Экономика • 23 Шілде, 2024

Азық-түлік өндірушілердің құқы қорғала ма

132 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президент Іс басқармасы жанындағы Парламентаризм институты мен «Amanat» партиясы дайындаған отандық азық-түлік өндірісін қорғауға арналған «Сауда қызметін реттеу мәселесі бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы» заң жобасын талқылау аяқталды. Құжат мәтіні бизнес және мемлекеттік орган өкілдерінің жұмыс тобының отырыс­тарында жан-жақты талқыланды. Регламентке сәйкес заң жобасы Үкімет қорытындысын алуға жіберілді.

Азық-түлік өндірушілердің құқы қорғала ма

фото: energyprom.kz

Отандық азық-түлік өндіру­шілер сау­да орындарынан үнемі теперіш көріп, мем­лекеттік органдардың қол­дауына мұқтаж болып жүретін. Екі жылға жуық уақыттан бері осы мәселені көтеріп, ішкі нарықта отандық өндірушіні қол­дап, қор­ғайтын заң керек екенін айтып келді. Заң дайын болды. Енді Сауда және интеграция, Денсаулық сақтау, Ұлттық экономика, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министр­лігі заң жобасындағы ұсы­ныс­тар­ды талдап, өз баға­сын беруге тиіс.

«Азық-түлік өндірушілер үшін бұл заң өте маңызды. Бүгінде барлық отандық тұты­нушыға елдегі дүкендерде импорттық азық-түлік өнім­дері басым екені анық. Бұл ретте импорттық азық-түлік пен отандық азық-түлік ара­сын­дағы бәсекелестік көп себепке байланысты мүл­дем әділетсіз. Сондықтан нарық­та­ғы қатынастарды реттеу, елдегі сауда желілеріндегі өнім­­дерді сату үдерісін адал және әділ ету қажет. Заң жо­ба­сының ережелері дәл осыған бағытталған. Біз бейін­­ді министрліктердің, жалпы Үкіметтің қолдауына үміт артамыз. Заң жобасы оң қорытынды алып, күзде депутаттардың кәсіби талқы­ла­уы үшін Парламент Мәжі­лі­сіне түседі деп сенеміз», деді «Қазақстан сүт одағының» дирек­торы Владимир Кожевников.

«Қазақстан ет өңдеу кәсіп­орын­­­­дары қауымдастығы» атқа­рушы директорының орынбасары Юлия Намның айтуынша, отандық өн­ді­ру­шілер импорттық өнім­дермен сапасы мен ассор­тименті бо­йынша еркін бәсе­ке­ге түсе алады.

«Бірақ баға бойынша ұты­ла­мыз. Өйткені оған бізге тәуелді емес көптеген фактор әсер етеді. Ең бірінші, отандық азық-түліктің ішкі нарықтағы сауда сөрелеріне қол­жеткізу факторы тұр. Өндіру­шінің сауда желілеріне сыйақысы, қызметі үшін төлем, «ретробонустар» деп те аталатын сыйақысы бар. Мұның бәрі отандық азық-түлік өнді­руші үшін қиын мәселе. Бұл мәселені нақты реттеу керек. Бизнес субъектілері саудамен қарым-қатынасын тепе-тең негізде құруы үшін сауда үстемесінен басқа барлық алым мен төлемді алып тас­тауы керек. Сауда компания­лары отандық өндірушіні шы­ғыны жабылатын сауда үстемесі мөлшерінде шектемеу керек. Бірақ сыйақы­ның басқа түрлеріне тыйым салу керек. Дәл осы тәсіл заң жобасына енгізілген және бүгінгі таңда мемлекеттік құры­лым өкілдерінің отандық өндіру­ші­ге құлақ салып, ұлттық эконо­ми­ка­лық мүддені қорғауы біз үшін өте маңызды», деді Ю.Нам.

Заң жобасын дайындауда жұмыс тобына жетекшілік еткен Мәжіліс депутаты, Аграрлық мәселелер жө­нін­де­гі коми­тет мүшесі Нұржан Әшімбетов жаңа заң алдын ала тал­қылаудың қиын ке­зеңі­нен өткенін айтты.

«Импортталған азық-түлік өнімдерінің сауда сөрелерінде алатын орны артып келеді. Өйткені сауда компанияларына олармен жұмыс істеу тиімдірек. Отандық өндіруші көбіне тысқары қалады немесе салыстыруға келмейтін шығынды көтеруге мәжбүр болады. Мұндай жағдай елдің ұлттық экономикасының мүддесіне сай келмейтіні анық. Сондықтан оны түзету­ге тиіспіз. Ішкі нарықты қор­ғау­дың барлық тетігін пайдалану қажет. Президент экономикада протекционистік тәсілдерді енгізу міндетін қойып отыр. Біздің ойымызша, отан­дық өндірушілер саудада басымдыққа ие болуы шарт. Бұл мемлекет мүддесі үшін керек. Отандық тауарлардың кепілді көлемі бар арнайы сөрелер, сауда залындағы ең жақсы орындар, жергілікті өндірушілер күні, түрлі акция, дәм тату, мерекелер ұйым­дастырып отыру қажет», деді Н.Әшімбетов.

Үкіметтің оң қоры­тын­ды­сын алған жағдайда заң жобасы алдағы күзде талқылау үшін және дауыс беру үшін Мәжіліске жіберіледі.