СЕНАТОРЛАР ОСЫ МӘСЕЛЕНІҢ ШЕШІМІН ТАБУҒА ТЫРЫСТЫ
Кеше Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен палата пленарлық отырысының күн тәртібінде жиырма мәселе қаралды. Соның ішінде Үкімет пен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2009 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері депутаттардың ерекше қызығушылығын тудырды.
Қаржы министрі Болат Жәмішев өз баяндамасында өткен жылы Президент тапсырмаларының жүзеге асырылғанына ерекше тоқталып өтті. Республикалық бюджеттің шығыс бөлігі 98,2 пайызға орындалған. Министр сыртқы қарыз ішкі жалпы өнімнің 60 пайызынан аспауы керек болса, еліміздегі бұл көрсеткіш 10 пайызды құрады деді. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бисенғали Тәжияқов банк депозиттері әлдеқайда өсіп, 16,4 триллион теңгеге жеткендігін алға тартты. Инфляция өткен жылы 6,9 пайызды құрап, оның арғы жылымен салыстырғанда біршама төмендеген екен. Мәселен, өткен жылы инфляция Ресейде – 10, Белоруссияда – 10,1, Украинада 13,3 пайыз болыпты. Сондай-ақ өткен жылы еліміздің халықаралық резерві 7, 9 миллиард долларға өсіп, инвестициялық табыс 1,5 миллиард долларды құрапты. Шетелдік инвестиция 12,6 миллиард доллар болса, сыртқы қарыз 4 миллиардқа өсіп, 111,7 миллиард АҚШ долларына жеткен. Ал банктердің сыртқы берешегі 9,1 миллиардқа кеміп, қазіргісі 30 миллиард доллар көлемінде қалыптасыпты. Мемлекеттік қарыз 3,5 миллиард долларға жеткен.
Әйтсе де бұл көрсеткіштер сенаторлар көңілінен шыға қойған жоқ. Өткен жылы игерілмей қалған 60 миллиард теңге мен дағдарысқа қарсы жұмсалуы тиіс қаржылардың депозиттерде сақталуы сын тезіне алынды. Ғани Қасымов 237 индустриялық-инновациялық жобалардың көбісі бұрынғы кәсіпорындарды қайта жаңғыртумен және цехтар салумен ғана шектелгеніне қынжылыс білдірді. Екінші деңгейдегі банктерге салынған қаржылар қашан қайтарылады, деді сенатор сұрақты төтесінен қойып. Қорғаныстық тапсырыстардың отандық кәсіпорындар тарапынан жасалмайтындығына көңіл толмайтынын білдірген Қуаныш Сұлтанов кеңестік дәуірде әскери өнімдер шығарған 51 кәсіпорынның қазір керексіз болып қалғандығын айтты. Мемлекет инвестициялық қорлардан қомақты инвестиция жоғалтып отырғандығын ашына жеткізген Иран Әміров лауазым иелері елдің алдында жауап беруден қалған деген тұжырымын жеткізді. Осы ретте Сенат депутаттары бюджет әкімшілерін жауапкершілікке тарту мәселесі шешімін таппай келе жатқанына назар аудартты. Осылайша депутаттар ескертпелері мен ұсыныстары назарға алына отырып, қосымша баяндама әзірленетін болып шешілді. Ол Парламент палаталарының бірлескен отырысында баяндалмақ.
Депутаттарды қызықтырған тағы бір заң жобасы “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне “Электронды үкіметті” дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” деп аталады. Ақпараттық жүйелерді қолданумен электронды қалыпта мемлекеттік қызметтер көрсетуді заңдастыратын заң жобасы бойынша баяндаманы Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев жасады. Министр ұсынылатын өзгерістер азаматтарға ақпараттық коммуникациялық технологияларды қолданумен өз құқықтарын жүзеге асыруға және заңмен қорғалатын мүдделерін қорғауға аз уақыт пен қаржы жұмсауға мүмкіндік беретініне ерекше тоқталды. Мысалы, азаматтар мен кәсіпкерлер мемлекеттік қызметтер мен лицензия алар кезде мемлекеттік электронды ресурстарда бар мәліметтерді растайтын нотариуспен бекітілген құжаттардың көшірмелерін ала алады. Электронды құжаттарды сот өндірісінде, нотариалдық қызметте және лицензиялауда жүзеге асыруға да мүмкіндік бар. Өтінішті сандық қолтаңбамен бекітілген электронды құжат түрінде беруге де мүмкіндік ашылып отыр. Жоғарыда айтылғандарды ескере келе Сенат заң жобасын қабылдады.
Бұдан кейін сенаторлар Кеден одағына қатысты үш заңдық құжат бойынша және өзге де заң жобалары жөнінде тиісті шешімдер қабылдады.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.