Биылғы жылы Үкімет әзірлеген үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы мен елімізді индустрияландыру картасына облыстан 11 жоба еніп отыр. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының мәліметтерінше, елімізді өркендетуге бастайтын серпінді жобалардың қатарындағы олардың барлығы да 2014 жылы іске қосылады.
Бұлардың алды болып Екібастұздағы “Энергия-Капитал-1” ЖШС іске қосылады. Жаңа кәсіпорын тәулігіне 30 тонна нан-тоқаш өнімдерін пісіре алады. Бұл инвестициялық жобаны қаржыландыруға 1 млрд. 113 миллион теңге жұмсалды. Өңірдегі және кеншілер қаласындағы азық-түлік белдеуін қалыптастыруда іске қосылатын кәсіпорынның маңызы зор. Осы жерде 160 адам еңбек ететін жаңа жұмыс орындары ашылады.
Екінші бір жақсы жаңалық – “Қазақстан электролиз” зауыты АҚ-тың екінші кезегі іске қосылады. Яғни, отандық алюминий өндірісінің жылдық көлемі 250 мың тоннаға жетеді деген сөз. Қуаты жылына 30 000 тонна хлор және каустикалық соданы мембрандық әдіспен шығаратын “Каустик” зауытының, Бозшакөл кен байыту комбинатының құрылыстарын салу қолға алынуда. Сонымен қатар, облыс орталығындағы фармацевтикалық зауытты қайта жаңарту жобалары жүзеге аспақшы.
Ал бұдан басқа да облыста өңірлік индустрияландыру картасы жасалды. Бұған жалпы құны 138,3 млрд. теңге тұратын 32 жоба қатысатын болады. Осы күндері бұл жобаларды орта жолда қалдырмай іске асыратын қаржыландыру көздерін айқындайтын жұмыстар жүргізілуде.
Фарида БЫҚАЙ.
ПАВЛОДАР.