Қоғам • 22 Шілде, 2024

10 мыңнан астам адам қандас мәртебесін алды

159 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жаңа шарт бойынша қанша этникалық қазақ кандас мәртебесін алғанын мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

10 мыңнан астам адам қандас мәртебесін алды

Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Қазақстанда 2023 жылдың шілдесінен бастап «Халықтың көші-қоны туралы» заңға сәйкес, бес негізгі шартты қамтитын кандас мәртебесін берудің жаңа тәсілдері енгізілді. Сол заң аясында 10 563 этникалық қазаққа кандас мәртебесі берілген.

Қандас мәртебесі келесі шарттарға сәйкес беріледі:

  • Қоныс аударушылар мен қандастарды қабылдаудың өңірлік квоталары шеңберінде Қазақстан Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныстандыру үшін (еңбек тапшылығы бар өңірлер);
  • Демографиялық дамуға қажеттілігі бар даму әлеуеті бар агломерациялар мен ауылдық елді мекендердің, шағын және моноқалалардың, аудандық және облыстық маңызы бар қалалардың аумақтарында қоныстандыру үшін;

  • Тұрғын үй мәселелерін өз бетінше шешу мүмкіндігімен (немесе егер өтініш беруші тұрғын үй иесі болып табылмаса, оның тұруына туыстарының нотариат куәландырған келісімін берумен) өтініш берушінің өтініш беру өңірінің аумағында тұрақты тұратын Қазақстан азаматтары болып табылатын отбасымен немесе жақын туыстарымен (туыстығын растай отырып) қайта қосылуы үшін;

  • Жұмыс берушілердің шақыруы бойынша бос жұмыс орнына жұмысқа орналасу үшін (алдын ала еңбек шартын қоса бере отырып) не тұрғын үй мәселелерін өз бетінше шешу мүмкіндігі бар этникалық қазақтар қатарындағы дара кәсіпкерлер үшін;

  • Қазақстанның жоғары оқу орындарында оқитын этникалық қазақтар үшін (оқу орнынан анықтаманы қоса берген кезде) беріледі.

Жаңа тәсіл енгізілгеннен бері 3 296 этникалық қазақ (1 374 отбасы) жұмыс күші тапшы аймақтарға қоныс аудару үшін кандас мәртебесін алған. Агломерация аумақтарына және ауылдық елді мекендерге қоныстандыру үшін – 948 адам (475 отбасы) қоныстанған. Отбасымен және/немесе жақын туыстарымен қосылуы үшін – 5 655 адам (2 843 отбасы), жұмыс берушілердің шақыруы бойынша бос жұмыс орнына жұмысқа орналасу үшін – 593 адам (295 отбасы) келген. Жоғары оқу орындарының студенттері ретінде – 71 адам (69 отбасы) қандас мәртебесін алғаны белгілі болды.

Еске сала кетейік, этникалық қазақтардың тарихи отанына оралуын ынталандыру жөніндегі мемлекеттік саясат еліміз тәуелсіздік алғаннан бері жүзеге асырылып келеді. Соңғы жылдары Қазақстанға 1 миллион 137,1 мыңнан астам адам оралып, кандас мәртебесін алған.