12 Маусым, 2015

Нақты ісі болса, жетеу де аз емес

297 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Германияның Бавария жеріндегі Эльмау қорғанында әлемнің жетекші жеті елі басшыларының басқосуы өтті. Әлем жұртшылығы оған айрықша қызығушылықпен назар аударды. Қашанда мықтылардың сөзі өтімді. Басқалар оған құлақ асады.

20150612 (4)

Бұрын сегіз еді, енді жетеуге түсіп қалды. Одан Ресейдің шығып қалғаны да жұрттың есінде. Оған Германия канцлері Ангела Меркель жауап берді: «G-7 – демократия мен заңдылық сияқты құндылықтарды құрметтейтін елдердің тобы. Біздің қағидаттарымызға, сондай-ақ, халықаралық құқық нормаларын және шекаралардың мыз­ғымайтындығын қорғау да кіреді. Өйткені, бұлар әлемдік тәртіптің негізі саналады. Ал Ресейдің Қырымды аннексиялауы сол халықаралық тәртіпке қайшы». Осынау жетекші деген жеті елде әлем халқының 10 пайызы ғана тұрады екен. Осы жеті елге сол шығып қалған Ресейді, сондай-ақ, Қытай мен Үндістанды қосса, 10 деген тұтқалы цифр ғана шығып қоймай, ол әлем халқының жартысына жуығының пікірін білдірмес пе еді дейсің. Сөйтсе де, жүйелі өтіп тұратын G-20 тобы да бар екенін ойлап, мына «жетіліктің» саммитінде не айтылғанына ойысасың. Басқосуда не айтылатыны алдын ала-ақ аңғарылған. Оған қа­тысушылар күні бұрын емеурінмен білдіргені өз алдына, сарапшылар, шолушылар, ресми адамдар да пікірлерін, ұсыныстарын жариялаған. Бұл ретте Еуропалық кеңестің төрағасы, Польшаның бұрынғы премьер-министрі Дональд Тусктің пікірі қатқылдау естілді. Ол Украинадағы жағдайға байланысты Ресейге қатысты санкция қатая түседі, бұл жөнінде Еуроодақ елдері өз басқосуында бірауыздық білдіреді деген. Саммит жабық өтті. Кейбір сыртқа шыққан хабар көзіне қарағанда, Украинадағы жағдай, оған Ресейдің қатысы көп сөз болған көрінеді. Бірақ канцлер Ангела Меркель журналистермен кездескенде Ресейді көп сөз еткеніміз жоқ дегенді айтқан. Әрине, аз айтып-ақ белгілі жай туралы шешім қабылдауға болады. Барак Обаманың мәлімдеуінше, санкциялардан Ресейдің экономикасына айтарлықтай зардап тиген, жағдай оңға өзгермесе, санкциялар жалғаса бермек. Жасырмай, ашық айтылған мәселелер терроризммен күрес, климат жайында болды. «Ислам мемлекеті» террористерін ауыз­дықтау, оған қарсы күш біріктіру ешқандай дау тудырған жоқ. Жетекші елдер климаттың жылуын 2 градустан асырмау жөнінде келісімге жетті. Оның басты көзі ретінде электр қуатын өндіруде қазбалы өнімдерді шектеуге мән берілген. Осы ғасырдың аяғына дейін одан мүлде бас тарту міндеті қойылып отыр. Жетекші елдер осыған байланысты дамушы елдерге көмек ретінде арнайы қор ашпақ. Бұл жөнінде нақты ұсыныстар жыл аяғында Парижде өтетін БҰҰ конференциясында айтылмақ. Қор демекші, жетекші жеті ел басшылары дамушы елдерге еңбек қауіпсіздігін жақсарту жөнінде де мемлекеттік және жеке қаржыларды тарта отырып, қор ашпақ. Сондай-ақ, жұқпалы аурулармен күрес қорын құру жөнінде де шешім қабылданған. Оған кімнің қанша қаржы қосары кейін белгіленбек. Әрине, мұның бәрі айтылып қоя салатын сөз емес, күні бұрын өлшеп-пішілген, зерттелген шаруалар. Мықтылар аузынан шығатын сөз жай айтылмайды. Оның орындалу-орындалмауы беделге тиеді. Бедел демекші, саммитте оның да айтылғаны анық. G-20 тобын былай қойғанда, қазір БРИКС сияқты, басқа да мемлекеттердің қауымдастығы бар. Онда да жаһандық мәселелер сөз болады. «Жетілік» тобы өз беделінен айырылып қалмас үшін оның шешімдері және олардың нәтижелері нақты да пәрменді болуға тиіс. Бұл үшін олар аянбайды. Бедел керек.