Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Республикамыздағы демографиялық жағдайды жақсарту үшін, ең алдымен, халықтың табиғи өсімін арттыру шараларын қолдану қажет. Сондай-ақ шетелдегі қандастардың атажұртқа бет бұрған ұлы көшін барынша жандандырған жөн. Әрине, осы екі бағытта да елеулі істер тындырылып, едәуір нәтижеге қол жеткізілгенін жоққа шығаруға болмайды. Ендігі мәселе – қол жеткенге тоқмейілсімей, қарқынды үдете түсу қажеттігінде.
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, осы жылдың басында халқымыздың саны 20 033 842 адам болды. Бұл бұрнағы жылмен салыстырғанда 267 035 адамға көп, соның ішінде халықтың табиғи өсімі – 257 742 адам, көші-қонның оң сальдосы – 9 293 адам.
Жұмыс күші артық өңірлердің тұрғындарын жұмыс күші тапшы өңірлерге ерікті қоныс аудару бағдарламасына енгізілген 6 облыстың барлығында былтыр табиғи өсім болды. Нақты айтсақ, Түркістан облысында қайтыс болған кісілер санынан дүниеге келген сәбилер саны – 45 705 адамға, Алматы облысында – 24 277 адамға, Жамбыл облысында – 18 629 адамға, Маңғыстау облысында – 17 507 адамға, Қызылорда облысында – 15 459 адамға, Жетісу облысында 8 360 адамға артық екен. Ал осы жөніндегі көрсеткіш қоныс аударушыларды қабылдайтын Қарағанды облысында – 5 629 адам, Абай облысында – 4 532 адам, Ақмола облысында – 4 019 адам, Павлодар облысында – 2 906 адам, Ұлытау облысында – 2 534 адам, Қостанай облысында – 1 303 адам, Шығыс Қазақстан облысында 679 адам болды. Тек Солтүстік Қазақстан облысында өмірден өткен жандар санынан дүниеге келген сәбилер саны 359 адамға кем түсті. Сонымен қатар Қарағанды мен Ұлытау облыстарынан басқа қоныс аударушыларды қабылдаушы өңірлерде көшіп келушілерден көшіп кетушілер саны көп болғандықтан, тұрғындардың жалпы санының кейінгі жылдардағы азаю үрдісі одан әрі жалғасты.
Осы орайда Ресейде 2007 жылдан бастап енгізілген «Ана капиталы» мемлекеттік бағдарламасы сияқты әлеуметтік жобаны біздің елде де әзірлеп, іске асыруды ұсынып жүрген азаматтар мен қоғам қайраткерлері бар. Мәселен, биылғы 6 наурызда Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров осы мәселе бойынша Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдады.
«Елімізде бала туғаннан кейін берілетін жәрдемақы бар. Оның мөлшері 1-3 балаға – 140 мың теңге, төрт және одан көп балаға – 232 мың теңге. Ал Ресейдің ана капиталының сомасы бірінші балаға – 639 мың рубль (3 млн 195 мың теңгеге тең), екінші балаға – 883 мың рубль (7 млн теңгеге тең). Біздің жәрдемақымен салыстыруға келе ме? Әрине, жоқ. Қазақстанға да лайықты, әділетті ана капиталын жасақтайтын уақыт жетті», деді мәжілісмен.
Депутаттық сауалға ресми жауап берген вице-премьер Ресейдің тәжірибесі бойынша елімізде ана капиталын енгізу мәселесі бірнеше рет зерделеніп, талқыланғанын айта келіп: «Ресейде ана капиталы төлемі сертификат түрінде рәсімделеді, оны бала үш жасқа толғаннан кейін ғана белгілі бір мақсаттарға жұмсай алады (тұрғын үй сатып алуға, білім алуға жұмсауға). Ал біздің елімізде қарастырылған жәрдемақының Ресейдегі жүйеден айырмашылығы – ол ай сайын төленеді және оны пайдалануға шектеу жоқ. Мысалы, 2024 жылы 4 баласы бар отбасына ай сайын 59 183 теңге төленіп келеді, орта есеппен 18 жылда (кәмелеттік жасқа толғанға дейін) оның жалпы сомасы кем дегенде 12,8 млн теңге болады. Бұл көрші елдің төлемақысынан бірнеше есеге артық, әлдеқайда тиімді және жәрдемақы төлемдерінің уақтылы әрі тұрақты төленетініне кепілдік берілген. Аталған жәрдемақы төлемдерін отбасының жинақтауға мүмкіндігі бар және белгілі бір мақсаттарға ғана емес, қажеттілігі бойынша жұмсауға болады. Бұған қоса «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында балалар капиталын қалыптастыру үшін арнаулы заң қабылданды. Онда Ұлттық қордың инвестициялық табысының бір бөлігін балалардың есепшотына аударып, оны білім алу және тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін жұмсауға мүмкіндік беру көзделген. Мемлекет тарапынан осы бағыттағы жүйелі жұмыс жалғаса береді және ұдайы жетілдіріліп отырады», деген уәж айтты.
Шынтуайтында, Ресейде «Ана капиталы» мемлекеттік бағдарламасы 17 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатса да, ол солтүстіктегі көршіміздің демографиялық жағдайын түбегейлі жақсартты деп айту қиын. Мысалы, Росстаттың – Мемлекеттік статистиканың федералдық қызметінің мәліметіне қарағанда, былтыр Ресей халқының саны 296,6 мың адамға азайып, осы жылдың басында 146 150 789 адам болған. Росстаттың болжамына қарағанда, Ресейде бала туудың азаюына байланысты халық саны 2030 жылға қарай 143,2 млн адамға дейін төмендеуі мүмкін.
Бала туған аналарға біржолғы қосымша көтермеақы төлеу демографияның түйінді мәселесін шешпейтінін Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесінен де байқауға болады. Бұдан 20 жылдай бұрын облыстық әкімдіктің бастамасымен Қызылжар өңірінің демографиялық жағдайын жақсарту мақсатында «Жаңа туған сәбиге – 30 мың теңге» әлеуметтік бағдарламасы қабылданып, оған жергілікті бюджет есебінен жылына шамамен 250 млн теңге жұмсалды. Бұл жәрдемақы мөлшері сол кезде республикалық бюджеттен бөлінген жәрдемақыдан екі еседей көп еді. Алайда аталған бағдарламадан ойдағыдай нәтиже шықпаған соң одан бас тартуға тура келді. Одан кейін өңірде бала тууды көбейту мақсатында «Ұрпақ қоры» әлеуметтік бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарлама бойынша төртінші және одан кейінгі балалардың өмірге келуіне байланысты отбасыдағы әр бала үшін 160 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әлеуметтік төлем төлеу және бала кәмелеттік жасқа толғанға дейін депозитке ақшалай қаржы аудару қарастырылған еді. Алайда «Ұрпақ қорының» ғұмыры екі жылға жетпей облыстық бюджетте қаржы жетіспеуіне байланысты абыройсыздау тоқтатылып тынды. Абыройсыздау дейтініміз – «Ұрпақ қорына» үміт артып, 2012 жылдың екінші жартысында төртінші және одан кейінгі баласын дүниеге әкелген бірсыпыра ана аталған бағдарламаға енгізілмей қалып, орынды өкпе-реніштерін білдірген. Өкінішке қарай, «Ұрпақ қоры» бойынша көпбалалы отбасылардағы 3 070 сәбиге облыстық бюджеттен бөлінген қыруар қаражат екінші деңгейдегі банктің жергілікті филиалында ашылған арнаулы депозиттерге салынғанымен, теңгенің 2015 жылғы девальвациясына ұшырап, құнсызданып қалды. Ал аталған әлеуметтік бағдарламалардың өңірдегі демографиялық жағдайды жақсартуға тигізген ықпалы шамалы десек, қателеспейміз. Себебі халқының табиғи өсімі жоқ, әрі көші-қон сальдосы теріс облыс тұрғындарының саны жылдан-жылға азайып барады. Мұның басты себебі тәуелсіздік жылдарында Қызылжар өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына жете көңіл бөлінбей, көптеген ауылдың тоз-тозы шығып, тұрғындары басқа жаққа үдере көшіп кетіп жатқандығында болса керек. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» демекші, Үкімет демографиялық ахуалы алаңдатып отырған теріскей өңірлерді теңгерімді дамыту және оларға оңтүстік өңірлердің тұрғындары мен қандастарды көбірек қоныстандыру мәселелеріне жете назар аударса игі.
Жалпы, елімізде әлі күнге демографиялық саясат туралы арнайы заң да, тұжырымдама да жоқ. Осыған орай Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарын әзірлеп, онда елдің демографиялық саясаты мәселелерін де қамтымақшы көрінеді. Бұл ретте бір ескерерлік жайт бар. Белгілі демограф Мақаш Тәтімов отбасыда жалғыз-ақ бала болуы кез келген ұлттың түбінде құруына әкеледі, екі бала ұлттың сақталуын қамтамасыз етеді, ал үшінші бала ұлттың өсуіне кепілдік береді деген еді. Марқұм ғалымның бұл пікірі халқымызға айтып кеткен өсиеті іспетті. Ал қазіргі кезде жас отбасылардың көбі тұрмыстың қиындығын сылтау етіп, бір-екі бала туумен шектеліп жүр. Сондықтан да «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекстегі «көпбалалы отбасы – құрамында бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған баласы бар отбасы» деген анықтаманы қайта қарап, үш балалы отбасыны да көпбалалы отбасыға жатқызу қажет сияқты. Мұның өзі елімізде кемінде үш балалы отбасылар санын көбейтуге һәм ұлтымыздың өсімін қамтамасыз етуге ықпалын тигізуі мүмкін.