Қоғам • 23 Шілде, 2024

«ҚазМұнайГаз» заңнаманы бұзып, жарты миллиард теңге айыппұл арқалады

101 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компаниясына монополияға қарсы заңнаманы бұзғаны үшін жарты миллиард теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды Egemen.kz Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне сілтеме жасап.

«ҚазМұнайГаз» заңнаманы бұзып, жарты миллиард теңге айыппұл арқалады

Фото:gov.kz

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті прокуратурамен бірлесіп «ҚазМұнайГаз» АҚ-ның 2023 жылғы кезеңде монополияға қарсы заңнаманы сақтауына қатысты тексеріс жүргізген.

Нәтижесінде, компанияның іс-әрекеттерінде мұнай өнімдерін өткізуді шектеу бөлігінде өзінің үстем жағдайын теріс пайдалану фактілері анықталған.

«Осылайша, акционерлік қоғам 2023 жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында мұнай өнімдерін сатуға берілген өтінімдерді елемеді, ал кейбір жағдайларда мұнай өнімдерін өткізу мүмкіндігі бар болған жағдайда жеке сатып алушылармен мұнай өнімдерінің көлемін қысқарту жолымен кемсітушілік жағдайлар жасады», делінген хабарламада.

Департамент «ҚазМұнайГаз» АҚ-ға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 159-бабының 3–1-бөлігімен әкімшілік іс қозғаған. Астана қаласының Әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 27 маусымдағы қаулысымен серіктестік 539,4 млн теңге көлемінде айыппұл төлеуге тартылған.

Бүгінде аталған сома толық көлемде төленген.