Бұл интерактивті карта инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысында live-режімінде мониторинг жасауға, бақылап отыруға, сондай-ақ оның ішкі мазмұны мен даму сатыларын нақты түсінуге мүмкіндік береді.
«Интерактивті картаның көмегімен енді әр инвестициялық жобаның қалай кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқанын көруге болады. Егер қажет болып жатса, түрлі деңгейдегі мемлекеттік органдар өкілдері де картамен танысып, ондағы түйткілді тұстарды анықтап, олардың шешу жолдарын көрсетіп бере алады», деді Тимур Нақыпбеков.
Өз кезегінде қала әкімінің орынбасары А.Кәрімов Шымкент кәсіпкерлік сала үшін өте қолайлы шаһар екенін айтып, осының өзі инвесторларды тартуға сеп болатынын атап өтті.
«Инвесторларды шақырып қана қоймай, жобалардың сәтті жүзеге асып кетуіне қолдау көрсету мен сүйемелдеуді мақсат тұтып отырмыз. Мынау инвестициялық жобалардың картасы – соның бір дәлелі. Әлеуеті күшті жобалар кәсіпкерлермен қатар жергілікті атқарушы органдар үшін де бірдей маңызды. Құдайға шүкір, мегаполисте инвестициялық жобалар саны күн сайын артып келеді. Сондықтан оларға дер кезінде қолдау көрсетуді аса маңызды шаруа деп білеміз», деді әкімнің орынбасары.
Жиын барысында бизнес өкілдері интерактивті картаға алдағы уақытта елде жүзеге асырылып жатқан ірі жобаларды да енгізуге болатынын атап өтті.
Сондай-ақ Шымкент қаласы прокурорының орынбасары Ж.Нұрғалиұлы сұхбатында инвестициялық жобаларды сүйемелдеу басым бағыттардың бірі екеніне тоқталды.
«Аталған жаңа жоба – кәсіпкерлікті қолдаудың бір тетігі. Осы орайда картада көрсетілген мәліметтер прокуратураның бизнесті қорғаудағы қызметіне оң әсерін тигізеді деп сенеміз. Ендігі ұсынысымыз – әрбір инвестор мен кәсіпкер интерактивті картаға мәліметтерді сапалы түрде әрі дер кезінде енгізсе екен, сонда жұмыс та қолайлы атқарылады деген ойдамыз», деді ол.
Айта кету керек, бүгінгі таңда инвестициялық жобалардың жалпыұлттық бірегей пулының тізіміне Шымкент қаласынан жалпы сомасы 443 млрд 56 млн теңгені құрайтын 59 жоба енген.
Сонымен қатар ресми іс-шарада «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, жергілікті атқарушы билік пен прокуратура арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Тараптар бұл үшжақты келісімнің мақсаты инвестициялық карта аясында кәсіпкерлерге қолдау көрсетумен бірге оның белсенді түрде қолданысқа енуін қамтамасыз етуді көздейтіндерін айтады.