Есағаңды зиялы ғылыми орта танымал ғалым, білікті маман, мықты ұйымдастырушы ретінде жақсы біледі. Оның нақты айнымалы функциялар мен функционалдық анализдің, гармоникалық анализдің әр саласындағы іргелі ғылыми оқулықтары, мақалалары – отандық математика ғылымының дамуына қосылған қомақты үлес деп білеміз.
XX ғасырдың 60-жылдарынан бастап, математика ғылымында нақты айнымалы функциялар теориясы және дифференциалдық теңдеулер мен математикалық физиканың теңдеулер теориясы жарасымды жалғасын тапты. Бұл тақырыпқа, ең алдымен, осы салада тыңнан түрен салған О.Жәутіков, К.Персидский, Е.Ким, Т.Аманов, Қасымов. Қ.Наурызбаев, Ө.Сұлтанғазин, Н.Блиев секілді аға буыннан бастап, одан кейінгі М.Өтелбаев, Т.Калменов, А.Жеңсікбаев, Р.Ойнаров және тағы басқа да ғалымдар ат ізін салып, толымды еңбектер жазды. Алайда Қарағанды мемлекеттік университетіндегі нақты айнымалы функциялар мен функционалдық анализ бағыттарының дамуы, ең алдымен, Е.Смайыловтың есімімен байланысты.
Айтулы ғалым 1963 жылы Семей облысының Ақсуат ауданының Қызыл кесік аулындағы орта мектепті күміс медальмен бітіргеннен кейін сол жылы Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің математика факультетіне оқуға түсті. Оны тәмамдағаннан кейін Математика және механика институтының аспирантурасында білімін жалғастырып, 1973 жылы осы институтта математикалық анализ мамандығы негізінде әртүрлі базисте құрылған функциялық кеңістіктерді жуықтау мәселелерін қарастырып, кандидаттық диссертациясын қорғады. Оппоненттері – белгілі ғалымдар О.Бесов және Ю.Никольский. Ғылыми жетекшісі – белгілі ұстаз-ғалым Қ.Наурызбаев.
Есағаңның 1972 жылдан бастап, өмірінің соңына дейінгі кезең – Қарағанды мемлекеттік университетінің математика факультетінің дамуымен тығыз байланысты. Ол бұл оқу орнында математикалық анализ кафедрасының меңгерушісі, математика факультетінің деканы қызметін атқарып, математика факультетінің қалыптасуына зор үлес қосты. Орталық Қазақстанда математика ғылымы мектебінің негізін қалады. 1997 жылы «Фурье мультипликаторлары, енгізу теоремалары және оған сыбайлас сұрақтар» тақырыбында Алматыдағы Математика және механика институтында докторлық диссертациясын қорғады. Бұл ғылыми еңбегіне Мәскеудің, Новосібірдің аузы дуалы ғалымдары жоғары баға берді.
Елімізде екінші университет ретінде ашылған Қарағанды университетіне жан-жақтан талапкерлер жиналып, жаңа мамандар шақырылып, аталған оқу орнының даму кезеңі басталды. Сол жылдары кандидаттық диссертациясын енді қорғап келген жас математик мамандар Е.Смайылов, Т.Мұстафин, Н.Әлмұханбетов осында түрлі ғылыми семинарлар ұйымдастырып, студенттерді ғылымға баулыды. Сол кездегі студенттер, қазіргі кезде ғылым саласында үлкен жетістіктерімен көрініп жүрген ғылым докторлары – Г.Ақышев, Н.Боқаев, Е.Нұрсұлтанов, Қ.Бекмағанбетов, А.Ешкеев, Ж.Түсіпов, К.Ысқақов қазіргі күні Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жұмыс істейді. Бүгінде осы мектептен түлеп ұшқан оның көптеген шәкірті әртүрлі жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелерде табысты еңбек етіп жүр.
Е.Смайылов 1999–2005 жылдары Қарағанды мемлекеттік университетінде құрылған математикалық анализ мамандығы бойынша диссертациялық кеңес төрағалығын атқарды. Осы ғылыми кеңес аясында 20-ға жуық жас ізденушілер кандидаттық диссертацияларын қорғап, ғылым жолына бет бұрды. Жалпы, Есекең жас ғалымдарға барынша қамқор болды. Сондай-ақ оның мұрындық болуымен Қарағанды мемлекеттік университетінде және басқа да жоғары оқу орындарында бірнеше ғылыми конференция өтті. Әсіресе көрнекті ғалымдар Т.Аманов пен Қ.Наурызбаевқа арналған ғылыми жиындар ел есінде қаларлықтай дәрежеде болды.
Мысалы, 2004 жылы Шәкәрім атындағы Семей университетінде Т.Амановтың 80 жылдығына арналған конференцияға отандық ғалымдармен бірге Ресейдің атақты академиктері С.Никольский мен О.Бесовтің қатысқаны – жиын беделін көтерді. Есағаң 2004–2019 жылдары аралығында еліміздің сол кездегі Білім және ғылым министрлігіне қарасты Қарағандыдағы қолданбалы математика институтының директоры болды. Білім, ғылым саласындағы жетістіктері үшін «Құрмет» орденімен, ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі төсбелгісімен марапатталды.
Есағаң еңбек сіңірген Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті қазіргі уақытта елеулі жетістіктерге жетіп отыр. Биыл зерттеу университеті мәртебесін иеленді. Математика факультетінің іргетасын Т.Мұстафин, Т.Сматов, А.Игіліков, М.Перевертун, Н.Әлмұханбетов сияқты ғалымдармен бірге қаласқан ұстаз-ғалым Е.Смайыловтың мұрасы математика мамандығы бойынша диссертациялық кеңес жұмысында, университететтің ғылыми журналының математика сериясында жалғасын табады деп сенеміз.
Есағаңның бір ерекше қасиеті – халқымыздың тарихы мен әдебиетін жетік білетін. Әсіресе халық әндері мен Абайдың әндерін нақышына келтіріп шырқайтын. Әрине, әр адамның өзіне тән ерекше мінезі болады. Ол турашыл, бірбеткей, көңілінен шыққан адамға көлдей сенгіштігі де бар еді.
Есмұханбет Сайдахметұлы зайыбы Әлия Дабысқызымен бірге үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Олардың бәрі де – бүгінде өз саласының беделді мамандары. Руханият жанашыры болған Есағаңның ғылыми болмысы, адами тұлғасы, елшілдігі әрқашан есімізде тұрады.
Нұржан Боқаев,
Ерлан Нұрсұлтанов,
Рысқұл Ойнаров,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессорлары