Министрліктің таратқан ақпаратына сүйенсек, педагогтер мен оқушылар жасанды интеллектіні қолдану және бағдарламалау дағдыларын меңгереді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Оқу-ағарту министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен, Astana hub халықаралық технопаркімен және «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамымен бірлесіп оқушылар мен педагогтерге арналған бағдарламалау негіздерін оқытатын онлайн-білім беру платформасының қанатқақты жобасын іске қосты. Бастапқы кезеңде 300 мұғалім мен тренер «Жасанды интеллект» және Game Development бағыттары бойынша біліктілігін арттырады. Биыл 31 желтоқсанда аяқталатын курстар алты айға жоспарланған. Курс аяқталған соң, әрбір қатысушыға сертификат беріледі, олар әрі қарай оқушылар мен педагогтерді бағдарламалау негіздеріне оқыта алады.
Орта білім беру комитетінің басқарма басшысы Гүлнар Таласбаева бұл туралы: «Жобаға қатысушылар бағдарламалау негіздері бойынша биыл шілде-желтоқсан аралығында онлайн режімде «No Code», «Low Code» және «Startup Academy» курстарын және офлайн 2025 жылдың қаңтарынан бастап бағдарламалау негіздері бойынша оқиды. Қазір Astana Hub платформасында білім алушыларды онлайн тіркеу жүріп жатыр. Әр оқушыға құпия сөз бен логин беріледі, оның көмегімен олар модульдерді игеріп, тапсырмаларды орындап, тестілеуден өте алады. Барлық модульден сәтті өткен білім алушыларға курсты аяқтағаны туралы сертификат беріледі, бұл IT-өнімдерді жасауға мүмкіндік береді», деп атап өтті.
Айта кету керек, оқушылар өздеріне ыңғайлы уақытта оқи алады. Әр сабақта бейнедәріс, қосымша материалдар және тест тапсырмалары бар. Сондай-ақ қатысушылар қанатқақты жоба үйлестірушілерінен көмек сұрай алады. Аталған жоба барлығы 27 мыңнан аса оқушыны қамтиды.