Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»
Парақорға қарсы пәрменді күрес
Биыл алты айдың өзінде ғана сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін 298 басшы әшкереленді. Олардың мемлекетке келтірген залалы 203,8 млрд теңгені құраса, оның 194,5 миллиарды өтелген. Ал парақорлардың тізімінде жергілікті атқарушы органдар 144 адамымен алдыға шықса, ішкі істер органдарының қызметкерлері 56 жемқорымен министрліктер арасында көш бастап тұр. Жалпы, елімізде осындай парақорлармен күрестің пәрменді жүріп жатқанына да біршама жыл өтті. Осы уақытқа дейін мемлекеттік қызметшілердің жемқорлыққа қарсы иммунитетін оятудан бастап, қолданыстағы құжаттарға да сан рет өзгерту енгіздік. Сөйтіп, сыбайлас жемқорлыққа нақты құқықтық сипаттама берілді. Оған сәйкес әкімшілік және қылмыстық жауаптылық көзделді. Қосымша мектептер мен жоғары оқу орындарында арнайы пәндер енгізілді. Бюрократиясыз билікке негізделген еуропалықтардың тәжірибесін де алдырып, алыс және орта мерзімдегі мақсаттар айқындалды. Бірақ қазына қаржысына қол салуды қанына сіңдіріп, әдетіне айналдырған басшылар мен қосшылардың қатарын азайту оңайға соқпай тұр. Айталық, 2015 жылы қабылданған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңға 26 рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Алайда бұл құжат жемқорлық үшін жазаның түрлерін бекітпейді. Бұл үшін жауапкершілік Қылмыстық кодексте қарастырылады.
Ал төрт жыл бұрын «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы қабылданған. Бұл құжат сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілікті күшейтуді көздейді.
Мәселен, осындай қылмыс жасағандарға шартты түрде мерзімінен бұрын босату шарасы қатаңдатылды. Атап айтқанда, ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар үшін сотталған адамдар шартты түрде мерзімінен бұрын босатылмайды.
Екіншіден, олардан жазаны өтеу үшін бірден ең төменгі қауіпсіздік ҚАЖ мекемесіне жіберу мүмкіндігі алынып тасталды.
Үшіншіден, жемқорлыққа жол берген құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьяларға жаза күшейтілді. Бұрын Қылмыстық кодекстің 366-бабындағы санкция күші атқаратын лауазымына емес, параның мөлшеріне байланысты болды. Қазір осы бапқа сәйкес судьялар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қатысты 5 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі санкцияны күшейте отырып, жаңа құрам енгізілді. Яғни олардың кішігірім мөлшердегі парасы ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс ретінде тіркеледі. Бұл дегеніміз ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысқа барғандар мерзімінен бұрын шартты түрде босатылмайды және жазаны бірден қоныс-колонияларда өтей алмайды деген сөз.
Төртіншіден, ҚК-нің 367-бабында айыппұлдың еселенген мөлшері ұлғайтылды. Осылайша, 2020 жылғы күшіне енген заңда сыбайлас жемқорлық, оның ішінде пара берушілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьялар үшін жауапкершілікті күшейтетін қылмыстық заңнаманың новеллалары күшіне енді. Қазір Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі дайындаған қос заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауында жатыр. Құжат мақұлданса, енді ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасап сотталғандар туралы мәліметтер Сыбайлас жемқорлардың жария тізіліміне енгізіліп, мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда мүдделер қақтығысын анықтау және ретке келтіру регламенттеледі.
Жемқорға берілген жеңіл жаза
Десе де елімізде қатаңдатылған құжаттың пәрмені барлық парақорға бірдей жүрмейтін секілді. Мәселен, ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотталған жүкті немесе жас балалары бар әйелдер, жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектер, 58 жастағы және ол жастан асқан әйелдер, 63 жастағы және бұл жастан асқан еркектер, I немесе II топтағы мүгедектігі бар адамдар, ынтымақтастық туралы үдерістік келісімнің барлық талаптарын орындаған сотталғандар шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың шарапатын көруге құқылы. Әрине, бұл қоғамда «Жемқорлардың мемлекетке келтірген шығынды өтеу арқылы жеңіл жаза алуы қаншалықты әділетті?» деген сұрақ туғызатыны рас. Бұл ғана емес, ҚК-нің 73-бабының 1-бөлімінде шағын, ауырлығы орташа немесе ауыр қылмыстары үшін бас бостандығынан айырылғандар келтірілген залалды толық өтеген немесе жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қасақана бұзбаған жағдайда қалған мерзімін жазаның неғұрлым жеңіл түрімен алмастыра алады.
Бірнеше рет өзгертіліп, түзету енгізілген құжатқа салсақ, парақорларға берілген жаза қатаң. Әйткенмен Қылмыстық-атқару кодексінің 161-бабына сәйкес жемқорлар рақымшылыққа ілініп, кешiрiм жасау туралы актіге де иек арта алады. Ең қызығы, осы заңда қылмыстық-атқару қызметі саласындағы уәкілетті органның келісімі бойынша денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекiткен тiзбеде көрсетілген, сотталған адамның ауруы, заңда көзделген өзге де негiздер де жаза мерзімін өтеуден босатуға негіз болады екен. Тиісінше жеңіл және орташа ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағандар қолданыстағы құжатта белгіленген талаптарға сәйкес келсе, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуға үміткер бола алмақ. Олай болса, қатаңдатылған құжат қылмысқа қылбұрау бола ала ма? Әрине, жоқ.
Себебі сыбайлас жемқорлықпен күресіп, шенеуніктерді түрмеге жабу ұзақмерзімді нәтижеге қол жеткізбейді. Бұл пікірмен құзырлы органның өздері де толық келіседі. Себебі жемқорлықпен күрес – жалпыға ортақ міндет. Бұл үшін қоғамдық сананы өзгерту, сыбайлас жемқорлықты қабылдамау мәдениетін қалыптастыру маңызды.
Қоғамның ащы бағасы
«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі Мониторинг және талдау департаментінің басшысы Ербол Сардарбековтің айтуынша, қылмысты алдын алу мен жазаны қатайту жұмысы тиімді жұмыс істесе, сыбайлас жемқорлықты ең төменгі деңгейге дейін азайтуға болады. Бұл орайда құзырлы орган қажетті шараларды атқарып келеді. Қазір қоғам заңнама аясында жемқорлыққа қарсы күрес үдерісіне қатысып, жемқорлықты тиімсіздендіру саясаты да қолданысқа енгізілді. Бірақ әлі де адами фактор тәуекелдері кез келген салада кездеседі. Бұл жөнінде Е.Сардарбеков: «Медицинада қағаз жүзінде жүзеге асатын тендер көп. Білім саласында басты проблемалардың бірі – жоқ жұмыскерлерді тіркеп, бюджет қаражатын жымқыру. Осыған ұқсас проблемалар әр салада бар. Сондықтан цифрландыру арқылы адами факторларды дер кезінде жойып, тәуекелдердің алдын алу қажет. Бұдан бөлек, жемқорлыққа қарсы күрес саясаты тоқтатылмауға тиіс», дейді.
Елдің өркендеуі мен әлеуметтік-экономикалық бағдарламалардың жемісті жүзеге асуына жең ұшынан жалғасқан жемқорлық бөгет болып келеді. «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыстың төрағасы Мэлс Семғалиев осылай дейді. Оның пікірінше, парақорлармен күрестің пәрменді болуына Мемлекет басшысы ғана мүдделі емес, азаматтық қоғамның күресі де ауадай қажет.
«Биыл жарты жыл ішіндегі қылмыстық істерді қарасақ, жемқорлардың жегені халыққа қайтарылып жатыр. Мысалы, алты айда келтірген залалдан 195 млрд теңге қайтарылды. Ел қазынасына қайтып жатқан заңсыз активтер де бар. Қазір заң шығарушы органның қарауында жатқан құжаттың жобасы жемқорлардың тізімін жария етуге маңыз беріп отыр. Биыл жемқорлық фактілерінің басында 144 фактісімен әкімдіктер тұр. Квазимемлекеттік секторда – 68, құқық қорғау органдарында – 57, білім мекемелерінде – 89, ауыл шаруашылығында – 46, әлеуметтік қамтамасыз етуде – 32, денсаулық саласында 26 факті тіркелген. Жалпы, 876 факті тіркеліп, 681 қылмыстық іс қозғалып отыр. Соның ішінде 107 басшы жауапкершілікке тартылса, 11-і – республика, 49-ы – облыстық деңгейдегі қызметкер. Оның арасында 2 әкім мен 5 судья.
Демек парақорлыққа қарсы күресте жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Алайда бұл қоғамды толық қанағаттандыра алмайды», дейді Мэлс Зайноллаұлы. Ал оған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің тиімді нәтижесін көріп отырған Скандинавия елдері мен Солтүстік Американың деңгейіне мемлекет және қоғам біртұтас жұмылғанда жетуге болады. Өйткені қоғамдағы жемқорлыққа деген көзқарас пен пікірді, сана-сезімді өзгертпей, тал қармай береріміз анық.
Жемқорлық дейтін дерттің дендеп кетуін санадағы көзқарас пен күркөріске итеріп-ақ келеміз. Оның ішіне азаматтық қоғамның өкілі ретінде бәріміз де кіреміз. Шындығында, адамдар сыбайлас жемқорлықтың жойылып, парақорларға қарсы күрестің жемісті болғанын қалайды-ақ. Бұл туралы көзқарасымызды жиі білдіріп, әртүрлі жиында жарыса пікір білдіріп те қоятынымыз бар. Өкінішке қарай, жемқорлықпен күрес мәселесін көтергендердің де кейіннен қолына кісен салынғанын көріп жүрміз. Демек жемқорлықтың түпкі себебі адамның ар-ұятына тіреледі. Арлының бойындағы ұят, намыс, қанағат секілді қасиет талайлы тағдырында сан түрлі соқпақ болғанымен, арына дақ түсірмесе керек-ті. Қазақтың «мал сақтама, ар сақта», «жарлы болсаң да, арлы бол» дегені де осыған саяды. Арсыздықтың артында надандық жатыр. Хакім Абай «Әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді. Әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады. Мұның бәрі төрт аяқты малды көбейтеміннен басқа ойының жоқтығынан, өзге егін, сауда, өнер, ғылым – солар секілді нәрселерге салынса, бұлай болмас еді», дейді. Өкініштісі де осы, ертеңгі жемқор да – бүгінгі қоғамның «жемісі». Ал надандық, арсыздық, намыссыздық пен жемқорлық жайлаған жерде өмір сүру қауіпті бола бермек.