Фото: elorda.info
Информбюро бағдарламасының хабарлауынша, ыстығы қатты көтеріліп, денесі қызарған 10 жастағы қызға дәрігер диагнозды дұрыс қоймаған. Сондай-ақ дәрігерлер жасөспірімге қолдануға қарсы көрсетілімі бар дәріні егіп жіберген.
«Ауруханаға жедел жәрдеммен барған қызымның денесі бір тәулікте үйге қайтты. Үш күн бұрын кішкентай Жібектің мәйітін жер қойнына тапсырдық. Қызуы 40 градусқа дейін көтерілген қызымның диагнозын дәрігер алғашында дөп басып таба алмады. Қызымның ЦЕФ-3 дәрісіне аллергиясы бар деп қанша ескертсем де дәрігерлер балама екпені салып жіберген», дейді анасы.
Анасының сөзінше, аудандық орталық ауруханада тегін берілуі тиіс препараттар табылмаған соң айналадағы дәріханаға барған. Айтқандарын айнытпай апарып тұрса да, дәрігерлер қыздың өмірін сақтап қала алмаған. Жансақтау бөліміне түскен 10 жастағы Жібектің жағдайы меңгерушінің кесірінен тіптен күрделеніп кетті дейді әкесі.
Ал аурухана басшылығы бұл жағдай бойынша ұжымда ішкі тексеріс жүргізіліп жатқанын айтты. Комиссия құрамына сырттан емес, өз мамандары кіріпті. Осы ретте бас дәрігер тексеру әділ болады дегенге сенімсіздік танытқан жағдайда құзырлы органдарға арыз жазуға болатынын айтты.
«Преднизолон мен аллергосепт анафилактикалық шок кезінде қолданылатын дәрілер. Ол мынадай жай бөлімшеде болмайды. Жұмыс жүріп жатқаннан кейін барлығы 100 пайыз жақсы болады деп айта алмаймын. Кемшіліктер бар», дейді Жетісай аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Нұрлан Жолдасбеков.
Айта кетейік, баланың өліміне қатысты қызметтік тергеу жүріп жатыр. Түркістан облысы Жетісай орталық аудандық ауруханасының бас дәрігері тексеру қорытындысы полицияға берілетінін айтты.