Экология • 18 Шілде, 2024

Апта сайын сенбілік

172 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сәуірдің алғашқы күндерінен бастау алған айналаны абаттандыру, көгалдандыру, көріктендіру жұмыстары Ұлытау облысында одан әрі жалғасып жатыр. Мұнда облыстың елді мекендерінде атқарылуға тиіс іс-шаралар нақтыланып, бекітілген. Ауқымды шаруаны атқарып шығу айтар ауызға ғана оңай. Әйтпесе, қыруар істің қисынын табу, орайын келтіру біраз күш-жігерді талап етеді.

Апта сайын сенбілік

Өңірдің экологиялық жағ­дайын жақсарту, облыс тұрғындарының та­за­­лықты сақтау, табиғатты аялау мә­де­­ниетін қалыптастыру мақ­са­­­­­тын­да көпшілік арасындағы түсін­­­­діру жұмыстарына баса мән берілді. Меншік түріне қарамастан бар­лық кәсіпорын мен мекеме, қоғам­­дық ұйымды қатыстыра отырып, са­ни­тарлық тәртіп орнату жөнін­дегі іс-шаралар бойынша апта са­йын сен­біліктер ұйымдастыру қол­ға алынды.

– Төртайлық басталғалы тыным таппадық десек те болады. Әр апта сайын нақты міндеттер қойылып, орындалуы қатаң қадағаланады. Со­­ның нәтижесінде облыстағы ­аудан, қалалардың, елді мекендер­дің та­­за­лыққа деген көзқарасы өзге­ре бас­тағаны байқалады. Абаттан­ды­ру жұмыстарына облыс бойынша 1 360 мекеме, кәсіпорын атсалысты. Ал­ғашқы кезде бұлардың кейбірі абаттандыру біздің міндетімізге жатпайды деп ортақ істен іргесін аулақ сал­ғысы келді. Әрине, оларды тәртіпке шақыруға мәжбүр болдық. Рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері нағыз «жаны ашымастың қасында басы ауырмастың» көрінісіне айналып тұр. Қорасынан шыққан қоқысты қаланың, ауылдың іргесіндегі кез келген жерге төге салуды үйреншікті әдетіне айналдырып алған адамдарға не дауа? Өздері тұратын өңірдің тазалы­ғын өздері бүлдіріп жатқанын түсіну үшін арнайы оқу қажет пе? – дейді Ұлытау облысы бойынша Экология департаментінің басшысы Дастан Тілеубеков.

Департамент басшысының бұл сөзді ашынғаннан айтып отырға­ны түсінікті. Ашынбай қайтсін, тек биылғы көктемнен бері ғана облыс бойынша рұқсат етілмеген 76 қоқыс үйіндісі жойылыпты.

Күн жылына салысымен құры­лыстың қарқын алатыны бел­гілі. Бұған әрбір пәтерде, нысанда, ғимаратта жүргізілетін жөндеу жұмыстарын қосыңыз. Дұрыс-ақ. Бірақ құрылыс қалдықтарын бел­гіленген тәртіппен сыртқа шыға­рып тастайтындар сирек. Керісінше, күнделікті қоқыс тастауға айнал­ған контейнерлердің маңы құрылыс немесе тұрмыстық қатты қоқыстар­ға толып жатады. Әлгіндей рұқсат етілмеген үйінділердің дені де осындай қалдықтардан құралады. Облыс бойынша, «Таза Қазақстан» акция­сы басталғалы бері 10 мың тонна құ­рылыс, 25 мың тонна тұр­мыс­­тық қатты қалдық сыртқа шығары­лып­ты. Бұл, сөз жоқ, біздің эколо­гия­лық мәдениетіміздің деңге­йін көрсетеді.

Көлеңкесі ыстықта жаныңа сая болатын, өзі өскен жерінің сәнін келтіріп тұратын ағаштың көп болға­нына не жетсін?! Жыл сайын көктем мезгілінде жаңадан көшет егу – бұлжымас дәстүр. Ұлытау облы­сы бойынша биыл мектептер мен бала­бақшалардың аумағына – 1 475, саябақтар мен алаңдарға – 1 150, қала көшелері мен тұрғын үйлердің ауласына 725 көшет егілді. Облыста бұрын қолға алына қоймаған шырша, терек, шие ағаштарын отырғызуға биыл барынша басымдық берілді. Жалпы, облыс аумағында 3,5 мың көшет отырғызылып, қазір олардың тамырланып, бой алып кетуі жіті қадағаланып отыр.

«Таза жағалау» айдарымен өт­кен аптада Кеңгір су қоймасының жа­ға­лауында өткізілген сенбілікке Жез­қазған қаласының 50-ден аса мекеме, кәсіпорны қатысты. Әсі­ресе волонтерлердің белсенділігін айрық­­ша атап өткен жөн. Ерте көк­темнен басталған апта сайынғы сен­бі­ліктер тазалық сақтау, облыс тұр­ғындарының экологиялық мә­дениетін қалыптастыруда септігін тигізіп келеді.

Ұлытау облысы