Кеше Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезі аясында «Бейбітшілік, қауіпсіздік және үйлесімділік жолындағы әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері арасындағы өзара құрмет пен түсінік негізіндегі үнқатысу» тақырыбында сессия өтті. Оған өз елімізден және шетелден келген түрлі дін өкілдері мен сарапшы-мамандар қатысты.
Жиынға модераторлық еткен «Интер-секшнс Интэрнэйшнл»-дің директор-құрылтайшысы Роберт Чейз мұндай сессиялар түрлі діндер мен мәдениеттер өкілдерінің өзара пікір алмасуы үшін таптырмайтын үнқатысу алаңы екенін атап өтті. Сонымен қатар, ол бұл съездің ауқымын одан әрі кеңейте түсіп, онда көтерілген мәселелерді тәжірибе жүзінде қолданудың маңызы зор екенін атап өтті.
Астана төріне жиналған діндер лидерлері үнқатысу алаңына бір ғана ізгі мақсатпен келді. Ол – әлемде бейбітшілік пен түсіністік, келісім орнауына ықпал ету. Азаматтардың санасына әсер етуіміз керек. Біз осындай сессияға түрлі дін өкілдері болып жиналып отырмыз. Сол арқылы біз әлемдегі күрделі мәселелердің белгілі бір деңгейде оң бағытқа бұрылуына ықпал етуіміз керек. Әрине, мұндай жиындардың маңызы қандай деген сауал туындауы мүмкін. Бұған қарапайым ғана жауап берер едім. Ізгілік жолындағы кез келген үнқатысу қоғамға, ондағы адамдарға оң әсер етпесе, керісінше, ықпал етпейді. Сондықтан, мұндай басқосулар бәрімізге, әсіресе, бейбітшілікті аңсайтын әрбір азамат үшін керек, деді Р.Чейз.
Осылай дей келе, ол алғашқы сөзді Литвадан келген архиепископ-митрополит Сигитас Тамкявичюске берді. Мәселен, ол: «Мен Балтық теңізі жағалауында орналасқан шағын мемлекеттен келіп отырмын. Оның тәуелсіздік алуына 50 жыл бұрын ғана мүмкін болды. Өзім дін ұстаушылардың құқығын қорғағаным үшін сотталып, біраз уақыт қамауға алындым. Мен Литвадағы дін өкілдерінің сезімі, бұл елдегі діни мәселелердің қалай шешіліп жатқаны жөнінде өз ойымды жеткізгім келеді. Біздегі шіркеу мемлекеттен бөлінген. Яғни, ол мемлекет істеріне араласпайды. Ал мемлекет, керісінше, дін істеріне араласпайды. Алайда, дін де, мемлекет те ел азаматтарының игілігі жолында ықпалдаса әрекет етеді. Сондықтан, біздегі мемлекеттік мектептерде аптасына бір рет дін мәселесіне қатысты бір пән енгізілген. Ал ол пәнді оқу, оқымау құқығы бала мен оның ата-анасына беріледі. Бұған қоса, этика пәні де оқытылады. Себебі, дін де, мемлекет те адам бойында рухани құндылықтар мен әдептердің берік орнауына мүдделі. Литвадағы барлық конфессиялар арасында өзара сыйласымдылық қарым-қатынас орнаған. Бұл – біз үшін өте өзекті», – дей келе, рухани құндылық атаулының ардақталуы мен құрметтелуі әлемде қандай да бір қарама-қайшылықтың туындамауына ықпал ететінін, қазіргі заман осыған міндеттеп отырғанын жеткізді.
Ал Дохадағы Дінаралық үнқатысу жөніндегі халықаралық орталықтың төрағасы Ибрагим Салех әл-Наими адамдардың, мейлі ол қай діннің өкілі болмасын, бір-бірімен өзара сыйластық пен түсіністікте өмір сүрудің маңызына тоқталды. Құдай бәрін, яғни біздің Жер бетіндегі барлық амалдарымызды көріп тұр. Сондықтан, біз әрдайым ізгілік жолымен жүріп, бір-бірімізге қайырымды, кешірімді және қамқор болып, төзімділік қағидатын сақтауымыз керек. Біз не айтсақ та, біз қандай қадамға барсақ та мұның бәріне берілетін жауап та, сұрау да бар. Демек, біз осыны ұмытпауымыз керек. Ол үшін адамдар арасында, діндер арасында алауыздықтың өршімеуіне, арам пиғылдың орын алмауына айрықша мән беруіміз керек, деді ол өз сөзінде.
АҚШ Мемлекеттік департаментінің басқарма басшысы Шон Кейси өз сөзінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі жұмысына саясаткерлерді кеңінен тарту қажеттігін алға тартты. Үш жылдан кейін бас қосатын келесі жиынымызда біздің үнқатысу алаңымызды кеңейте түсуді ұсынамын. Біз үнқатысуымызға мемлекеттік органдардың өкілдерін барынша кеңінен тарту қажет, деді ол өз сөзінде. Ш.Кейсидің атап өтуінше, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезіне дін өкілдерінің саяси серіктестері де қатысып, қызу пікірталастарға араласқаны жөн. Яғни, үш жылдан кейінгі жүздесуіміз барысында съезд жұмысына мемлекеттік органдардың, саяси ұйымдардың өкілдері де белсене қатысатындығына үміт артамын. Олардың бізбен кең ауқымды әрі жемісті сұхбат құрып, пікірталас орнатқаны маңызды болар еді, деді америкалық сарапшы.
Пәкістандағы Ислам идеологиясы жөніндегі кеңестің төрағасы Малик Мұхаммад Хан Шерани дінді таңдауда әр адамға ерік пен құқық берілетінін, алайда, қандай да бір дінді ұстамасын, сол адам өзгегеге қиянат жасау, зорлық-зомбылық көрсету, күш қолдану, жазықсыз өлімге қию секілді күнәға бармауы қажеттігін, теріс қадамдарға барудың арты ешкімге жақсылық әкелмейтінін атап өтті. Әр адам кәмелеттік жасқа жеткеннен кейін білім мен ғылым алуға ұмтылуы керек. Ал діни наным-сенім – әр адамның өз таңдауы. Кез келген адам белгілі бір дінді таңдаса, оның қағидаттарына қайшы келетін әрекеттерге бармауы тиіс. Егер, күндердің бір күні ол адам өзінің дінін басқа дінге ауыстырғысы келсе, онда ол азаматқа мемлекет тарапынан ешқандай қысым көрсетілмей, керісінше, қолдау танытылуы тиіс. Себебі, қысым көрсету – дінге жат ұғым, деді ол өз сөзінде.
Қытайдағы Мұсылмандар қауымдастығы төрағасының орынбасары Ян Джибо Аспанасты елінде 56 түрлі ұлт өкілі тұратынын, оның ішінде мұсылмандар да бар екенін айтты. Қытай Ұлы Жібек жолын жандандыру арқылы діндер арасындағы өркениеттер үнқатысуын нығайтуға айрықша мән беріп отыр. Бұл бейбітшілікті, түрлі дін өкілдері арасындағы өзара келісім тетігін бекітуге ықпал етер еді. Бұл мұсылмандар мен басқа дін өкілдерінің арасындағы қарым-қатынастың жақындасуына оң әсер етері де анық. Қытай қоғамында ислам мен мұсылмандар ассоциациясы үлкен рөл атқарады. Бұл жерде бір ғана қағидат бар – ол әлемдегі барлық мұсылмандардың бір-бірімен туыс және бауыр екендігі. Исламдағы тең құқылық пен өзгенің наным-сеніміне құрметпен қарау қағидаты әлемдегі бейбітшілік тінін нығайтуға шақырады. Біз осыны естен шығармауымыз керек. Қазіргі таңда бізді алаңдатып отырған күрделі мәселе – экстремизмнің және өзге діндегі азаматтың көзқарасына төзімсіздік танытудың өрістеуі. Ал бұлардың алдын алу үшін, ең алдымен, мұсылмандар өз ішінде бірігуі, бір мақсат-мүддеге топтасуы керек. Ол үшін дәл осындай үнқатысу алаңдарында кезек күттірмейтін кез келген күрделі мәселені кеңінен талқылап, оларды шешу жолдарын қарастыру керек. Бұл ең алдымен, адамзаттың игілік жолында бірігуінің алғышарты болар еді, деді Я.Джибо.
ЮНЕСКО Хатшылығындағы Әлеуметтік және гуманитарлық сектордың мәдениетаралық үнқатысу бөлімінің басшысы Анн-Белинда Прайс Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін ұйымдастырған Қазақстанға ризашылығын білдірді. Бүгінде бұл съездің қажеттілігі күн санап артып келеді. Себебі, діндер өкілдері өздерін толғандырып жүрген мәселелердің жауабын осындай ауқымды жиындардан алуға мүмкіндік алады. Ал бүгінгідей күрделі кезеңде осындай жиындар айрықша қажет, деді ол.
Секция отырысы барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Маямеров те сөз алды. Ол өз кезегінде діннің адамгершілікке, имандылыққа, ізгілікке ұйытатын құдіретті күш екенін алға тартты. Дін сөзінің аясы кең, ұғымы ұлы. Ол тек құлшылықтан бас көтермеу дегенді білдірмейді. Дін – өмір сүрудің үздік үлгісі, екі дүние бақытына жетелейтін ұлы жол. Дін – адамгершілікке, имандылыққа, ізгілікке ұйытатын құдіретті күш. «Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын», дейді ақын Абай атамыз. Міне, дін дегеніміз – адамдық қасиетті қалыптастыратын теңдессіз тәрбие мектебі. Тарихта дінсіз, яки имансыз адам болғанымен, дінсіз қоғам болмаған. Себебі, адам баласы сенімге мұқтаж, деді ол.
Сонымен қатар, Бас мүфти бүгінде дінді өз саяси мақсаттарына икемдеп алған түрлі топтардың әлемнің әр жерінен көріне бастағанына тоқталды және қазіргі кезеңде әлемдік қоғамдастық экономикалық дағдарысты, саяси, ұлтаралық, дінаралық шиеленістерді бастан кешіп жатқанын атап өтті. Адамзат жаңа ғасырда бұрын-соңды болмаған діни алауыздықтар, дау-жанжалдар, ұлтаралық қақтығыстармен бетпе-бет келді. Дінді саясиландыру арқылы жастар санасын теріс арнаға бұру үрдісінің куәгері болдық. Бүлікшілердің бүкіл әрекеті, сөз жоқ, дәстүрлі дінімізге деген анық қарсы әрекет, адамшылыққа да жат амал. Алла тағала Құран Кәрімде: «Ізгі істерге, тақуалыққа көмектесіңдер, күнә жасауға, дұшпандыққа жәрдемші болмаңдар», дейді. Біз халықтарды бірлікке, ізгілікке, қайырымдылыққа шақыруда діни тұлғалардың айрықша рөлін ескеріп, имамдардың әлеуетін, қабілеті мен тәжірибесін арттыруға баса назар аударып келеміз, деді Ержан қажы Малғажыұлы.
Жиын барысында Бас мүфти бүгінде қоғам діннің адамгершілік құндылықтарына мұқтаж екенін жеткізді. Ал осындай рухани күйзеліс сәттерінде дін, зиялы қауым өкілдерінің белсенді жұмыстарына үміт артылады. Қамыққанға қамқор болу, ол да дін өкілінің асыл парызы. Қазақстан халқының бірлігі мен татулығы, діни келісімге негізделген жалпыға ортақ құндылықтары болашақ заман үшін үлгі-өнеге, өсиет болып қала бермек. Осынау мамыражай сәтте Әлемдік және дәстүрлі діндер өкілдерінің ортақ келісімі, ымыраға негізделген ынтымағы тарих беттерінде алтын әріптермен жазылары хақ, деді ол бұл орайда.
Аталған секция соңында дін өкілдері мұндай үнқатысу алаңдарын тұрақты түрде ұйымдастырып, пікір алмасу тәжірибесін үзбеудің өзектілігін атап өтті. Жиынға қатысушыларды толғандырған сауалдарға жауап берді.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».