Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен өткен палатаның сәрсенбі күнгі кезекті пленарлық отырысында он жеті мәселе қаралса, соның алдыңғы жетеуі Кеден одағының ережелерін айқындайтын заңдық құжаттар болды. Баяндаманы Қаржы министрі Болат Жәмішев жасады. Депутаттар бірыңғай кедендік кеңістіктің 1 шілдеден бастап күшіне енетінін ескеріп, заң жобаларын бірауыздан мақұлдады.
“Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Жерді қашықтықтан зондтаудың ғарыш жүйесі мен ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенін құру және пайдалану шарттары туралы келісімді ратификациялау туралы” және “Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы “Байқоңыр” кешенінде болу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы” заң жобалары бойынша баяндаманы Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары Мейірбек Молдабеков жасады. Ол аталған ғарыштық жүйе әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін, қорғаныс пен қауіпсіздік және жерді пайдалану, картография, биология, жылжымайтын мүлік мониторингі және өзге де міндеттерді қамтиды. Сондай-ақ келісім отандық ғарыш аппараттарын өндіруге, жобалауға, жинауға және сынауға мүмкіндік береді. Бұл үшін кедендік жеңілдіктер қарастырылған. Жоба 2012 жылға дейін жүзеге асуы тиіс.
Владимир Нехорошевтің сұрағына орай жауабында баяндамашы жоғары технологиялық ғарыш аппараттарының 60 пайыздық жұмысы жинақтауға арналса, қалған 40 пайызы жүйелі жобалау мен математикалық қамтамасыз ету бағдарламасын әзірлеумен байланысты екендігін ерекше атап өтті. Осы тұрғыдан келгенде, қазақстандық ғалымдар соңғысына қазірдің өзінде дайын, дейді Мейірбек Молдабекұлы. Екінші келісім бойынша “Байқоңыр” ғарыш айлағындағы бірқатар нысандарды пайдалану мерзімінің аяқталуына немесе Ресей әскери контингентінің кетуіне байланысты ол жалға беру құрамынан шығарылған. Міне, осы және “Бәйтерек” зымыран ғарыш кешенін құруға қажет бірқатар нысандар да Қазақстан тарапына қайтарылып отыр. Осыған орай нысандарға бару үшін рұқсат беру ережелеріне де өзгерістер енгізілгені белгілі болды. Қазақстандық нысандарға рұқсат “Қазғарыш”, ал ресейліктер үшін “Роскосмос” пен “Байқоңыр” қаласы әкімдігі тарапынан берілетін болады. Шетелдіктер өтінімі 45 күн ішінде шешілсе, қазақстандықтар үшін бұл 5 күнге дейін қысқартылыпты.
Депутаттар аталған заңдық құжаттардың еліміз үшін маңызды екендігін ескеріп, мақұлдауды ұйғарды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.