Теңіз жағалауына жиналғандар Қазақстан мен Әзербайжан әскери кемелерінің теңіздегі сапын бақылай алды. Кеме палубаларында экипаждардың жеке құрамы салтанатты сап түзеді.
Ал амфитеатр алаңында жаттығуға қатысушы бес ел Қарулы күштерінің өзге де бөлімшелері тапсырманы орындауға сақадай сай тұр. Қазақстан, Әзербайжан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан және Өзбекстанның гимндері кезекпен орындалып, мемлекеттік тулары көтерілді. Қорғаныс министрлігі таратқан ресми мәлімдемеде көр- сетілгендей, оқу-жаттығу еліміздің Оймаша жоталары мен Тоқмақ маңындағы теңіз аймағында өтеді. Оқу-жаттығудың сценарийіне сәйкес әскери бөлімшелерге аймақта болады деп болжанған қарулы қақтығысты бақылауға алу жүктеледі.
4 000 әскери қызметкер мен 700 қару-жарақ пен әскери техника қолданылатын оқу-жаттығуда құрлық және әуе барлау топтары, армия және майдандық авиация бөлімшелері, теңіз күштерінің арнайы жасақтары, артиллерия және танк бөлімшелері жаттығу жүргізеді. Іс-шара аясында әскери спорттық жарыс, «Бағдар» тактикалық барлау және оқ ату жарыстарын өткізу жоспарланған.
Қорғаныс министрлігі басшылығының атынан қатысушыларды еліміздің Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары, Қарулы күштері Бас штабының бастығы, генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов құттықтап, «Бірлестік-2024» оқу-жаттығуы жауынгерлердің бойындағы рухты оятып, айбындарын асқақтатудың тағы бір мүмкіндігі екенін атап өтті. Сондай-ақ түбі бір туыс халықтар арасындағы достықтың жалауын желбіретеріне сенім білдірді. Елдеріміз арасындағы бір-біріне деген сенімге негізделген тығыз әрі достық қарым-қатынастарға осындай бірлескен іс-шаралардың берері мол екенін айта келіп:
– Орталық Азия өңірінің төрт елі мен Әзербайжан Республикасы қарулы күштерінің әскери контингенттерін тарта отырып, мұндай оқу-жаттығу өткізу форматы алғаш рет қолданылып отыр. Бұл мемлекеттеріміздің тату көршілік қатынастарды одан әрі кеңейтуге және нығайтуға, оның ішінде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету деген ұмтылысын айғақтайды, – деді.
Сонымен бірге генерал-лейтенант С.Камалетдинов оқу-жаттығу әскерлердің әскери басқару органдарының үйлесімділік деңгейін арттыратынын, заңсыз қарулы құралымдарды жоюға арналған оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау кезінде қарулы күресті жүргізу тәсілдерін сынақтан өткізуге мүмкіндік беретініне тоқталып:
– Сіздерге оқу-жаттығуда табысқа жету үшін барынша тиімді өзара іс-қимыл тілеймін. Осындай іс-шараларда қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ортақ күш-жігерде пайдалы болатын құнды тәжірибе мен білім ала аласыздар, – деп сөзін түйіндеді.
Оқу-жаттығуға қатысушы елдер әскери қызметшілерінің салтанатты шеруімен және Қазақстанның Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының шығармашылық ұжымы дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалаумен аяқталды.