қандай екенін сұрастырды. Бәлкім сол кезде арнайы органдар мені кандидат ретінде қағаздарына түртіп қойған болуы керек», дейді кейіпкеріміз.

Оқудан кейін ол Макинск қаласына оралып, мектепте ұстаздық етті. Араға екі жыл салып аудандық партия комитетіне жұмысқа ша­қы­рылды. Қыркүйек айын­да Алматыға оқуға баруы керек еді. Сол кезде МҚК қызметкерлері келіп, Це­ли­ноград облысының МҚК бас­қарма бастығы, соғыс ар­дагері, генерал Жақия Сейіт­қазиевпен кездесу болатынын айтты. Басқарма басшысымен жан-жақты әңгімелесу барысында: «Сен әбден өмір сүрлеуінен өткен, дайын кадр екенсің. Әскери борышыңды да өтепсің, жұмыс тәжірибең бар, жоғары білімің де бар. Біз сені қызметке шақыруға дайынбыз. Тек сенің келісімің керек», деп тағдыршешті ше­шім қабылдауына ықпал етті. Сөйтіп, кейінгі бар саналы ғұмырын арнайы органдармен байланыстырды.

Алғашқы қызметін Шор­­­танды аудандық МҚК басқар­масында жедел уә­кіл болып бастады. Сол жерде Жолымбет ау­лында «Каззолото» комбинаты ор­наласқан. Ол кезде жоғары техникалық білімі бар адамдар қоғамның қаймағы саналатын. Олардың қызметі де жоғары бағаланатын. Жас жедел уәкіл болған Кенжеболат Қоқышұлы кәсіпорын адамдарымен байланыс ұстау үшін техникалық мамандыққа қатысты қолда бар еңбектерді оқи бастады. Кәсіпорынның алғашқы өндірісінен бас­тап, қазіргі тілмен айтқанда, жоғары менеджментіне дейін бүге-шігесіне жеткізіп зерттеді. Онымен тілдескен техникалық маман Свердловск тау-кен институтының түле­гімен де шатастырып алатындай жағдайға жетті. Дегенмен қызметінде барлығы тақтайдай тегіс болған жоқ. Тарихтың бұралаң жолдары да оны бір сынағаны бар.

– 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі бір-екі күнде аяқ­талды. Бізге желтоқсан қол­даушыларын «анықтау» жө­нінде тапсырма берілді. Екі оттың ортасындағы қысылтаяң кез. Сол кезде жастармен әңгімелесіп, олардың ішкі бұл­қыныстарын терең сезіндім. Олардың ешқайсысын сатпадым. Арым таза қалды. Жал­пы, менің жұмысым тек профилактикалық бағытта болды. Ешкім жауапқа тартылмады. Адал, таза, патриот болу – барлық адамзатқа ортақ дүние. Ал ұлтыңды сүю – жүректің ісі, – деп есіне алды қаламгер сардар.

Ел тәуелсіздік алған жылдары арнайы органдардың да жаңаша қалыптасу кезеңі басталды. Ұлттық қауіп­сіз­дік комитеті бұрынғы ре­прессиялық орган қалыбынан халықтың мүддесіне жұмыс істейтін құрылымға айналу үрдісіне бет бұрды. 1995 жылы әр мемлекеттік органда өзінің баспасөз қызметі болуы қажет деген Үкімет қаулысы шықты. Соған орай ведомствоға сөзге шешен, сауатты әрі ішкі сырды сыртқа шашпайтын өз адамы қажет болды. Ондай адамның жедел уәкілдік мектебінен өтуі де құба-құп еді. Сөйтіп, жоғары басшылықтың шешімімен сол кездің өзінде жеке құрамның құрметіне бөленген, қолынан қаламы түспейтін, жаны шығармашылыққа жақын зиялы офицер К.Бекназаров осы жауапты қызметке та­ғайын­далды. Сол кездегі ҰҚК төрағасы, генерал-полковник Сәт Тоқпақбаевтың қабылдауына шақырылып, бір күнде жаңа құрылған баспасөз қызметінің басшысы болып бекітілді. Ондаған жыл бойғы жемісті қызметтің нәтижесінде ҰҚК-де «Ақиқат» журналы жарық көрді. Сон­дай-ақ комитет қызметіне қатысты көптеген деректі фильм, арнайы сюжет, сериал, тарихи кітап басып шығарылды.

Бүгінде полковник Кенже­болат Бекназаров «ҚР ҰҚК органдарының ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төр­ағасы ретінде қалтқысыз қыз­­метін жалғастырып ке­леді. Өмірлерін арнаулы қыз­метке арнаған жандардың құқықтары мен әлеуметтік қорғалуы мәселелерімен жүйелі айналысады. Құрметті еңбек демалысында болса да, ұлттық қауіпсіздік органдарымен байланысты үзбей, жастарды патриотизм рухында тәр­биелеу жұмыстарына белсене атсалысып жүр. Үйінде асыл жар, өнегелі әке, сүйікті ата, қызметінде сенімді қарулас, адал дос. Қоғамдық жұ­мыс­тарға тынбай араласып жүріп, қаламын да қолдан тастаған емес.

Дарын СЕЙІТОВ,
журналист