Фото: massaget.kz
Экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі бірінші кезектегі іс-қимыл жоспары бойынша жоспарланған өсім өткен жылғы көрсеткіштерге қарағанда 11,6%-ды құрауы тиіс.
«Биылғы 6 айда ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 3,4%-ға артып, 1,6 трлн теңгені құрады. Бұл ретте мал шаруашылығының жалпы өнімінің нақты көлемі 103,5%-ды, өсімдік шаруашылығында — 103%-ды көрсетті. 11,6% деңгейінде жоспарланған көрсеткішке қол жеткізу егін жинау жұмыстары аяқталғаннан кейін екінші жартыжылдықта қамтамасыз етіледі», деді А.Сапаров.
Егіс алқаптарын әртараптандыру шеңберінде бидай егу алаңы 450,3 мың гектарға қысқартылды, сонымен қатар майлы дақылдар алаңы 608 мың гектарға, қант қызылшасы – 9,4 мың гектарға ұлғайтылды. Сондай-ақ суды көп қажет ететін дақылдардың ауданы кішірейді: күріш 6,9 мың га, мақта 16 мың га. Осы жылдың жалпы егіс алқабы 23,8 млн га құрады.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес республика бойынша биылға арналған егіс алқаптарын әртараптандыру жоспарларына қол жеткізілді», деді министр.