Төрегелдіні сол сексенінші жылдардың басынан бермен қарата білемін. Өзі құралыптас өрім жастардың арасында ең алдымен ақжармалығымен, сосын ойлылығымен ұнағаны есімде. Қадалып көп оқиды екен. Кейбір құрдастары секілді көкезуленіп көп сөйлемейді, өтірік көлгірсімейді, өтірік білгішсінбейді, ең бастысы, өсек айтып, біреуді сыртынан жамандамайды. Айтса, ашығын айтады. Ол кезде «Оңтүстік Қазақстан» газетінің мәдениет, әдебиет және өнер бөлімінің титімдей ғана бөлмесіндегі көнетоз, қызғылтым креслоға келіп отыратындар аз емес-ті. Келгендермен оңтүстікше сәлемдесудің өзіне жөндеп уақыт таба алмай, жөпшенді ықылас бөле алмай, алдымыздағы қағазға шүйілген күйімізден танбайтынбыз. Облыстық газет ол кездері аптасына бес рет шығатын. Күйіп-жанып бара жатқан тапсырмалар таусылмас. Өзгелерді былай қойғанда, тіпті Тәкен ағамыз очеркін бергелі келе қалғанда да әңгімелесуге уақытымыз болмай, ол кісі де көнетоз, қызғылтым креслода ұзағырақ отырып қалатын. «Отыра берем, – дейтін еді Тәкен аға, жөткірініп қойып. – Менде уақыт баршылық. Қара мақаланың бетін бір қайырып тастаңдар, сосын сөйлесейік». Осыны айтқан ол кісі ойланған күйі Созақтың ұзақ сонарларына түсіп кеткендей, кейде қалғып та алатын еді.
Төрегелді де сол Тәкен көкеміз отырған креслоға жайғасып, бізге көз тастайды ғой баяғы. Алдындағы сөмкесін біресе жерге түсіреді, біресе біздің үстелдің жиегіне қояды. Өзінше онша назар аударыңқырамай, нөмірге шұғыл кететін мақаланы қиқалай кесіп жатқан бізге қаншама түсінушілікпен қарағысы келгенімен, шыдамның шегі таусылып: «Қашан келейін, Мақа?» – дейді реңі сәл бозғылданып. «Тоқтай тұр, қазір», дейміз біз сол қағаздан көз алмаған күйімізде. Сабырлы, байыпты көрінетін Байтасов атты «балаңыздың», сөйтіп, сабыры таусыла тағатсызданып, түрегеле бергенінде: «Бірдеңең бар ма еді бізге беретін?» – деуге әрең әліміз жетер. Шоқан Уәлихановтың суретшілігі туралы немесе ол кезде талайлардың батылдары бара бермейтін, білім-білігі бойлай қоймайтын этномәдени тақырыптағы «бірдеңесін» ұсынады. Оқып шығып, орныңнан тұрасың. Реңі сәл бозғылт тартқанымен, екі бетінің ұшында қызғылт арай шырайланып, жанарларында ұяңдық ұялаған балаң жігітке ризалықпен таңырқай қарап, қолын қысасың. Қызара ыңғайсызданып, ыржияды. Төрегелді Байтасов дейтін «бала» жымия күліп, жылы қоштасып шығып кетер. Әлгі дүниесін алып-ұшып, тезірек газетке салдырып жібермек болып, жоғарыға көтерілесің. «Мына бір дүние керемет екен, газеттің көркін кіргізіп, мазмұнын тереңдетеді, тезірек салып жіберейік», – дейсің. Ондағылар: «Осы сендер жерден жеті қоян тапқандай, газетке кеше кешкісін келгендей сөйлейсіңдер. Алдымен редактор оқиды, сосын біз қараймыз, реті, кезегі келсе, шығуы мүмкін. Шықпауы да ғажап емес», – деп, қобырап жататын көп қағаздардың қатарына тастай салады. «Қатардағы материал емес еді бұл. Басқаша байлық еді. Сондықтан айтып жатқанымыз ғой», – деп лажсыздан шығып кетесің. Алып-ұшып апарған материалымыз партия тұрмысына, ауыл, мал шаруашылығына, мақта теріміне, комсомол және кәсіподақ тұрмысына, атеистік тақырыпқа жоламайтындықтан, біраз апта жатып қалады. Әр күні таңертең тапсырыс бересің. Жазып алады. Макет жасалып жатқанда Әлмақанға бір, Қайымға екі айтасың. Тыңдап алады. Алайда, алтылар шамасында өтетін кешкі басқосуда әлгі этномәдени мақала тағы да салынбай қалады. Ақырында, арада айлар өткенде шығады-ау... Бірақ, бұл шақта автордың да, бөлімнің де көңіл-күйі бәсеңдеп, мақаланың да мәні кетіңкіреп, оқырманның да қызығушылығы әлсіреп қалғандай сезілетін. Байтасовтың бір көркем әңгімесі де солай болды. Кейінірек Төрегелді «Оңтүстік Қазақстанға» жұмысқа алынды. Редакциядағы ең қарапайым, қатардағы қызметке келді. Соның өзіне қатты қуандық. Сіреспе сеңдерді сәл де болса қозғауға септігі тиетінін сезініп, іштей мәзбіз. Аз уақыттың ішінде көзге түсіп, газеттің бір пұшпағына сәулесін түсіріп үлгерді. Өзінің үнін танытып, жаңа да тосын тыныс ашып, оқырман қауымды елең еткізді. Университеттегі бес жылды бекер-босқа өткізбегенін, оған дейін де туған төрінде, өскен жерінде ойы мен бойына қаншама қазынаны сіңіргенін дәлелдей бастады. Кейбіреулер жас жігіттің оза шауып, өрге жүзгенін көре алмай, күндейтін халге жетті. Әттең, денсаулығы сыр беріп, біраз уақыт жұмыстан шеттеңкіреді. Талай азаптар мен қиындықтарды бастан өткерді. Бірақ, басын төмен тұқыртып, майысып, мойыған кездерін көрмеппін. Төрегелдінің қаламгерлік қадамдарын қадағалап, жазғандарын қалт жібермей қарап, тұшына оқып жүретіндердің бірімін. «Оңтүстік Қазақстанда» қызмет істегенімізге он жыл, он ай уақыт өткенде обкомға шақырылып, онша құлқымыз соқпай жүргенде де: «Осы бір орында он жыл отыру аз емес қой, кейбіреулер отыз жыл өтсе де міз бақпайды-ау... Төрегелді, Төрехан секілді талантты жастар өсіп келеді, жол босатқан да жөн шығар», – деп ойланғаным, базбір әріптестеріме осылай айтқаным да есімде. ...Көп айтып не керек, Төрегелдіні таныдым дегенім бергі жағы екен. Оның кім екендігін бертініректе, «Жібек жолы» журналында білдік қой. Асырып айтқандық емес, қазақ баспасөзінің тарихында «Жібек жолы» журналы жарқын бір бет болып қалды. Ал сол «Жібек жолының» жұлдызын жарқыратқан азамат кім десек, ол – Төрегелді. Мейлі, бес жылдай үзбей шығып, үш жылдай тиіп-қашып жарық көрген журнал болса-дағы, бұл басылым қазақтың ой-санасында өзіне тән ізгілік ізін, нұрлы сәуле қалдырды. Төрегелді «Жібек жолы» баспа фирмасын да ұйымдастырып, неше алуан тақырыпта, парасат бағдарламасынан танбастан, жүздеген кітаптар шығарды. Бірақ, мен оның ең басты еңбегі «Жібек жолы» журналы деп білемін. Төрегелдінің журналист-жазушы, қаламгер-қайраткер, баспагер, азамат ретіндегі болмыс-бітімі, деңгейі-дәрежесі, білім-білігі, қайрат-қажыры, бар-баршасы «Жібек жолы» журналы арқылы көрінді. Ашылды. Танылды. Биіктеді. Тереңдеді. Мағлұмдалды. Мойындалды. «Жібек жолы» журналы, аты-жөні айтып тұрғандай-ақ, нағыз, шын мәніндегі қоғамдық, әдеби-көркем, ғылыми-танымдық журнал бола білді. Әлеуметтің сусап отырған мәселелерін мән-мәністі мәнермен қозғай білді. Тарих пен мәдениет, тіл мен діл, әдебиет пен өнер, салт пен дәстүр, ақиқат пен адалдық, дін мен иман, тағы басқалары төңірегінде өзгелерге еліктеп-солықтамай, мүлде ұқсамай, өзінше ғана тебіреніп-толғана білді. Әрине, журналдың әрбір нөмірі турасында талай-талай сыр толғап, әңгіме айтуға болады. Бірақ оған мүмкіндік те, уақыт та, басқа жағдаяттар да жете бермес. «Жібек жолы» журналының әр нөмірі – руханият әлемінің жауһар жапырағындай бір-бір кітап. Ол және анау-мынау кітап емес-дүр. Бұған бір ғана дәлел ретінде бірқатар айдарларды айтсақ та жетіп-артылар: «Өркениет өзегі», «Толған ел тарихын таспен жазар», «Атадан мирас – тарихым», «Әкімдер қандай болу керек», «Жүректен қозғайын», «Тіл мен діл», «Адал ұл ер боп туса – ел тірегі», «Алла деген ар болмас, Құдай деген қор болмас», «Әзіреті Қаратау әулиенің кені еді», «Тұранның ерлеріне ер жеткен бе?», «Ту тігілген жерлерім», «Еріксіз Ер Түрікті ойға аларсың», «Біз қазақ, ежелден еркіндік аңсаған»... Міне, осынау айдарлардың айналасында аз-кем ғана аялдап, сәл-пәл ойланыңқырағанның өзінде көп нәрсеге көз жеткізуге болар. Ал енді осы айдарлардың аясында қаншама материалдар жарық көріп, халқымыздың рухын көтерді, ұлтымыздың намысын оятты. Әу баста «Қазақ тілі» қоғамы облыстық басқармасының тұңғыш төрағасы, көрнекті ғалым, профессор Керімбек Сыздықов, Қазақстан Жазушылар одағы облысаралық бөлімшесінен – біз, сол «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымы төрағасының орынбасарлары Төрегелді Байтасов, Ханбибі Есенқараева, тағы басқалар болып «Ақ ниет» деген атпен журнал шығару жөнінде бастама көтергенбіз. Бұл іске күйіп-жанып, құлшынып кірісіп кеткен Төрегелді болды. Қаржы-қаражатсыз, қағазсыз, тақыр жерде республикадағы тұңғыш тәуелсіз журнал ұйымдастыруға нағыз көзсіз ерлік керек-ті. Облыс аумағында «Жібек жолындай» журнал шығаруға қол арту, оны талғамға жауап берерліктей, таңдайға татитындай ету, әр нөмірінде әр айдарға сәйкес материалдар әзірлеу, баспаханадағы бейнет, азапты мехнат артта қалған соң мойынға сөмке салып, сатумен және таратумен айналысу – тек ерлікті ғана талап ететін іс. Осының бәріне Төрегелді байыптылығымен басшылық жасады, жүрегімен жол салды, бар ауыртпалыққа арқасын тосты. «Жібек жолы» журналы алғашқыда Оңтүстік Қазақстан облысына тарады. Әлеумет ә дегеннен-ақ ұнатып, тез қабылдады. Көп кешікпей, сол Төрегелдінің табандылығы арқасында Жамбыл және Қызылорда өңірлеріне тасып жеткізілді. Тағы біраз уақыт өткенде «Жібек жолы» журналын Алматы, Семей, Ақмола сұратып алдыра бастады. Қытай жағына, Түркияға, Моңғолияға, басқа да бірқатар шет жұрттарға алып кететіндер көбейді. Германиядағы қазақтар сұрау салды. Төрегелдімен бірге журналдың ыстық-суығына көнген, жан аямай жүгірген, күндіз-түні тыным таппаған тағы бір бейнетқорымыз – жазушы әрі журналист Шойбек Орынбаев еді. Байтасов бас редактор, Орынбаев оның орынбасары әрі жауапты хатшы болды. Сол кезде Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент облысаралық бөлімшесі жоғарғы жақ тарапынан ресми түрде жабылды да, «өз күніңді өзің көр» ахуалына тап болдық. Жамбыл, Шымкент, Қызылорда облыстары қаламгерлерінің басқосуларын ұйымдастырып, жаңа шығармаларды талапшылдықпен талқылап, әдеби жыл қорытындыларын өткізіп, күн құрғатпай Алматыдан ат ізін салатын ақын-жазушыларды көршілес үш облыстың өміріне етене араластырып, оқырмандармен қауыштырып, тыным таппайтын бөлімшенің басына қауіп төнді. Қазақстанның барлық жерінде дерлік бөлімшелер жабылды. Олар бұрыннан-ақ қожырап, қауқарсыздана бастаған-ды. Алматыдағылардың мойындауынша, бөлімше тек Шымкентте ғана жұмыс істеп тұрған. Астанамыздан: «Жабылыңдар, шаруаларың тәмам, қамдарыңды қарастырып, аштан өлмеуді ойлаңдар», – деген ресми хат жетті. Бұрын да ашқұрсақтау жүретін бөлімше тап осы күндерде «Жібек жолы» журналымен бірігіп, қаламгерлердің қарапайым шаңырағын қалайда аман сақтап қалмаққа қам жасады. Айлықсыз жұмыс істеуді алғашқылардың бірі болып бастадық. Ол кезде және қазіргідей демеушілер, жебеушілер, тағысын-тағысы емге таптырмайтын. Бәрібір «Жібек жолы» журналы мен Жазушылар одағы бөлімшесінің бір ұжымға бірігіп, ынтымақтаса, жарыса әрі жараса жұмыс жүргізген жылдары керемет кездер екен ғой. Сол бір айлар мен күндерді, үлгі-өнегесі мол үш жылды сағына еске алатынымыз рас. «Жібек жолы» журналын кітапханалардан, әлде кітап палатасынан, әлде кітапқұмарлардан тауып алып, парақтап көрсеңіз, бәріне де көз жеткізесіз. Әттең, Төрегелдіде тиісті жағдай болмады, денсаулық шіркін жиі-жиі сыр беріп қала берді. «Жібек жолы» журналын әлі күнге дейін іздейтіндер аз емес. Өзіміздің Оңтүстікте, Алматы мен Астанада, Қостанай мен Қызылордада, Атырау мен Семейде де, Таразда да...
Мархабат БАЙҒҰТ, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты.