Ә дегеннен ССКӨБ-ке қарасты «Қашар кені» АҚ кен орнына аттанып кеттік. Қашар темір рудасының мол қорына байланысты бірегей кеніш саналады. Осы уақытқа дейін 350 млн тонна руда қазып алынып, өңделді. Әлі жер қойнауында 800 млн тонна қор бар екен. Рудадағы темір үлесі орташа есеппен – 30,6 пайыз шамасында.
«Кеніш жобасына сәйкес, бұл жердегі өндіріс 2053 жылға дейін жалғасады. Қазір кеніштің жылдық өндірістік қуаттылығы 15 млн тоннадан асады. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 26 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр. Мұндай айырықша ауқымды өндіріс қуаттылығы деңгейіне қолжеткізу үшін әзірге еліміздегі басқа тау-кен өндіру кәсіпорындарында аналогы жоқ жаңа құрылғыларды сатып алу жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі – 220 тонна жүкті көтеруге қабілетті «Hitachi EH4000» самосвалы. Қазірге дейін 42 бірлік осындай техника сатып алынды. Тағы бір маңызды техникамыз – 29 текше метрге дейін тісін батыра алатын «Hitachi EX5600» экскаваторы», дейді «Қашар рудасы» техникалық бөлімінің меңгерушісі Павел Храпатый.
Бұдан кейін бір қызық жәдігерге – кәдімгі қазба ағашының қалдығына ұшырастық. Кәсіпорын басшылығы ағаш тұқылын әспеттеп, құрметті орын жасап қойыпты. Сірә, онысы тегін де емес. Омырыла сынған, бәлкім солай қураған кеспелтектей ағаштың жуан қалдығы 2020 жылы кеніштің солтүстік-шығыс борты аумағынан, 150 метр тереңдіктен табылыпты. Ағаш қалдығының 50 пайыздан астамы кварц-карбонатты цементпен алмастырылған. Ағаш Кайнозой дәуірінің төменгі кезеңіне тиесілі көрінеді. Есте жоқ ескі заманның естелігін тамашалағаннан кейін кеніштің батыс бортын бетке алдық. Бұл жердегі биіктіктен карьер көрінісі біршама анығырақ байқалады. Кенішке таяп баруға болмайды. Біз алыстан бақыладық. Тау сілемі секілденген шұбалаңқы жолдармен алып камаздар құмырсқа секілді жыбырлап жүр. Бірі құлдилап келеді. Бірі өрлеп барады.
«Аптасына бір мәрте жару жұмыстары жүргізіледі. Апта бойы бұрғылау жұмыстары жүзеге асырылады. Теміржол арқылы руда жоғары қабатқа жеткізіледі. Одан әрі ССКӨБ-тің байыту фабрикасына қарай тасымалданады. Қазіргі кезде негізгі жұмыстар солтүстік-шығыс және шығыс бортта жүргізіліп жатыр. Әзірлеу жұмыстары кеніштің оңтүстік учаскесінде жасалады. Кеніштің үстіңгі қабатының ұзындығы – 3,2-3,4 шақырым шамасында болса, тереңдігі – 470 метр. Біз қазір теңіз деңгейімен алғанда +94 метр биіктікте тұрмыз. Төменгі деңгейі – минус 280 метр», деп түсіндірді Павел Храпатый.
Арнайы орталықтағы диспетчерлер тобы ашық тәсілмен темір рудасын өндіру барысындағы тау транспорт кешенін басқарумен айналысады.
«Біз басқарудың автоматты жүйесі арқылы бақылаймыз. Бұл жүйе ең бірінші кезекте қауіпсіздікті, тиімділікті және өндіріс үдерісінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді. Диспетчерлік қызмет барлық операция түріне мониторинг жасайды. Транспорт қозғалысын үйлестірумен айналысады. Сонымен қатар темір рудасының дер уақытында өндірілуін қадағалайды. Автоматтандыру жүйесінің арқасында құрылғылардың бос тұрып қалу уақытын қысқарта аламыз. Сонымен бірге, транспорт қозғалысының маршруттарын оңтайландырамыз. Қазір бізде күн сайын 50 самосвал, 15 экскаватор жұмыс істеп жатыр. Бір самосвал күніне орта есеппен жиырмаға жуық рейс жасайды», дейді диспетчер Арлан Баймұхамбетов.
ССКӨБ жұмыс істеген 70 жыл ішінде 745 млн тоннаға жуық концентрат және 395 млн тоннаға жуық шекемтас өндірген. Кәсіпорын әркез алға жылжуды мақсат ете отырып, өндіріс процесіне озық технологияларды ұдайы енгізді. Нәтижесінде өнімнің жаңа түрі – құрамындағы темір мөлшері жоғары BF-шекемтастар әзірленді. Олар темір кені концентратынан алынады, құрамында 65,5-66 пайыз темір бар.
Ал темір кені дивизионы ұзақ мерзімді даму стратегиясын белсенді түрде енгізіп жатыр. Қашар кені алаңында өнеркәсіптік автопарк толық жаңартылды: 220 тонналық 42 «Hitachi» самосвалы және сыйымдылығы 30 текше метрге дейін жететін 6 экскаватор сатып алынды. Әрине, мұндай ірі транспорттарды тізгіндеп, кен өндіру дейтін келелі шаруаның басы-қасында жүрген мамандардың еңбегі кәсіби мереке қарсаңында елеусіз-ескерусіз қалмады.
ССКӨБ және Қашар кенінің 300-ден астам қызметкері мемлекеттік және салалық наградалармен марапатталды. Мерекенің ресми бөлігіне Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, «ERG» Директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимов, Қазақстандағы «ERG» бас директоры Серік Шахажанов, қала әкімі Виктор Ионенко қатысты. Қонақтарды «ERG» Темір дивизионының басшысы Сергей Напольских қарсы алды.
«Мемлекет басшысы атап өткендей, металлургия саласы – ел экономикасының маңызды секторы. Бұл саланы дамытуда Қостанай облысы маңызды рөлге ие. Бүгін біз өңірдегі жетекші кәсіпорындардың бірінің мерейтойын мерекелеп жатырмыз. Кәсіпорын өзінің 70 жылдық тарихында айтарлықтай табысқа қолжеткізді. Бірнеше рет үздік атанып, жаңа өндіріс ошақтарын ашып, руда өндіру бойынша рекордтар орнатты. Бұл жетістіктердің артында мыңдаған адам тұр. Мұнда 10 мың адам еңбек етеді», деді облыс әкімі алғы сөзінде.
«ERG» акционері Шухрат Ибрагимовтың айтуынша, кен – еліміздің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ететін металдардың бірі.
«ССКӨБ – бұл жай ғана аббревиатура емес, бұл еңбекқорлықтың, табандылықтың және жаңа биік белестің нышаны. Жетпіс жыл бойы кәсіпорын барлық кедергі мен қиындықты жеңе отырып дамыды. Бүгінде ССКӨБ – отандық өнеркәсіптің маңызды тармағы.
Бәріміз бірге 70 жылды еңсердік, бірақ бұл дамудың даңғыл жолы өз мәресіне жетті дегенді білдірмейді дейді Сергей Напольских.
«Біз өзіміздің жетілдіру стратегиямызды әзірлеп жатырмыз. Мақсатымыз – жаңару, заманауи технологияларға көшу, тиімділікті арттыру. Жаңа онжылдыққа біз жаңа өнімдермен және жаңа кәсіпорын салу жоспарымен қадам басамыз», деді ол.
Салтанатты іс-шара барысында ССКӨБ-тің үздік 10 қызметкері Шухрат Ибрагимовтың қолынан елімізде құрастырылған «JAC JS6» автокөліктерінің кілтін алды.
ССКӨБ қала мен өңірдің әлеуметтік өміріне белсене араласады. Әлеуметтік жобалар аясында биыл балалар үшін роботтехника кабинеті жасақталды, өткен жылы әр мектепке сабақ өткізуге арналған интерактивті панельдер сыйға тартылды. 1 200 орындық мектеп құрылысы қызу жүргізіліп жатыр.
Қала тұрғындарымен бірлесіп жұмыс істеу үшін «Tugan qala» жобасы тұрақты түрде қолға алынған. Төрт жыл ішінде Рудный, Қашар және Октябрь кенттерінде тұрғындардың өздері ұсынған 39 нысан салынды. 2024 жылдың соңына дейін тағы 14 жоба іске асырылады. Әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру туралы меморандум шеңберіндегі бірлескен жобалардан басқа, Қостанай облысының әкімдігі, «ERG» және «Отбасы банкі» арасында қызметкерлер үшін тұрғын үй жағдайын жақсарту жөнінде келісімге қол қойылды. Сондай-ақ қалалық ауруханаға медициналық аппараттарды сатып алу үшін көмек көрсетілді.
Айта кетейік, «ССКӨБ» АҚ құрамына Соколов, Сарыбай, Қашар және Қоржынкөл кеніштері, «Соколовская» шахтасы, «Алексеев» доломит кеніші, кен дайындау және байыту, шекемтас өндіру фабрикалары, тау-кен теміржол және автомобиль көлігі басқармасы, жылу электр орталығы, технологиялық жабдықтарды жөндеу басқармасы және басқа да бөлімшелер мен цехтар кіреді.