фото: opennews.kz
Ұлттық идеологияның негізі
Әрбір тәуелсіз елдің өз алдына ел болуы, саяси-экономикалық тұрақтылығын білдіретін, жерінің тұтастығын көрсететін, ресми бейнесін айқындайтын ұлттық идеологияның негізі – геральдика. Осылай деген Мәдениет және ақпарат министрлігі Геральдикалық жұмыс басқармасының басшысы Гүлдана Аргенова да Мемлекет басшысының Президент жанындағы Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында геральдикалық белгілерді және өңірлік нышандарды жетілдіру мәселесін көтеруі өте орынды екенін айтады. Бұл барлық облыстық және қалалық өңірлік нышанды біріздендіруге және нормативтік құқықтық деңгейде бекітуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ өңірлік нышандардың сыртқы пішіндері, олардың жазылу үлгілері, эстетикалық нормалары мен қолдану тәртібі реттелетін болды. Осы ретте Мәдениет және ақпарат министрлігі толықтырулар енгізген «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңына жақында Мемлекет басшысы қол қойды. Соның аясында еліміздегі 17 облыс және 3 республикалық маңызы бар қаланың өңірлік нышандарын нормативтік-құқықтық деңгейде ресми бекіту жоспарланып отыр. Оның айтуынша, жалпы жүзеге асыру механизмдерін жергілікті атқарушы органдар жүргізеді. Өңірлік нышандардың жобасы іріктеуден өткеннен кейін қоғамдық талқылауға, сосын мемлекеттік рәміздер және геральдикалық белгілерді насихаттау жөніндегі облыстық және республикалық комиссияның қарауына жолданады. Нәтижесінде, облыстық мәслихаттар депутаттық талқылауға шығару арқылы мәслихат шешімімен бекітпек.
Сондай-ақ республикалық комиссияның негізгі жұмыс бағыттарына тоқталған Гүлдана Аргенова: «Биылғы жиында жаңа заң нормаларын енгізуден бөлек, кейбір мемлекеттік наградаларға ұлтқа қызмет еткен ардақты тұлғалардың есімдері берілді. Бұдан басқа Мемлекеттік күзет қызметінің және Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің жалпы 10 ведомстволық наградасы нормативтік деңгейде бекітіліп, 4 жаңа награданың эскиздері нақтыланды. Бір реттік мерейтойлық төсбелгілер, оның ішінде қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың медальдарын реттеуге қатысты қолданыстағы заңнамаларға өзгерістер енгізіледі», деді.
Биыл комиссия жұмысының отырысында Төтенше жағдайлар министрлігіне, Абай, Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар, Маңғыстау және Ұлытау облыстарына мониторинг жүргізілген. Сондай-ақ мемлекеттік рәміздер өндіруші компаниялар арасында заң талаптарын бұзу фактілері, сапа төмендігі және нарықтық бағаның қымбаттығы, ұлттық стандарттарға сәйкес емес шетелден өндірілген рәміздердің ел аумағында сатылуы анықталған. Сол үшін жұмыс органы қазір осындай компаниялардың жұмысымен танысып, қоғам тарапынан айтылатын сын пікірлерге де дер кезінде назар аударып келеді екен. Комиссия мүшелері мемлекеттік рәміздердің бейнесін заңсыз қолдану немесе пайдалануға қатысты жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс-талаптарын жеткізген. Ал жыл басынан бері Төтенше жағдайлар министрлігі Апаттар медицинасы орталығының және Әділет министрлігі Сот сараптамалары орталығының жаңа нышандарының жобасы бекітіліп, Бас прокуратура нышаны мен ведомстволық наградаларының эскизін ауыстыруға байланысты жұмыс жүріп жатыр.
Түсініксіз термин
Алайда бүгінге дейін өңірлік рәміздердің сипаттамасын әзірлеу мен оларды пайдалану тәртібін айқындау құзыреті Астана және Алматы қалаларының мәслихаттарында ғана қарастырылғанмен, өзге өңірлерге қатысты бұл мәселе нормативтік-құқықтық актілер деңгейінде бекітілмеген еді. Осы олқылықтың салдарынан жергілікті әкімдер өңірлік рәміздердің сипаттамасын әзірлеу мен пайдалану тәртібін өздері айқындап келді. Осылай деген геральдист Айдын Рысбекұлы геральдикалық жұмыс басқармасы өңірлік рәміздерді әзірлеу жүйесін ретке келтіру бойынша «Үлгілік қағида» дайындалғанын айтады. Қағида мәтіні 23 шілдеге дейін қоғамдық талқылау үшін «Ашық НҚА» сайтында орналастырылды. Алайда маман «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңға «өңірлік рәміздер» емес, «өңірлік нышандар» болып енгенін құптай алмайтынын жеткізді.
Оның айтуынша, нышан сөзінің үш түрлі мағынасы бар: бірінші, нышан – сұлба, көлеңке, сағым секілді субъективті ұғым. Бұл белгісіздікті, тұрақсыздықты, көпмағыналықты білдіреді (тәріздес, іспеттес, сияқты, мүмкін, бәлкім, т.б.). Екінші, нышан – туа пайда болатын ерекшелік. Мәселен, баланың ата-анасына (туысқандарына) ұқсап тууы – «анатомиялық нышан» деп аталса, нерв жүйесінің ерекшеліктері – «физиологиялық нышан» деп аталады. Нышандар адам бойындағы әртүрлі қабілеттердің дамуына негіз бола алады. Бірақ әрбір қабілетке арнаулы нышан сәйкес келе бермейді. Үшіншіден, нышан – ыңғай (ниет, талап). Мысалы, ыңғайы байқалмады, ыңғайы келмеді, жұмысқа ыңғайы жоқ, ешнәрсенің ыңғайын білмейді.
Осылай деген ол «өңірлік нышандар» деген атауды «өңірлік рәміздер» деген атаумен ауыстыру қажет деп санайды. Себебі Қазақстанның әкімшілік-аумақтық бірліктері мемлекеттің құрамдас бір бөлігі. Сондықтан мемлекеттің мемлекеттілігін айқындайтын геосаяси геральдикалық белгілерді «рәміз» деп атаса, құқықтық тұрғыдан да орынды болады. Оның үстіне өңірлік рәміз – өңірлердің саяси әлеуетін, мәдени-рухани әлемін, тарихи-этнографиялық кеңістігін, әлеуметтік-экономикалық дамуын, экологиялық флорасы мен фаунасын, табиғи пейзажын, қазба байлығын, географиялық ерекшелігін, тұрғындарының келешекке деген ұмтылысын бейнелейтін, сондай-ақ жергілікті билік пен халық арасын етене байланыстыратын идеологиялық құрал. Сол үшін өңірлік рәміздерде «Ел – бір, мемлекеттік мүдде – ортақ» екенін айқындайтын ортақ идея болуға тиіс. Екіншіден, идея мен тақырып, рәміз бен бейне арасында сабақтастық, үйлесімділік болуы шарт. Үшіншіден, идеологиялық мәні мен көркемдік мазмұны, геральдикалық сипаттамасы, стандарты, жүйелілігі, құрылымдық, пішіндік шарттылықтары мемлекеттік рәміздермен үндесіп жатуы керек. Төртіншіден, дөңгелек пішінді және беткі жағы дөңес болғаны жөн. Дөңгелек пішін – күннің рәмізі, сонау сақ-ғұн-түріктен тамыр тартқан киіз үйдің бейнесі, таза қазақы үлгі. Өңірлік рәміздердің де осы үлгімен жасалғаны дұрыс. Бесіншіден, беткі жағындағы атауы қазақ тілінде жазылуға тиіс. Геральдистің сөзінше, қазақ тілі – Қазақстанның туымен, елтаңбасымен, әнұранымен қатар қастерленетін ұғым. Мысалы, мемлекеттік тілдерін өзбектер «өзбек тілі», қырғыздар «қырғыз тілі», орыстар «орыс тілі» дейді. Сондықтан бұл бағдарда ел ғана емес, тіл де егемен болуы керек. Алтыншыдан, артқы жағында ресми бекітілген мерзімі көрсетіледі. Жетіншіден, бұрынғы өңірлік рәміздің кейбір элементтерін жаңа өңірлік рәмізде қолдануға болады. Сегізіншіден, ауылдық округ, аудан, қала, облыс және республикалық мәртебеге ие қалалардың өңірлік рәміздерін төлтаңба деп атау керек. Елтаңба – мемлекеттік рәміз болса, төлтаңба – өңірлік рәміз. Ұлтымыздың болмысымен біте қайнасқан архетип ұғымдар, төлтума туындымыз. Одан ұлы даламыздың иісі аңқиды. Біз төлтума туындыларымыз арқылы алдымен – қазақтың, сосын – жаттың жүрегіне жол таба аламыз. Тоғызыншы – төлтаңба терминін лингвистикалық тұрғыдан заңдастырғанда ғана өңірдің бойтұмары сияқты ажырамас бір бөлшегіне айналып, ең басты өңірлік рәміз ретінде бағаланады.
Ұлттық код елдік рухты асқақтатады
Саяси ғылымдар докторы, профессор Мұхит-Ардагер Сыдықназаров 2014-2016 жылдар аралығында аймақтық геральдика жүйесінде толық хаос пен тәртіпсіздік болғанын айтып жүр. Мұның соңы елдің бірқатар облысында өз логотипін ойлап тауып қана қоймай, туды, әнұранды да қабылдауға әкелді. Тіпті ХІХ ғасырдағы орыс империялық рәміздері мен элементтері қолданылған кездері де кездесті. Ордендер мен медальдар беру жүйесінде де бірыңғай мәліметтер базасы болмады. Көптеген медаль, орден және награданың басым көпшілігінде штамптау нөмірлері енгізілмей және белгілі бір орденнің немесе награданың қандай адамға тиесілі екендігі беймәлім болды. Бұл жағдай күні бүгінге дейін бар.
Осылай деген ол елімізде болашақ геральдистер мен вексиллологтерді даярлауға көңіл бөліну керектігін айтады. Әр аймақ пен елдің күштік ведомстволарында ресми геральдистер болуы керек. Өкінішке қарай, күштік құрылымдарда кәсіби геральдистер жоқ. Бір сөзбен айтқанда, М.Сыдықназаров мемлекеттік рәміздерді әлі жетілдіру қажеттігін айтады. «Қазір кез келген мемлекеттің ықпал ету деңгейі көбінесе ұлттық брендімен анықталады, оны тиімді жылжыту үшін бірыңғай стиль мен жалпы стандарттарды сақтау маңызды. Біздің рәміздерде бірегей ұлттық код анық және айқын көрсетілуге тиіс. Меніңше, біздің өңірлеріміз бен қалаларымыздың елтаңбаларын бір жүйеге келтіру керек. Қазір олардың көпшілігі формасы мен мазмұны жағынан ерекшеленетін ең қарапайым талаптар мен канондарға сәйкес келмейді. Бұл қоғамның саналы сынын тудырады. Сондықтан бұл салада мұқият талдау жүргізіп, жалпы тәсілдерді әзірлеу қажет. Ордендер мен медальдардың терең символизмге ие болуы, бірегей болуы және қоғамда кең резонанс тудыруы өте маңызды.
Оның айтуынша, үш жыл бұрын елдегі геральдика мен вексиллология институционалды түрде ұйымдастырылды. Геральдика жөніндегі республикалық комиссияның құрамы пысықталып, бекітілді, сараптамалық кеңестің құрамы жаңартылды. Осы мәселелерді пысықтаумен айналысатын Мәдениет және ақпарат жанындағы геральдикалық зерттеулер орталығы – бейінді институт пайда болды. Дегенмен аумақтық рәміздер, ордендер мен медальдар беру саласында әлі де үлкен проблемалар бар. Әртүрлі мемлекеттік органдар беретін наградалардың, медальдардың, ордендердің көпшілігінде наградада да, ашық деректер базасында да реттік нөмір жоқ. Мемлекеттік емес марапаттар саласында жағдай тіпті күрделі. Яғни есеп жоқ, олардың бәрі өзінің бақыланбайтын өмірімен өмір сүреді.
Осылай деген ол: «Жақында біз мемлекеттік сыйлықтарға әл-Фараби, Абай, Ахмет Байтұрсынұлы сияқты көрнекті ойшылдар мен ағартушылардың құрметіне жеке сипат бердік. Мемлекеттік наградалар жүйесін дәл осындай негізде өзгерту қажет. Бұл азаматтық патриотизмді нығайту, көрнекті тарихи тұлғаларды қоғамдық санаға сіңіру үшін жасалады. Біз бұл тәжірибені мемлекеттік наградалар жүйесін жетілдіру бойынша жұмыста салмақты пайдалануымыз керек», дейді.
Қалай десек те, ұлттық және аймақтық рәміздерді қалыптастыру жауапты әрі күрделі іс. Әлемде өзінің аумақтық тұтастығын қорғап, елдің іргесін сақтап қалғысы келетін кез келген ел ұлттың бірегейлігін білдіретін ұлттық рәмізіне ұқыптылықпен қараған. Өйткені өз атауларында географиялық, негізгі, дифференциациясына баса назар аудармаған мемлекеттің мәңгі болып қалуы да қиынға соғады. Әйгілі Конфуцийдің «Әлемді сөз бен заң емес, рәміздер мен таңбалар билейді» деуі бекер емес. Ұлттың ұлылығын һәм азаттығын әлемге танытатын таңбадағы тақырып пен идея арасындағы сабақтастық біте қайнасса, елдегі көптеген саяси проблемалар мен әлеуметтік шиеленістер өздігінен шешіліп, ұлттың рухы оянары хақ.