Айбын • Бүгін, 08:30

Жас патриоттар жарысы

34 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда өткен «Ай­­бын» X халықаралық әс­ке­ри-патриоттық жас­­­тар дәстүрлі жиы­нын­да Әзер­­­байжан, Бела­русь, Қазақстан, Қырғыз Рес­публикасы, Ресей және Өзбекстаннан 14-17 жас аралығындағы 750 жас патриот­ бақ сы­нады.

Жас патриоттар жарысы

Іс-шара Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы, тәуелсіз Қазақстанның тұң­ғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің туғанына 100 жыл толуына орайлас­тырылды. Жиынның ашылу салтанатына Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов, Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов, Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы­ның қолбасшысы Талапкер Әміреев және оның тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник Ниязтай Әлкешев, халық батырының қызы Айсұлу Нұрмағамбетова, шетелдік қонақтар, еліміз­дің әскери-патриоттық клубтары мен оқу орындары­ның тәрбиеленушілері қа­тысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның жас патриоттарына жолдауын Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ғизат Нұр­дәулетов оқып берді. Онда жиынның әскери қызметтегі тәртіп пен жауапкершілік, өзара көмек пен ұйымшылдық жоғары нәтижелерге қол жет­кізу мүмкіндігінің кепілі екені айтылған.

Жас жауынгерлердің алдында сөз алған Талапкер Әміреев: «Елдің дамуы мен гүлденуі, оның келешегі жас ұрпаққа тікелей байланысты. Болашақ ел сарбаздарын жас­тайынан жауынгерлікке баулу, олардың бойына отаншылдық ерлік рухты қалыптастыру – ортақ парызымыз. Мемлекет басшысы былтыр бүкіл армия­лық кеңесте «Жас сарбазды» ұлттық деңгейге көтеру керек екенін айтты. Осындай іс-шара көп болса, болашақта патриот жастардың да қатары көбейеріне сенімдімін», деді.

«Әли» оқу-жаттығу орта­лы­ғында өткен жиынның ал­ғашқы күнінде Ұлттық ұлан­ның 6654 әскери бөлімінің қара­мағындағы «Жас бүркіт» әске­ри-патриоттық клубы екі аталым бойынша жеңімпаз атан­ды. Автоматты толық бөл­шектеу мен жинақтау, сон­дай-ақ асық ату ойындарын­да Қаракемер кентінің М.Ломоносов атындағы мек­те­бінің патриоттық сыныбы үз­дік деп танылып, І орынды иеленді. Ұлттық ұлан бас­та­масымен құрылған «Жас бүр­кіт» клубының әскери-пат­риот­тық сыныптары еліміздің бар­лық өңіріндегі әскери бөлім­дермен бірлесіп, жастар сая­са­ты, ұлттық идеология ба­ғы­тында жемісті еңбек етіп жатқаны қуантады.