Қазақстан • 20 Шілде, 2024

Пейіл түзелсе, іс оңға басады

171 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың Түркістанда өткен екінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Әділетті Қазақстанды құру министрлер мен әкімдердің ғана міндеті емес. Оған бүкіл қоғам болып жұмылуымыз керек. Ал түпкі мақсатымызға жету үшін саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, әр азаматтың сана-сезімі жаңғыруы қажет. Халқымыздың дүниетанымы және өмірлік ұстанымдары өзгеруге тиіс. Әйтпесе, басқа реформаның бәрі бекер. Бір сөзбен айтсақ, пиғыл өзгермесе, ештеңе де өзгермейді», деген еді.

Пейіл түзелсе, іс оңға басады

Фото: dodanews.kz

Бүгінгі өмір шындығына зер салып, зерделеп көрсек, Мемлекет басшысының пайымымен келісе­тініміз кәміл. Мәселен, 2021 жылға дейін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басшылары мен сарапшылар еліміздің қай саласын болсын жаппай жайлап, жегі құрттай іштен жеп жатқан жемқорлықтың туындауының басты себебі мемлекеттік қызмет­шілердің жалақысының төмендігі деп келген болатын.

Осыған орай сол жылғы шілде айынан бастап барлық мемлекет­тік органның қызметкерлерінің жалақысы айтарлықтай өсірілді. Бұған «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілерінің бос лауазымдарына жарияланып жат­қан конкурстар туралы ха­бар­ландыруларға қарап көз жеткі­зуге болады. Мысалы, шешім қабыл­дайтын лауазым иелері – аудан­дық бөлім басшысы­ның орташа айлық жалақысы 380391 теңге, аудан әкімінің орынбасарынікі – 512004 теңге, облыстық басқарма бас­шысынікі – 688752 теңге. Жұрт­қа көрсетіп отырған қызметің үшін пара дәметпей-ақ, адал өмір сүруіңе жететін қаражат емес пе бұл?! Ал аудан әкімдері, облыс­тардың, республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері, министр­лер және олардың орынбасарла­ры сияқты саяси мемлекеттік қыз­мет­шілердің, сондай-ақ «А» кор­пу­сының әкімшілік мемлекеттік қызмет­шілерінің жалақылары тіп­ті жоғары. Осылайша, Мемлекет бас­шысының тапсырмасымен ха­лыққа адал қызмет етуге ант бер­­ген шенеуніктердің алаңсыз жұмыс істеуіне қажет мүм­кін­дік туғы­зылды. Демек барлық деңгейдегі мемлекеттік органның мемле­кет­тік қызметшілерінің тарапы­нан тиісті қайтарым болып, көрсеті­летін мемлекеттік қызмет­тердің сапа­сы барынша артып, жемқор­лық­тың тамырына балта шабы­луға тиіс еді. Өкінішке қарай, мем­лекет­тік қызмет саласында мұн­дай тү­бегейлі өзгеріс болған жоқ. «Дәнік­кеннен құныққан жаман» демек­ші, мемлекеттік басқару орган­­дарындағы арандары ашылған жем­­қор­лар әлі де айылдарын жияр емес.

Бас прокуратураның Құқық­тық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметіне сүйенсек, былтыр елімізде 1461 жемқорлық қылмыс тіркелген. Бұл бұрнағы жылғымен салыстырғанда 4,5 пайыз аз болғанымен, елорда мен 4 өңірде осы қоғамдық індет одан әрі үдей түскен. Астана қаласында 2022 жылы 152 жемқорлық құқық бұзушылық әшкереленген болса, былтыр оның саны 196-ға жеткен. Осы жөніндегі көрсеткіш Қостанай облысында 78-ден 97-ге дейін, Павлодар облысында 43-тен 47-ге дейін, Ұлытау облысында 14-тен 41-ге дейін, Абай облысында 8-ден 31-ге дейін ұлғайған. Бұған қоса әскери қызметшілер жасаған жемқорлық қылмыс саны бұрнағы жылғы 18-ден былтыр 54-ке дейін, яғни үш есе көбейіп кеткен.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметіне қарағанда, әсіресе өзгелерге үлгі-өнеге көрсетеді деген зиялы қауым өкілдері – мұғалімдер, дәрігерлер және әлеуметтік қызметшілер еңбек ететін әлеуметтік салада жемқорлық белең алған. Өткен жылы осы салада 311 жемқорлық қылмыс әшкереленген. Соның 155-і – білім беруге, 64-і – денсаулық сақтауға, 29-ы – әлеуметтік қор­ғау­ға, 56-сы медициналық-әлеу­­меттік сараптама қызметіне тие­сілі. Нәтижесінде, 95 адам сот­талған, оның 52-сі – білім беру, 20-сы – денсаулық сақтау, 9-ы – әлеуметтік қорғау, 11-і – меди­циналық-әлеуметтік сараптама қызметкерлері.

Қазір Парламенттің қа­рауын­да Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл агенттігі әзірле­ген жем­қорлыққа қарсы іс-қи­мыл мә­селелері жөніндегі заң жоба­лары бар. Ұсынылған жаңашыл­дықтардың ішінде жемқорлардың жария тізілімін енгізу туралы норма да маңыз­ды. Осыған байланыс­ты «Дер­бес деректер және олар­ды қорғау туралы» заңға тиісті то­лықтыру енгізілмекші. Бұл нор­ма қабылданған жағдайда жемқор­лық қылмыс жасап сот­талған адамдардың барлығының аты-жөнін жұртшылық, оның ішінде сол жемқорлардың балалары мен немере-шөберелері де кез келген уақытта біле алатын болады. Мұ­н­ың өзі қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік ахуалын қалыптастыруға септігін тигізетіні анық.

Дегенмен мемлекеттік орган­дардың бірінші басшыларының сыбайлас жемқорлықпен күрес үшін жауапкершілігін әлі де күшейте түсу қажет. Айталық, қазір қолданыстағы заңнама бойынша егер өңірлік әкімдіктің басқармасының басшысы жемқорлық құқық бұзушылыққа жол берген болса, онда әкімнің же­тек­шілік жасайтын орынбасары отставкаға кетуге өтініш беруге тиіс. Шындығында, өңірлік әкім­діктің басқармаларының бас­шы­ларын әкімдер көп ретте өз орынбасарларының пікірлерін сұра­май-ақ, өздері таңдап тағайын­дайды. Сол себепті өңірлік әкімдік­тердің басқармаларының басшылары жемқорлық қылмыс жасап сот­талған жағдайда олар үшін әкім­дердің орынбасарлары емес, әкімдердің өздері тіке­лей жауап бергені әділ емес пе? Мұн­дай тәсіл орталық және жергі­лік­ті мемлекеттік органдарда қол­данылатын болса, шешім қабылдау деңгейіндегі жауапты лауазымдарға іскерлігімен қатар, ары таза мамандар көбірек келер еді.

Қоғамымызда заңның үстем­дігін қамтамасыз ету міндеті жүктелген судьялар да былық-шылықтан то­лық арылып, ха­лық сеніміне ие болып отыр деу қиын. Бұдан алты жылдай бұрын аудандық сот төраға­лары қолдарына тиетін ай­лық жалақылары 230 мың теңге ғана екенін айтып, «Судьялар пара алмай қайтсін?..» дегендей сыңай танытатын. Расында да, судьялардың жалақыларының лайықты болмауы олардың көбін пара алуға итермелеген болар. Осы жағдай ескеріліп, 2019 жылдан бастап аудандық судьялардың жалақысы 655 мың теңгеге дейін көбейтілді. Бұл сома Фемида қызметшілерінің әділдіктен таймауына жеткілікті екені даусыз. Әрине, қанағат болса. Алайда «Ауру қалса да, әдет қалмайды» дегендей, судьялардың бәрі бірдей бұрынғы «әдеттерінен» бас тарта қоймапты. Сол жылы жалақылары еселеп көбейтіл­геніне қуанып, тура жолға түсудің орнына, жең ұшынан жалғасқан жем­қорлығын жалғастырған 11 судья­ның үстінен қылмыстық іс қозғалған.

Бас прокуратураның Құқық­тық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметіне қарағанда, былтыр 3 судья құқық бұзушылық жаса­ған. Ал биылғы қаңтар айында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және сот әкімшілігінің өзін­дік қауіпсіздік бөлімінің қызмет­кер­лері бірлесіп, Атырау облысының Махамбет аудандық сотының судьясын алаяқтық әрекет жасап, басына іс түскен біреуден 2,5 млн теңге алып жатқан кезінде қолға түсірген. Маусым айында Антикордың қызметкерлері Маңғыстау облысындағы Ақтау қалалық қылмыстық істер жөніндегі сот төрағасының сотталушы адамға бостандығынан айырмайтын жеңіл жаза тағайындау үшін сенімді адамы арқылы 18 млн теңге алғанғын әшкерелеген. Осындай мысалдарға қарағанда, судьялардың жалақысының арттырылуы олардың арасындағы парақорлардың санын азайта қоймаған сияқты.

Мемлекет басшысы Қазақстан судьяларының VIII съезінде: «Судьялардың беделі мінсіз, ал кандидаттарды іріктеу үдерісі айқын және ашық болуға тиіс. Дамыған елдердің басым бөлігінде судьяларға қойылатын талаптардың жоғары болатыны соншалық, өткен өміріндегі болмашы бір теріс әрекеті лауазымға тағайындалмауына себеп болуы мүмкін. Мұндай тәжірибені Қазақстанда да қолданған жөн деп санаймын», деген еді. Шынтуайтында, сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жеңген Швейцариядағы сияқты, біздің елде де судьяларды да сайлауға көшетін кез жеткен болар.

Жалпы, Мемлекет басшысы айтқандай, бәрі де адам­ның пиғылына байланысты. От­басын­да «Ұят болады», «Біреудің ала жібін аттама», «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген сөздерді бала кезінен құлағына құйып өспеген адамнан оң пиғыл күту қиын. Мысалы, осы жылдың басында Алматы қаласында болған жер сілкінісі кезінде кейбір такси жүргізушілері зәресі ұшқан жандардан әдетте 2 мың теңгеге апаратын жерге 30-40 мың теңге сұрағанын естіп, жағамызды ұстағанбыз. Өйткені мұндай әрекет «Қолыңда барда қонышыңнан бас» деген арам пиғылдың айғағы емес пе? Адамгершілік тұрғысынан ондай такси жүргізушілерінің жемқор шенеунік пен судьядан айырмашылығы қайсы?

«Адам не тапса да, пейілінен табады», дейді қазекем. Пейі­лімізді түзетсек, елімізді өркен­детіп, әділетті мемлекет құраты­нымыз күмәнсіз.