Көрмеде қазақ бейнелеу өнерінің классикалық туындыларынан бастап, қазіргі заманғы қылқалам шеберлерінің жауһарлары ұсынылды. Жоба кураторы ретінде өнертану профессоры Ольга Батурина мен өнер саласындағы білім беру, медиа және маркетинг бағыттары бойынша жұмыс істейтін отандық жоба «Аrt Society» тобы шақырылған.
Алғашқы құттықтау сөзді музей директорының орынбасары Ақмарал Ибраева жеткізді. «Көрмені ұйымдастырудағы басты мақсатымыз – ұлтымыздың болмысы, әдет-ғұрпы мен мәдениетін көрсету. Осы көрменің аясында каталогтың шығуының өзі мұндағы түрлі бейнелеу өнері туындыларының арнайы ғылыми тұрғыда халыққа жетуі мен насихатталуына ықпал жасайтын игілікті іс», деді ол.
Көрме кураторы Ольга Батурина экспозициялардың ұлт руханиятының бет-бейнесін шебер бейнейлейтін төлтумалығы арқылы таңдалғанын айтты. «Біз қазақ ұлттық кескіндеме мектебінің даму тарихын бірегей, дара, жарқын құбылыс ретінде көрсете отырып, мерейтойлық көрменің еліміздің мәдени өміріндегі ауқымды оқиғалардың біріне айналғанын, оның барлық өнер сүйер қауымның және қазақ кескіндемесінің есігін алғаш ашып жатқан жандардың назарын отандық өнерге аударуды қаладық. Бұл көрмеде біз мерекелік көңіл-күй жасап, қазақ кескіндеме тарихындағы ең жарқын, ең жақсы әрі маңызды туындыларды көрсеткіміз келді», деді О.Батурина.
Көрме «Бабалар рухы», «Отбасы. Махаббат. Көктем. Балалық шақ», «Шеберлер мен жауһарлар», «Таулар мен дала поэзиясы» және заманауи қазақ өнерінің панорамасы ұсынлыған бес бөлімнен тұрады.