Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі
Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, суару маусымы басталғалы Шардара су қоймасынан Қызылқұм каналы арқылы Түркістан облысы шаруаларына 682 млн текше метр су жіберілген. Бүгінде су қоймасында 2,6 млрд су бар. Бұл былтырғы көрсеткіштен 600 млн текше метрге артық. Шаруалардың сұранысына сәйкес егіс алқаптарына секундына 115 текше метр су жіберіліп жатыр.
«Көктемде су жақсы келді, нәтижесінде Шардара су қоймасы 90%-ға толып, 5 млрд текше метрге жуық су жинады. Қазір орта есеппен секундына 125 текше метр су келіп жатыр. Сырдария өзенінің төменгі ағысына секундына 650 текше метр су жіберіп жатырмыз», деді облыс бойынша «Қазсушар» филиалының Шардара өңдірістік бөлімше басшысының орынбасары Ермек Иса.
Өңір диқандары биыл су тұрақты берілгендіктен жақсы өнім алғандарын айтады. Тіпті қарбыз отырғызған шаруалар тамызда екінші мәрте өнім жинауды жоспарлап отыр.
«Биыл су мол болды. Халық разы. Жылда қиналатын едік, биыл жақсы. Бір мәрте жинап алып, екіншісін суарып жатырмыз. Алдағы 10-15 күнде тағы өнім алуға ниеттіміз», дейді диқан Төлепберген Артықов.
Еске салайық, суару кезеңі басталғалы Өзбекстаннан елімізге 3,9 млрд текше метр су келді.