Мирас • 17 Шілде, 2024

Жұмағали ишан мешіті

356 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Үстірттің солтүстігі мен Каспий маңы ойпатының шектес­кен жерінде, Ақтөбе облысының Байғанин ауданы мен Атырау облысының Жылыой ауданы аумағында әйгілі Доңызтау созылып жатыр. Оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай менмұндалаған таудың ұзындығы 90 шақырым, ені 20 шақырым болса, ең жоғарғы биігі 215 метрге жетеді. Доңызтаудың бойын есте жоқ ескі заманнан бері ел жайлаған. Доңызтаудың жұрты төменге көп түспейтін.

Жұмағали ишан мешіті

Таудың етегі ертеде жер астынан атқылап жатқан сансыз бұлақтарға толы болған. Төбедегі Қайнар, Тасастау, Тасқабақ ауылдарының ескі жұртында қоржын үйлер, шаруашылық құрылыстар, тас құдықтар, мешіт-медресе орындары жақсы сақталған. Үстірттің бергі басы қазақ ауылдары болса, арғы басы – Хиуа мен Хорезмге қарай құлайтын сансыз соқпақтар. Соның ең ірісі – Самның сүрлеуі. Оны Сырым батыр жаудан қорғануға, әскерін тынықтыруға жақсы пайдаланыпты. Үстірт екі жүз жыл бұрын қазақ батырларының қор­ғанысы болды. Арал теңізінің арғы бетіндегі жұртпен қарым-қатынастың жақсы жолға қойыл­ғандығының бір белгісі – Доңызтау бойындағы ауылдарда мешіт-медреселер жүйесі жақсы дамыды. Бұл жақ­­та балалардың сауатын ашқан ұстаздардың дені – Хиуа мед­ре­сесінде оқығандар. Үстірт бойы­ның жұрты кеңес өкіметін ашық мойын­дамады. Содан болар, 1950 жылдардың ортасында Доңыз­таудың төбесіне әскери ұшақ­тар орналастырылады деген сая­сатпен ауыл тұрғындарын түгел ойға түсіріп, жаңадан құрыл­ған «Оймауыт» пен «Диар» кең­шарына қоныстандырды. Бай­ға­нин ауданында жерасты сы­нақ­тары өтіп жатты. Үстірт құлазыды, тау етегіндегі бұлақ көздері де жабылды. Әскери полигонға айналған атажұртқа содан қайтып ешкім оралған жоқ. Білімді адамдары көп шыққан қасиетті қоныс бір ғасыр бойы ішкі сырын жасырған өлі мекенге айналды.

Археолог, тарих ғылым­да­рының докторы, профессор Серік Әжіғали Үстірт бойында төң­керіске дейінгі қазақ қыс­тау­лары жақсы сақталған дейді. Бір-бірімен жалғасқан Қайнар, Тасастау, Тасқабақта әлі күнге дейін төбесі қамыспен жабылып, лаймен бастырылған, қам кір­піштен тұрғызылған қоржын үй­лер де, тас үйлер де кездеседі. Көше бойында адам белінен келе­тін, беттерін мүк басқан тас құ­дық­тар тұр.

Қазақ ишандар институтының ірі өкілі, терең білім иесі Жұмағали Оразалыұлы 1892 жылы атақонысы Тасқабақта мешіт ашты. Бұл – саз бен балшық араластыра иленген, шикі кірпішпен қаланған, төрт бұрышты, екі үлкен бөлмелі қаза­қы мешіт. Осы жазда жергілікті архео­логтер қазба жұмыстарын жүр­гізу кезінде Құран кітабының парақ­тарын, мыс­тан жасалған ат үзең­гісін тапты. Мешіттің сыр­тында, күншығыс бетінде Жұма­ғали ишан мен оның әйелі Ұмма­гүлсім жерленген. Ақтөбе облыс­тық ескерт­кіштерді зерттеу, қор­ғау орта­лығының директоры Фар­­хад Досмұратовтың айтуынша, архео­логтер мешіттің ірге­тасын ашқан соң, құлап жатқан құ­­ры­лыс­ты одан әрі қозғамау тура­лы ұйға­рымға келіпті. «Төбесі құ­ласа да, қабырғалары түгел жо­йыл­­ма­ған. Бір жақ бетінде қабыр­­ғасы үш терезе орнымен жақ­сы сақ­тал­­ған, михрабы да тұр. 30-жыл­да­­ры Жұмағали ахун­ның баласы Жиен­­­­ғали ұстал­ған соң мешіт қа­рау­­­сыз қалды. Кейін кеңшардың мал қа­­майтын қорасына айналды. Жұ­­ма­­ғали ишанның әулеті кеңес өкі­­­ме­тінің зорлығын көп көрді», дейді ол.

Орынбор діни басқармасына тәуелсіз, дербес қазақ мүфтия­тын ашу туралы мәселе көтер­ген, қазақ балаларын сауат­тандыру жолында қазақ медресесі жүйе­сін қалыптастырған Досжан ишан Қашақұлы мен (1815-1896ж.) Жұмағалиды тағдыр бай­ланыс­тырды. Жұмағали 1860 жылы Доңызтауда Оразалы ишан­ның шаңырағында дүниеге келген. Оразалы 11-12 жастағы зерек ұлын Мысырдағы «Әл-Азһар» медресесіне оқуға түсіреді. Кей деректе Мысырға барар алдында Уфадағы «Ғалия» медресесінде де оқыған дейді. Сол заманда исламның ең беделді оқу орны «Әл-Азһарға» көп адамның қолы жете бермеген. Зейінді баласының оқуына бар қаражатын аямаған әке аяқастынан дүниеден озып, ұлы жат жерде көп қиыншылық көрген. Мысырда жалғыз қалған жас баланың жағдайына алаңдаған бір ұстазы «Аса қабілетті түрік баласы қаржы жетіспеушілігінен оқуын үзіп алатын түрі бар. Соған көмектесіп, сауабын алатын жан табылар ма екен?» деп таныстарына хат та жазыпты. Осы хабарды естіген бір ауқатты араб Жұмағалиға жолығып, оқу ақысын төлеуге келіседі. Бірақ Жұмағали оқуын аяқтаған бойы Мысыр қаласының түбіндегі әлгі байдың аулына барып бала оқытуға тиіс. 1874 жылы Меккеге қажылық сапармен келген Досжан Қашақұлы Жұмағалидың жағдайын естіп, баламен кеңесіп, оқу ақысын төлеген араб ауқаттысына қа­рызын қайтарып берген. Жас ұстаз Досжан ишанның Темір уезінде салып жатқан медресесіне оқытушылыққа келді. Осы кезден бастап білімді жастың өмір жолы Досжан ғұламамен байланысты болды. Жұмағали Досжан ишанның қызы Ұммагүлсім­ге үйленген. Араб, орыс, француз, түрік тілдерін жетік мең­герген жас ұстаз Шилісу мед­ре­сесін басқарған жылдары адал­дығымен, сауаттылығымен, еңбек­қорлығымен көзге түскен.

Шилісу бойында Бірмән Көшімқұлұлы салған Досжан ишанның «желкенді» мешіті жанындағы медреседе сол төңіректегі ауылдардың балалары оқиды. Сабақ уақыты ерте көктемнен басталып, қыс түскенше жалғасқан. Қаңтар, ақпан айларында балалар ауылдарына кетеді. Медреседе оқу тегін, бірақ жылдап жатып оқитын балаларының азығы үшін әкелері қой, жылқы, түйе әкеп тастайтын. Медресе жанында шаруашылық ұйымдастырылып, балалар мал күтімін өздері қолға алады. Оқу ақысын төлеуге жағдайы жоқ отбасылардың балалары тегін оқып, жатақхана құжыраларында тегін жатып, тегін тамақтанған. Оқу жылы тым ұзақ. Мыңдаған шәкіртті ас-судан тарықтырмас үшін Досжан ишан арпа, бидай, тары өсіріп, қысқы азық қорын ұраға жинатады. Шилісу бойына алма, алша, шие, жүзім ағаштары егіліп, қайың, терек, қарағай көшеттері отырғызылады. Тіпті тәжірибе ретінде күріш пен шай да егіледі. Бұл туралы Әбубәкір Кердерінің өлеңінде жазылған. Балалар осылайша еңбек сабағында бағбандық кәсіпті меңгереді. Досжан бағының алмаларын Орынбордан күзде көпестер келіп, көтерме бағамен сатып алатынын зерттеуші марқұм Ғалым Ахмедов мұрағат деректерінен тапқан. Бау-бақша өнімдерін сатудан түскен қаржы оқушылар­дың киімі мен оқу құралдарына жұмсалған. 1874 жылдан 1892 жылға дейін Шилісу мешітінде бас имам қызметін атқарған Жұмағали оқытушылықпен қатар шаруашылық жұмыстарын да жақсы ұйымдастыра білді. Әрі менеджер, әрі білімді ұстаздың туған аулына келуін ағалары қалайды. Оразалы ишанның туыстары 1892 жылы Досжан ишанның аулына келіп рұқсат сұрап, Жұмағалиды отбасымен Тасқабаққа көшіріп алып кетеді. Атақонысына оралған ұстаз бұл жерде де мешіт-медресе салуды қолға алды. Ағайындардың қол­дауымен Тасқабақтың шетін­де екі үлкен бөлмелі мешіт тұрғызылды. Жұмағали Тасқа­бақ­пен шектеліп қалмай, сол кез­дегі қазақ оқығандарымен тіке­лей байланыста болып, Ресейдің күштеп шоқындыру сая­сатына ашық қарсы тұрған. Сол заманда ІІ Мемлекеттік Думада аз халық­тардың жерін, тілін сақтау, ұлт тілінде оқыту мәселелері күн тәртібінде көтерілгенде, Жұма­ға­ли да қалыс қалмады. Санкт- Петербургке бірнеше рет қаты­нап, қазақ оқығандарының пат­ша­ның бұратана халықтарды хрис­тиан дініне енгізу туралы астыр­тын саясатына қарсы петиция ұйымдастыруға араласты. Бір сапарында оған «панисламист, пантюркист» деген айып тағылып, абақтыға да жабылады. 1904 жылы Санкт-Петербургтен келе жатқан жолда қатты ауырып қайтыс болған. Ол құрылысы басталған «Орынбор – Ташкент» теміржолының қазақ жерін көктей өтуіне қарсы болған. Теміржол рельстерінің астына елсіздегі балбал тастар, құлпытастар қаланып жатты. Тағылық әрекетті тоқтатуды талап етіп, Ресейден келе жатқанда өмірі үзілді. Өкі­ніш­­тісі, білімді азаматтың аралас­қан ортасы, жазған хаттары, қол­жаз­балары табылған жоқ. ІІ Мем­лекеттік Думаның аз ұлттар мәсе­лелері жөніндегі комитетінің жұ­мысына араласып, шоқындыру сая­сатына қарсы жазылған хаттары Ресей мұрағатында сақталуы мүмкін.

Қазақ медреселер жүйесін бірізділікке салумен қатар, оқыту жүйесін, әдістемесін өзгертуге атсалысқан ұлтжанды тұлғаның жазбалары терең зерттеуді қажет етеді. ХІХ ғасырдың соңында қазақ медреселерін бітіргендердің құ­қықтық сауаттары жоғары бол­ған әрі олар шығыс тілдерін жетік меңгерген. Ұлтжанды ұстаз­­­дар­дан тәлім алған жастар кеңес өкіметінің алғашқы жылда­рында елге аянбай қызмет етті, шаруа­шылық ұйымдастыру ісіне араласты. Досжан ишан мед­ресесі шәкірттердің арасынан жер, дін, тіл, шаруашылық ісін жақсы білген, талауға түскен елінің мүддесі үшін күрескендер көп шықты. Сол заманда Темір уезі­нен ІІ Мемлекеттік Думаға Алпыс­бай Қал­менұлы депутаттыққа өтті. Бірнеше тіл білген ғалым Құдай­берген Жұбановты оқыт­қан ұстаздар да осы Досжан ишан медресесінің түлектері еді. Түйін­деп айтар болсақ, ел тари­хын­дағы ақтаңдақтардың бірі – қазақ медреселеріндегі білім беру жүйесі, оқытушылық дәстүрі, әдістемесі терең зерттеуді қажет етеді. Бір анығы, дәстүрлі қазақ білімінің бастауында қазақ мед­реселері тұр.

Ақтөбе облысы