Қазақстан • 16 Шілде, 2024

Маңызды уағдаластыққа қол жеткізді

77 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстан былтыр 5 шілдеден бастап Шанхай ынтымақтас­тық ұйымының төрағалық міндетін қолына алған. Жалпы, 2001 жылдан бері қарайтын болсақ, біздің ел ұйымға бесін­ші рет төрағалық етіп отыр екен. Қазақстан осы жолғы төрағалығының бір жылы ішінде ұйым жұмысына жаңа көзқарас әкелді деуге болады.

Маңызды уағдаластыққа қол жеткізді

фото: ortcom.kz

Еліміз осы орайда бірқатар маңызды іс-шара өткізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Делиде, Самарқандта өткен кездесулерде тиімді бастамалар көтеріп, ұсыныстарын айтқан. Қазақстан осы жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымының 2030 жылға дейінгі Экономикалық даму стратегиясы бойынша бірқатар жұмыс жүргізді.

Қазіргі таңда ұйымның ин­вес­тициялық қорын құрудың тиім­ділігі жайында жиі айтылып жүр. Мүше-мемлекеттер ішіндегі инвестициялық синергияны күшейту, қазіргі уақытта энергетикалық ынтымақтастықты дамыту саласындағы стратегия­ны дамытуға көңіл бөліне баста­ды. Биылғы ақпан айында Алматы қаласында банк, қаржы, элект­рон­дық сауда салаларындағы, қар­жы технологиялары нарығын кеңейту бойынша цифрлық форум өтті.

Қазақстан бастамасы бойынша 2024 жыл ұйымның Эколо­гия жылы болып жарияланған. Осының бәрі, әсіресе экология мәселесі БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттарымен де үйлесіп жатыр.

Алматы қаласының өзі былтыр еліміздің төрағалығы кезеңі аясында ұйымның туристік және мәдени астанасы болып бекітілген. Осы аралықта Алматыда да бірқатар маңызды басқосулар өткізілген.

Президентіміз Делидегі кездесуде ұйымның, жалпы оның хатшылығының, Бас хатшы­сы­ның өкілеттіктерін кеңейту, жалпы ұйымның практика­лық жұ­мы­сының мүмкіндіктерін кеңейту тұрғысынан біраз ұсы­ныс айтқан. Сол себепті қазір Бас хат­шынының өкілеттіктерін кеңейту бағытында талқылау­лар өтіп жатыр. Бейжің қала­сын­да ұйымның хатшылығы орна­ласқан, көп жылдан бері Ташкентте терроризммен күрес бойынша кеңес жұмыс істеп жатыр. Менің ойымша, ұйымның экология, мәдениет саласындағы периметрі кеңейіп кеткендіктен алдағы уақытта басқа елдердің аумағында осы бағыттағы тағы бір хатшылық ашылуы мүмкін. Өйткені ұйым жұмысының ауқымы да артып келе жатыр.

Әрине, тұрақты түрде «үш зұлым күшпен» күрес мәселе­лері­не ерекше мән беріліп келеді. Себе­бі көктемде Президент ұйым­ға мүше елдердің Қауіпсіздік кеңе­сі хатшыларымен кездескен­де, былтырғы жылдардың индекс­терін қарайтын болсақ террористік қауіп төңірегіндегі, тіпті ақпараттық қауіпсіздік саласындағы шабуыл­дардың көбеюінің халықаралық аренадағы қаупі әлі де сейіл­мей тұрғанына тоқталды. Сондық­тан осының алдын алу бойынша үлкен жұмыстардың қолға алыну керектігі үздіксіз айтылып келеді. Біздің елде бір жылдай осындай ауқымды жұмыс жүргізілді деуге болады.

Қазақстан ұйымға кеше ғана қосылған мүше ел емес. Әуел бас­тан, сонау 1996 жылдан бері келе жатқан белсенді қатысушысы. Сондықтан осы жолғы бесінші рет тізгінін ұстаған төрағалығын абыроймен өткізді деп айтуға толық негіз бар.

Бақылаушы, диалог бойынша серіктес мемлекеттер өкіл­дерінің, әсіресе БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің арнайы келуі де көп жайттан хабар берсе керек. Бұл басқосудың бел ортасында түркі әлемінен және араб елдері лигасынан да өкілдіктер болды. Бұл да Астана саммитінің маңыздылығының бір көрінісі. Яғни саммит ШЫҰ-ның аумағынан әлдеқайда кең түркі және араб мемлекеттерінің қатысуымен бір ерекше бағытта өрбіді. Және де Астана декларациясы қабылданды. Жиырма­дай құжатқа қол қойылып, ең бастысы– Беларусьтің толыққанды мүшелікке қабылданғаны. Осылайша, осы басқосуда мүше елдердің саны он елге жетті. Бұл Астана саммитінің, жалпы алғанда Қазақстан төрағалығының абыройын айшықтап, мерейін үстем етері сөзсіз.

Мемлекет басшысы өзінің жеке бастамасымен «Әділ әлем, келісім және даму жолындағы жаһандық бірлік туралы» тақырыбы аясында баяндама жасады. Шынын айтқанда, біздің ішкі саясатта әділетті қоғам, әділетті мемлекет құру идеясы жиі айтылып келе жатыр. Оның нақты құндылық­тар арқылы қалыптасу керек­тігі, барлығына тең мүмкіндік­тер беріліп, заң мен тәртіп орнату мәселесі күн тәрті­біне шығарылды. Осы ресми риториканың халықаралық алаңда да айтыла бастауы біздің ресми ұстанымымыздың ішкі де, сыртқы да контурға қатысты екенін көрсетеді.

Яғни бұл жерде Әділетті әлем­нің формуласын бірлесіп құру идея­сы менмұндалайды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұйым­ның алдыңғы отырыс­тарында да, жалпы қазіргі жаңарып келе жат­қан халықаралық қауіпсіздік ар­хитектурасында да осы ұйым­ның маңызды орын алатынын айт­қан болатын. Және де осы ұйым қауіпсіз әрі әділетті әлем құру формуласын ұсына алатынына сенім білдіретінін атап өткен. Сондықтан осы формуланы бір­лесіп шығару қазіргі кездегі түрлі өңірлік, аймақтық локальді және халықаралық шиеленістердің күшеюі кезінде бірлесіп шешім қабылдау тұр­ғысынан бұл өте маңызды болып саналады.

Имидждік тұрғыдан, әрине Қазақстан қалыптасып келе жат­қан орта держава ретінде өзінің алаңын, осы халықаралық шие­леністерді, түйткілдерді шешу­дің жаңа концепциясын ұсы­ну тұрғысынан маңызды платфор­ма болатынына еш күмән жоқ.

Олжас БЕЙСЕНБАЕВ,
Қазақстан қоғамдық даму институты директорының орынбасары