Фото: Ақорда
- Ай басында Астанада өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитінің әлемдік саяси аренадағы салмағы қандай?
- Бүгінде әлемдік геосаясаттағы хаос жағдайында Шанхай ынтымақтастық ұйымының саяси аренадағы салмағы орасан артып келе жатқандығы анық байқалады.
Батыс елдері мен Ресей арасындағы геосаяси текетірес нәтижесінде ІІ дүниежүзілік соғыстан кейін қаланған әлемдік тәртіптің іргетасы шайқатылуда. Біріккен ұлттар ұйымы, халықаралық құқық нормалары қақтығысты реттеуге қауқарсыз. Осындай геосаяси сілкіністер кезеңінде ШЫҰ-ның Еуразия аймағында тұрақтылық, бейбітшілікті, қауіпсіздікті қамтамасыз етуде рөлі өте маңызды.
Ұйым өз жауапкершілігі аясында тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау ісіне, әлемдік экономиканы дамытуға, мәдениеттер мен өркениеттер диалогын кеңейтуге ықпал жасап отыр.
- Халықаралық ұйымның бастапқы құрылу тарихы шекарадағы бейбітшілікті бекемдеу еді. Ұйымның осы бағыттағы ұстанымы орындалып келе ме?
- Иә, ШЫҰ-ның негізгі мақсаты мемлекеттердің шекара аймағында әскери күштерін қысқарту, шекара аймағында әскери сенім шараларын күшейту болатын. Қысқаша ғана тарихқа көз жүгіртер болсақ, 1960 жылдардан бастап КСРО мен ҚХР арасындағы қарым-қатынас аса күрделі жағдайда болды. 1969 жылы КСРО-ның Даманск аралында, Семей облысындағы Жалаңашкөл көлінің маңайында КСРО мен ҚХР әскерлері арасында қарулы қақтығыс болып, екі тараптан да жүздеген жауынгердің қаза тапқаны мәлім.
Шекаралық қақтығыстар КСРО мен ҚХР арасындағы саяси-әскери ахуалды күрделі жағдайда ұстап тұрды. 1991 жылға дейін КСРО мен ҚХР арасында шекараны бекіту туралы келісім болған емес. Қазақстан 1991 жылы тәуелсіздігін алғанда КСРО-дан қалған осындай ауыр қамытты қоса арқалауға тура келді. КСРО ыдырағаннан кейін Ресей мен ҚХР арасындағы қарым-қатынас қайта жылыды. Орталық Азияның тәуелсіз республикалары үшін шекараларының нақ іргесіндегі ірі көлемдегі ҚХР әскері үлкен қауіп болатын. Сондықтан 90-шы жылдардан бастап шекара маңында әскери күштер санын қысқарту бағытында көп жұмыс жүргізілді. Қытай тарапы да Орталық Азияның жаңадан тәуелсіздік алған республикаларымен бейбіт, сауда-экономикалық қарым-қатынас орнықтыруға мүдделі болды.
Осылайша 1996 жылы Ресей, Қытай, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан басшылары «Шекара аймақтарында әскери саладағы сенім шаралары туралы» Шанхай келісіміне қол қойды. Сол кезде аталған ұйым «Шанхай бестігі» деп аталды. 1997 жылы Мәскеуде «Шекара аймағында қарулы күштерді өзара қысқарту туралы» келісімге қол қойылды. 2001 жылы ұйымға Өзбекстан толыққанды мүше болып енгеннен бастап «Шанхай ынтымақтастық ұйымы» деген ресми атауға ие болды.
ШЫҰ-ның Хартиясында көрсетілгендей ұйымның негізгі басымдықтары - өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, терроризмге, экстремизмге және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес, экономикалық кооперацияны, ең алдымен көлік, сауда және инвестициялық салаларда тереңдету, сондай-ақ гуманитарлық байланыстарды кеңейту болып табылады.
- Қазақстан төрағалығы тұсындағы ұйымның мазмұнды міндеті мен жетістігі туралы не айтуға болады?
- Қазақстан ШЫҰ-ның негізін қалаушы мемлекеттердің бірі ретінде ұйымның құрылуының алғашқы күндерінен бастап оның қызметіне белсенді қатысып келеді. Осы кезеңде ұйымның негізгі салалардағы қызметін жандандыру үшін барлық күш-жігерін жұмсап, 150-ден астам іс-шара өткізілді.
Қазақстан төрағалығы кезеңінде 60 жаңа құжат қабылданды. Атап айтқанда, есірткіге қарсы стратегия, экономикалық ынтымақтастық стратегиясын іске асыру жоспары, қоршаған ортаны қорғау саласындағы келісім, энергетикалық ынтымақтастықты дамыту стратегиясы сынды құжаттар аса маңызды.
Ұйымға мүше және бақылаушы мемлекеттердің арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды жетілдіре түсетін тартымды жобалар, атап айтқанда, «ШЫҰ елдерінің рухани-киелі мекендері» және «ШЫҰ-ның Жібек жолы» халықаралық музыкалық фестивалі сынды жобалар іске қосылды. Алматы қаласы ШЫҰ-ның мәдени және туристік астанасы ретінде танылды.
- Халықаралық ұйымдарға төрағалықтан ел не ұтады?
- Халықаралық ұйымдарға төрағалық ету арқылы мемлекеттер сол ұйым шеңберінде сыртқы саяси басымдықтарын іске асыруға мүмкіндік алады. Қазақстан бейбітсүйгіш мемлекет ретінде үнемі сыртқы саясатта халықаралық бейбітшілікке үлес қосатын ірі жобалардың бастамашысы. Әлемдік қауымдастықта Қазақстан дәл осындай бейнемен танылған және үлкен абырой мен беделге ие. Мұны саммит барысында БҰҰ-ның Бас Хатшысы Антониу Гуттериш мырза да Қазақстанның бейбітшілік бастамаларын ерекше ілтипатпен тілге тиек етті.
Осы жылдың 28 мамырында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Euronews» телеканалының сайтында «Орта державалар мультилатерализмді құтқара алады» атты мақаласы жарық көргені белгілі. Аталған мақалада Президент қазіргі геосаяси аласапыранда «орта державалардың» рөлі туралы тұжырымдамасын талқыға салды. Астана саммитінде Президенттің «орта державалар» туралы тұжырымдамасын Қытай халық республикасының төрағасы Си Цзиньпин мырза қолдайтынын білдіруі біздің еліміздің бітімгершілік, арағайындық тұрғысынан беделінің аса жоғары деңгейде екендігінің көрсеткіші.
- Астанадағы ШЫҰ саммитіндегі елеулі жаңалықтар ретінде нені атауға болады?
- Астанадағы ШЫҰ саммитінің басты жаңалығы Беларусь Республикасы ұйымның толыққанды мүшелігіне қабылданды. «ШЫҰ плюс» форматы негізінде серіктес елдердің мемлекет басшылары саммитке қатысты.
ШЫҰ-ның географиялық кеңістігі жылдан жылға кеңейіп келеді. Ынтымақтастық сандық қана емес, сапалық тұрғыдан нығайып жатыр. Ұйым Астанада 26 мемлекеттің басшылары мен өкілдерінің басын қосты. Оның ішінде 14 мемлекет ШЫҰ-ның диалог платформасында серіктес елдер санатына жатады.
- Беларусь Республикасының ШЫҰ қосылуымен қандай өзгерістер болуы ықтимал?
- Шанхай ынтымақтастық ұйымы құрылғаннан бері Азия елдерінің өзара сенім және ынтамақтастығының бір платформасы ретінде орнықтырған болатын. Беларусь Республикасының толыққанды мүше болуы ұйымның Еуразиялық сипатқа трансформациялануының алғашқы қадамы деп айтуға болады.
- Әңгімеңізге рақмет!