Денесінің көп бөлігін күйік шалған жұмысшылар Х.Мақажанов атындағы көпбейінді ауруханада ем-дом қабылдап жатыр.
«Науқастардың көбі термиялық күйік алған. Бесеуінде күйік дәрежесі 70 пен 100 пайыздың арасында. Басы, аяқ-қолы ғана емес, тағы да ингаляциялық күйікпен зақымданған. Сондықтан жағдайлары өте ауыр. Дәрігерлер науқастарды жіті бақылап, едел-жедел ем-домын жасап жатыр», дейді Профессор Х.Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың травматология орталығының басшысы Берік Тілеубаев.
Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасымен қосымша медициналық көмекті көрсету үшін Қарағандыға Академик Н.Бәтпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығының директоры Олжас Бекарысов бастаған қызметкерлер арнайы келді. Медициналық топтың құрамында тәжірибелі комбустиолог-реаниматологтер бар.
Өкінішке қарай, дәрігерлер 30 жастағы Мұзафар Исмайловтың жанын арашалай алмады. Марқұмның денесінің 85 пайызы күйген. Қаралы хабарды компания жеткізіп, отбасына барынша көмек көрсетеміз деді.
«Әріптесіміз, пеш бастығы Мұзафар Исмайлов ауруханада қайтыс болды. Біз Мұзафардың отбасы мен оның жақындарына осынау қиын сәтте қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз. Сондай-ақ оның отбасы мүшелерінің осы қиын кезеңнен өтуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз», деп хабарлады «YDD Corporation» компаниясы.
«YDD Corporation» қаза болған қызметкерінің отбасына қажетті қолдауды көрсетеміз деп уәдесін берді. Нақты айтқанда, марқұмды ақтық сапарға шығарып салу шығындары мен оның отбасының барлық несиесін жауып, тұрғын үй жағдайын жақсартуға көмек береді. Онымен қоса компания 10 жылдық жалақы мөлшерінде қаржылық көмек төлейді.
Ферроқорытпа зауытында болған жазатайым оқиғаның себебі мен мән-жайды анықтау үшін еңбек заңнамасына сәйкес арнайы комиссия құрылды. Оны Еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Мұрат Қаракекілов басқарады. Комиссия құрамында барлық уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері бар.
Оқиға орны тексеріліп, жазатайым оқиғаның куәгерлеріне сауалнама жүргізілді, техникалық құжаттамамен танысу жұмысы жүріп жатыр.
Зауыттағы оқыс оқиғаны тергеп-тексеру облыс басшылығының тұрақты бақылауында. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев зардап шеккен қызметкерлердің туыстарымен кездесті. Сонымен қатар дәрігерлер мәліметін тыңдады.
«Ферроқорытпа зауытында болған оқыс жағдайдан, өкінішке қарай, 8 қызметкер зардап шекті, біреуі қаза болды. Зардап шеккен азаматтарға қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Медицина қызметкерлері қолдан келгеннің бәрін жасайды», деді облыс әкімі.
Төрт адамның жағдайы өте ауыр, үшеуінің жағдайы күрделі. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова хабарлады.
Бұл оқиғаға байланысты ферроқорытпа зауытында Қылмыстық кодекстің 156-бабының 2-бөлігі бойынша, яғни «Абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіруге әкеп соққан еңбекті қорғау ережелерін бұзу» бойынша қылмыстық іс те қозғалды. Тергеу шаралары бойынша қорытынды жасалады.
Қарағанды облысы