Білім • 16 Шілде, 2024

Біздің оқушылардың жеңісі

111 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Астанада биологиядан оқушылар арасындағы ең беделді халықаралық олимпиада – IBO-2024 өз мәресіне жетті. Алғаш рет IBO осыдан 34 жыл бұрын 6 елдің қатысуымен өткен еді. Биыл Қазақстанда өткен білім бәсекесіне 81 елден 305 оқушы мен 275 ғалым қатысып, олар өзара 150-ге жуық марапатты сарапқа салды. Олимпиаданың жабылу салтанатына Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, елшіліктер мен жоғары оқу орындарының, ғылыми институттардың өкілдері, сондай-ақ IBO халықаралық комитетінің төрағасы Ленка Либусова қатысты.

Біздің оқушылардың жеңісі

Қазір әлемде халықаралық дең­гейдегі беделді 7 олимпиада бар. Олар математика, физика, химия, информатика, геогра­фия, лингвистика, биология пәндерінен дәстүрлі түрде өтеді. Соның бірі – халықаралық биология олимпиадасы. Бұл – әлем елдерінің жоға­­ры сынып оқушылары арасын­­дағы ең ауқымды жа­рыс. Бірінші рет IBO Чехияда 1990 жылы 6 елдің қа­­тысуымен өткен еді. Содан бері қа­­тысу­шы мемлекеттер саны 80-нен асты. Ал Қазақстан құ­­ра­­ма ко­ман­дасы бұл ғылым жа­­ры­­сы­на 1996 жылдан бастап атса­­лы­сып келеді. Осы уақыт ара­лы­­ғын­да еліміздің оқушылары 2 ал­­тын, 20 күміс, 54 қола медаль же­­ңіп алды. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Сондықтан мұндай беделді олим­пиаданың елімізде өтуі кездейсоқ таңдау емес.

7-14 шілде аралығында IBO-2024 сайысы оқу кабинеттері мен зертханалары биологиядан халықаралық олимпиаданың стандарттары мен талаптарына толығымен сәйкес келетін Назар­баев университетінде өтті. Жеті күн бойы қатысушылар биохимия, молекулалық биология, биоинформатика және жануарлар анатомиясы мен физиология­сы бойынша екі теориялық және төрт практикалық турда бақ сынады. Сондай-ақ қатысушылар мен қонақтар елорданың көрікті жер­лерінде, оның ішінде Бурабай­дағы «Көшпенділер әлемі» этноаулын­да болып, қазақ халқының мәдениеті­мен танысты.

Сонымен көптен күткен олим­пиаданың жабылу салтанаты бас­талды. Дәл осы күні кімнің жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанғаны белгілі болады. Залға жиналған барша олимпиадаға қатысушылардың жүзінен қобалжуды анық аңғарасың. Кімнің жеңімпаз атанарын жүректері дүрсілдеп, тағатсыздана күтіп отыр. Әрине, әр кеудедегі үміт өз иесін жеңіске жетелейтініне дау жоқ. Бірақ жүлдеге жететіндер – шын мықтылар ғана.

Салтанатты жиында алдымен Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев барлық қатысушыға және халық­ара­лық ұйымдастыру комитетіне алғысын білдірді. Ол олимпиаданың жалпы білім саласының дамуы үшін қаншалықты маңызды екенін атап өтті.

«IBO-2024 — білімнің бәсекелес­тік алаңы ғана емес, ол ғылым саласында мемлекеттердің достығы мен ынтымақтастығын тереңдетуге ықпал ететін халықаралық маңызды шара. Олимпиадаға қатысу арқылы сіздер өз білімдеріңізді сынап қана қоймай, елордамыз Астананың, Бурабайдың көрікті жерлерімен таныстыңыздар. Табиғатын тамашалап, ынтымақтарыңыз жарасып, жаңа дос таптыңыздар. Қазақстанда өткізген әрбір күн сіздерге жарқын естелік сыйлап, алдағы уақытта ғылымның жаңа биік белестерін бағындыруға шабыт береді деп ойлаймын. Болашақта сіздер орасан зор ғылыми жаңалықтар ашып, әлемнің ұлы ғалымдарының даңқты жолын жалғастырасыздар деп сенемін!», деді Ғани Бейсембаев.

Одан соң сахнаға IBO халықаралық комитетінің төрағасы Ленка Либусова шақырылды.

«Мен қазақстандық жас ғалымдар әзірлеген олимпиада тапсыр­мала­рының өзектілігі мен өзгешелігін ерекше атап өткім келеді. Одан бөлек, осы жеті күн ішінде Қазақстан 81 елден келген 305 жас биолог пен 275 ғалымның тәжірибе алмасу алаңына айналды. Сөз жоқ, IBO-2024 жоғары деңгейде өтті. Қазақстан ғылымының қарыштай беретініне кәміл сенемін әрі келесі жылғы IBO сайысында да жоғары деңгей көрсетеді деп ойлаймын», деді Ленка Либусова.

Иә, еліміздің халықаралық олимпиа­даларды ұйымдастырудан тәжірибесі мол. Мәселен, 2010 жылы математикадан, 2014 жылы физикадан, 2015 жылы информатикадан білім сайыстары Қазақстанда өтті. Міне, биыл да биология олимпиадасының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына IBO халықаралық комитеті төрағасының сөзі дәлел болмақ.

Құрметті қонақтардың құттық­тауынан соң, жеті күн бойы тағатсыздана күткен, яғни осынау беделді олимпиа­дада кімнің үздік танылғанын хабарлайтын кез келді. Жүргізуші алдымен қола жүлдеге қол жеткізгендердің атын атады. Есімін естігендер көкіректі кернеген қуаныштан аспанға қарғып, сахнаға қарай жүгіре жөнелді. Қашанда үміткер – көп, үздіктер – санаулы. Сол санаулы жеңімпаздың арасынан төрт бірдей отандасымыздың есімін естігенде төбеміз көкке жетті. Олар – Диас Сүлейменов, Амина Тынарбай, Нұртөре Төреханұлы және Ғалымжан Бақтыбай. Мұндай қуанған кезде адам бойындағы ағыл-тегіл сәулелі сезім бар салмағыңды жеңіп, аспанға алып ұшатыны белгілі ғой. Сол алып ұшқан күйімізде топ жарған төрт жүйрігіміздің қасына біз де жеттік. Қаумалаған жұрт құттықтап, суретке түсіп жатыр. Жеңіске жеткен оқушылардың ата-аналары мен ұстаздары мәз-мейрам. Құрама команданың жетекшілері Бауыржан Смайлов пен Ернар Батыржановтың айтуынша, бұл жетістік – оқушылардың 4-5 жылғы еңбектерінің жемісі.

«Менің ойымша, тек қана біздің оқушылар ғана емес, осы олимпиаданың бар жүлдегерлері өздерінше жеке-жеке жұлдыз дер едім. Өйткені бұл жеңіске бабына да, бағына да сенгендер ие болады. Біздің де төрт оқушымыз жыл бойы тыңғылықты дайындалды. Бір ай бұрын Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде практикалық білімдерін шыңдады. Әрине, алтыннан үлкен үмітіміз болғанын жасырмаймыз. Бірақ мұндай халықаралық додада қола жүлдегер атанудың өзі – үлкен жетістік», деді Бауыржан Смайлов.

Енді тұғыр төрінде тұрып, қуаныштан жанары жасаураған оқушыларға сөз кезегін берелік. Олар қандай сезімде екен?

«Өзін-өзі темірдей тәртіпке ба­ғындыра алмаған талапкер жеңіс тұғырына талпынбай-ақ қоюына болады. Мен бұл олимпиадаға 3 жыл тынбай дайындалдым. Міне, бүгін сол еңбектің жемісін көріп отырмыз. Шыны керек, өзімнен бұдан да жоғары нәтиже күткен едім. Сайыстағы сұрақтар әрі қызық, әрі қиын болды. Ендігі мақсатым – Назарбаев университетіне оқуға түсіп, ғылым жолын жалғастыру», дейді Астана қаласының дарынды ер балаларға ар­налған «Білім-инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Ғалымжан Бақтыбай.

Ал білім бәйгесінде топ жару үшін оқушыға қандай қасиеттер керегін Амина Тынарбайдан сұраған кезде, оның жауабы мынадай болды:

«IBO 2024-ке 7-сыныптан бастап, яғни бес жыл үздіксіз дайындалдым. Жалпы, олимпиадада тек дәл сол бір сәтте қателеспеген, толқымаған, назарын өзгеге аудармаған оқушы ғана оқ бойы озық шығады. Бұл жарыс Астанада өткендіктен, бізге артыл­ған жауапкершіліктің жүгі жеңіл болған жоқ. Бірақ ұстаздарымыз бен жақындары­мыз қолдай білді. Ең бастысы – сенім, тәртіп және еңбек», дейді Қызылорда облысының №10 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы А.Тынарбай.

Ақтөбелік оқушы Диас Сүлей­меновтің айтуынша, мақсат тауына тек ізденген жетеді.

«Биология саласына 7-сыныптан бас­тап көбірек ден қойдым. Содан бері бұл пәнге әр күн сайын кемі екі сағатымды, кейде 6-10 сағатымды арнап отырдым. Соның нәтижесінде екі жыл қатарынан жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың алтын медаль иегері атандым. Енді бұйырса Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түсіп, ғылым жолын жалғастырамын деген ниеттемін», дейді Ақтөбе облысының «Білім-инно­вация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Д. Сүлейменов.

Ал Нұртөре Төреханұлы білімін тереңдетіп, болашақта денсаулық сақтау саласында еңбек еткісі келетінін жеткізді.

«Бұл сайыста жүлдегер атану – қиын­ның қиыны. Биология ғылымының қиыншылығына шын қызыққан бала­лар ғана шыдай алады. Мен еліміздің намысын қорғап, жүлделі үшінші орын алғаныма қатты қуаныш­тымын. Қолдау білдірген ұстаз­дарыма, ата-анама шексіз алғысымды білдіремін. Биыл, міне, 11-сыныпты тәмамдадық. Бұйырса С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне оқуға түсіп, хирург болғым келеді», дейді Шығыс Қазақстан облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Білім-инновация» лицейінің 11-сынып оқушысы Н.Төреханұлы.

Айта кетейік, олимпиада алдында барлық қатысушы мен қазылар алқасы «Олимпиадаға мүше боламыз. Ең адал түрде қатысамыз. Ереже бұзбаймыз» деп ант берген еді. Олар өздері айтқан ережені қатаң сақтайды. Сондықтан бұл жерде қатысушы түгілі қазылардың босаңсуға қақысы жоқ. Өйткені адал бәсекемен келген жеңістің дәмі таңдайдан кетпейді.