Ғылым • 20 Шілде, 2024

Қола дәуірінің қолтаңбасы

138 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ә.Марғұлан университеті Археологиялық зерттеулер институты Көктас-2 археологиялық кешеніне жүргізген экспедиция барысында сирек кездесетін жәдігерлерді тапты. Соның бірі – біздің заманымызға дейінгі ХІІІ-VІІІ ғасырлардың орта­сын­дағы Саргарин-Алексеев мәдениетіне жататын най­заның ұшы.

Қола дәуірінің қолтаңбасы

Май ауданындағы Көк­тас археоло­гия­лық кешенінде екінші жыл қатарынан зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл мұнда 3,5 мың жыл­дық тарихы бар бірегей ғима­раттар, мыс кені өндірілген және өңделген көне шахталар табылды. Бұл аймақта 20-дан астам қорған бар, олардың кейбіреуі сақ кезеңіне жатады. Жерлеу орындарын зерттеу барысында адам сүйектері, жануарлар, керамикадан жасалған асүй ыдыстарының сынықтары, қоладан жасалған жебелердің ұштары табылды. Енді табылған жәдігерлер қажетті зертханалық өңдеуден өтеді.

«Бұл – Павлодар өңірі үшін бірегей олжа. Найзаның ұшы біздің заманымызға дейінгі ХІІІ-VІІІ ға­сырлардың ортасындағы Сар­гарин-Алексеев мәдениетіне жа­тады. Жалпы Ә.Марғұлан уни­вер­ситетіне қарасты Археоло­гия­лық зерттеулер институтының ғалым­дары Ертіс-Баян өңірінің тарихи-мәдени мұрасын сақтау және зерделеу бойынша үлкен жұмыс жүр­гізіп отыр», дейді археоло­гия­лық зерттеулер ор­талығының ғылыми қызметкері Асқар Әбілдин.

Көктас археологиялық ке­ше­нінде қазіргі уақытта инсти­туттың ғылыми қызметкер­ле­рі Асқар Әбілдин, Елена Ту­ше­ва, Талғат Айлыбаев бастаған архео­ло­гиялық экспеди­ция жұ­мыс жүр­гізіп жатыр. Архео­­логия­лық зерт­теулер инс­ти­туты­ның өкілі Ең­лік Әбе­уо­ваның ай­туынша, Май ауданындағы та­рихи жерлер негізінен кейінгі қола және ерте темір дәуірлеріне жатады.

«Ғалымдарымызбен бірге ол жерлерде университетіміздің 50-ден аса студенті қазба жұмыс­тарымен шұғылданып жатыр. Бір жағынан жастар үшін үлкен тәжірибе болады. Табылған най­заның ұшы – ең жақсы сақталған жәдігердің бірі. Кезінде ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан Павлодар облысындағы көптеген жерге ғылыми тұрғыдан сипаттама беріп кеткен. Соның ішінде Баян­ауыл ауданы аумағында қан­шама археологиялық орын бар. Торайғырдағы сақ қорғандары, «Кемпіртас» маңайы біздің қыз­мет­керлеріміз тұрақты зерт­теу жүр­гізетін аумақтар. Шілде айы­ның соңында Май ауда­нындағы жұмыстарымызды тәмамдап, Баян­ауылға қарай ойысамыз. Экспедиция мүшелері ол жақтан да олжалы қайтады деген үмітіміз зор. Мұнда ашық аспан астында мұражай құру және айналымға жаңа қызықты тарихи-мәдени көрнекті орын енгізу көзделіп отыр. Павлодар қаласы маңында Байдала қоры­мын зерт­теу жал­ғасуда, онда Қи­мақ ке­зеңіне қатысты қызықты жерлеу орындары табылған болатын», дейді Еңлік Әбеуова.

Павлодар облысы,
Май ауданы