Жаңа талап ауылына жете берістегі төбенің маңын жұрт Түстікбай тоғаны деседі. Төбенің етек жағында ел-жұртты ашаршылықтан аман алып шыққан адамның құрметіне ескерткіш-тақта да қойылған. Тақта тасқа «Қиын-қыстау заманда ел игілігі үшін тоғам қазып, артында өшпес із қалдырған ата-бабамыз Түстікбай мен Нұр-Мұхамедтің рухына бас иеміз» деген лебізді ұрпақтары қашап жазыпты.
Алтын адам табылған әйгілі Шілікті жазығының күнбатыс жағынан сылдырап, Терісайырық ағады. Жергілікті жұрттың айтуынша, жаздың күні тартылып қалатын бұл өзен көктемде өткел бермейді екен. Ал тоғанның түп тарихын осы өңірдің тумасы Заңғар Кәрімханнан білдік.
– 1931-1932 жылдары өзенінің жайдақ жері Жырғалы қыстағының өр жағынан бастап, қолмен тоған қазып, Китіңқара тауының бауырымен жүргізіп отырып, Талпындағы егіндікке су шығарған. Ол кезде техника күші жоқ, қалай салғаны жұмбақ. Түстікбай атаның басшылығымен ылди жерлерге кесек тасты қалап отырып, су жырып кетпейтіндей етіп арна жасаған. Арнаның су жүретін деңгейін сынап қойып, өлшеп отырған екен. Сол тоған күні бүгінге дейін «Түстікбай тоғаны» деп аталады, – дейді тарихи мәлімет берген Заңғар Кәрімхан.
Тауды жанай өрген тасқа қарап, өрге қарай суды қалай жүргізген деген сұрақ мазалай берді. Тарихи деректерге сенсек, су жүретін тоғанның жалпы ұзындығы – 12 шақырым екен. 30-жылдары 80 гектар жерге егін егіп, адамдарды аштықтан аман алып қалған бұл тоғанның маңы рас, киелі жер. Ал қайла-күрекпен тоған қазып, су шығаруға бір кісідей жұмылған ауыл азаматтарының рухына мың тағзым! Түстікбайдың тоған қазғанынан бөлек, ұсталығы да ел аузында аңыз болып айтылады.
1970-1980 жылдары ауданның бірінші хатшысы Зәріпхан Дәукеев тоғанға қайран қала қарап тұрып, «Пай-пай, шіркін, Тарбағатайдың тоғыз совхозына тоғыз директор емес, мынадай Түстікбайлар керек-ақ екен» депті. Бұл сөзі күні бүгінге дейін ел аузында жүр. Шебердің ісіне таңданып қана қоймай, жоғары баға берген нағыз басшының ойы.
Сөйтсек, бұл маңда Түстікбай тоғанынан басқа тағы бір тоған бар екен. Оны да өлке тарихын түгендеп жүрген Заңғар Кәрімхан айтты. Айтуынша, Жаңа ауылдың оңтүстік жағын орай, Ақай тоғаны жылыстар еді. Оны да қолмен қазып, Қарашаттан қырға шығарған екен. Ол істің басы-қасында Ақай Тоқбайұлы жүріпті. Ол колхоздастыру кезінде бригадир болған екен. Ақайдың тоғаны әлі күнге дейін бүкіл Жамандалаға жайылып, егіннің бітік шығуына септесіп келеді.
Бұл жаққа келімді-кетімді жұрт тоғандарды көрген соң бабалардың аруағына құран бағыштап, бастарына тәу еткісі келер еді. Ашаршылық жылдары ауылға су шығарған бабалардың жатқан жері қайда десек, Түстікбай мен Қиябайдың зираты Қаракемер өңірінде сонадайдан қарауытады екен. Ал Ақай ақсақал ауыл жанындағы қалың қорымда жатыр.
Міне, Тарбағатайдағы киелі жерлердің бірі – осы. Тіпті, жол түзелсе, туристер топырлап баратындай маршрут жасалуы мүмкін. Жол бойы тарихи жерлер. Осыдан тартқан күйі Шілікті қорғанына түсіп, одан ары Зайсан көлін айналып кетуге де болады. Иә, бұл уақыт еншісіндегі дүние. Әзірше, кешегі бабалардың батырлығын біле жүрсін деген оймен азын-аулақ ақпарат бердік.
Тарбағатай ауданы,
Жаңа талап ауылы