Суреттерді түсірген: Мерей Әсіл. Бурабай кенті
Бұл бағытта ізденуге қоғамдық даму институтының ұйымдастыруымен Бурабайда өтіп жатқан Media Bootcamp журналистика жазғы мектебі сеп болды. Оқу базамыз – Бурабай кентіндегі Terrassa Park демалыс орны.
Жазғы мектепке барарда Бурабайдың табиғатын тамашалап, шағын экскурсия да жасап, жағымды жаңалықтарды да естіп үлгергенбіз. Кеше ғана «Бурабай» ұлттық паркінде Қазақстандағы ең жоғары технологиялық интерактивті мұражайлардың бірі – «Абылай хан» алаңында орналасқан мультимедиялық интерактивті кешен ашылды. Дәл осындай Бурабай халқы үшін үлкен қуаныштың бірі – 2018 жылы Шучье қаласында ашылған «Бурабай» халықаралық трамплині.
Тұрғындардан трамплиннің игілігін қалай көріп жатқанын да сұрап көрдік. Өкінішке қарай, кейбірі трамплиннің салынғанын да білмейтін болып шықты. Дүкенге соққан бір азаматты (атын айтудан бас тартты) әңгімеге тартқанымызда, трамплин уақытша жабылып, кейін қайта ашылғанын айтты. Олимпиадалық даярлау орталығында шаңғышылар, биатлоншылар мен спортшылар жаттығып жүргенін ғана нақты айта аламын дейді. Трамплиннің не себепті жабылғанын білмесе де, орталықта бапкер боп жұмыс істейтін Денис деген танысының нөмірін берді.
«Трамплин жұмыс істейді. Жаттығу сабақтары өтеді. 3-4 күн бұрын ғана трамплиннен секіру сабақтарының өткенін көрдім. Өткен аптада ұлттық құраманың жаттығулары өтті. Бізде биатлон кешені де жұмыс істейді. 1-8 тамыз аралығында жасөспірімдер арасында шаңғы роллерлерінің республикалық чемпионаты өтеді. Қазір Павлодар, Алматы, Қостанай, Абай облыстарынан оқу-жаттығуға келген спортшылар бар. Өзім шаңғымен секіру тренері емеспін. Оқушыларымды тек трамплин базасында жаттықтырамын. Бізде бәрі бар, жеткілікті. Айтарлықтай мәселе жоқ», деді Денис мырза хабарласқанымызда.
Байқауымызша, қысқы олимпиада ойындарына дайындау орталығы республикалық, халықаралық дәрежедегі биатлон, конькимен жүгіру, шаңғы жарыстарын жазда да, қыста да жиі ұйымдастырады екен.
«Бурабай» трамплині – Қазақстанда ашылған халықаралық деңгейдегі екінші трамплин. Трамплиннің ашылу салтанатына Н.Назарбаев та қатысып, спортшылардың өнерін тамашалаған. 11 жылда әрең салынып біткен трамплиннің құрылысына 38 млрд теңге қаржы жұмсалғанын да естеріңізге сала кетейік.
Бурабайға табан тірегенде, өлкенің көз тартарлық көркіне, бұдан соң зәулім қонақ үйлері мен құмырсқаша қаптаған туристерге таңғалдық. Асфальт жолда отырып, бір мезетте батпақ жолға түскенімізді өзіміз де түсінбедік. Межелі жер мен Бурабай кенті орталығының арасы 2 шақырымға да жетпейді. Қысқасы, жолдан шаршап келе жатқандар үшін сол екі шақырым да маңдымай қойды. Оқуға барар жолымыз Бурабай кентінің басты мәселесі екенін сонда түсіндік.
Жергілікті тұрғындар бұл жолмен жүруге еті үйреніп те қалған. Алдымыздан шыққан Дәулет есімді азамат «осы ойық-шұңқыр жолмен жүре береміз, үйреніп алдық» дейді. Кент сыртындағы дүкендерде азық-түліктің де бағасы қымбат. «Оған бола орталықтағы дүкенге бара бермейміз, амалымыз жоқтықтан осы бағамен сатып аламыз», деп күліп қойды.
Бурабайға туристердің қаптауы шағын кәсіп түрлерінің дамуына ықпалын тигізгенмен, азық-түлік бағасының күрт өсуі қарапайым халық қалтасына ауырлық салып отырғанын аңғардық. Тіпті туристер де бағаның шарықтап кеткенін жасырмады.
Карима Сұлтанқызының айтуынша, дүкендегі ішіп-жемнің бағасы былтырға қарағанда едәуір өскен.
«Бурабайға демалуға жыл сайын келемін. Бір рет дүкенге шыққанымда, балмұздақты 650 тг, қарапайым иіс сабынды 670тг, балаларға арналған «Фруто няня» алма шырынын 620 тг, энергетикалық сусынды 750 тг, Lays чипсін 880 теңгеге – бас-аяғы осындай ұсақ-түйекті 5 мың теңгеге сатып алдым. Әлбетте, бұл баға турист үшін азғантай шығын болғанымен, жергілікті халық үшін әлдеқайда қымбат», дейді.
Дегенмен келушілердің демалуына кенттегі мәселенің әсері тие қоймайтындай. Себебі біз жолықтырған туристің көбі демалысына дән риза.
«Табиғатын көргенде, шұрық тесік жол мен жарықсыз көшелерді де ұмытып кетеміз. Қонуға жер табылады. Жағдай жаман емес. Қызмет көрсетуіне қарай қымбат қонақ үйлер де жетіп артылады. Бастысы, тынығуға тамаша табиғат бар», дейді туристер.
Зәулім сарайдай демалыс орындарының арасында сықпыты кеткен үйшіктер көзге біртүрлі көрінді. Жүрген жерімізді не қалаға, не ауылға жатқыза алмай, ойланып та қалдық. Қала мен ауыл көшелері араласып кеткендей. Пікір білдірген жандар бұл маңайды Бурабай кенті емес, ауылы десті. Жергілікті халықтың ауыл деп атап кетуі кент сыртындағы ахуалға байланысты деп топшыладық. Ауыл тұрғыны Сәуле Оразбаева да бізге біраз мәселені баяндап берді.
«Енді курорттық жер болған соң бәріне көнеміз. Содан ақша тауып отырмыз. Мынадай да жағдайлар болуы мүмкін. Біреу үйін туристерге тұруға беріп, ақша тапса, көрші үй туристерге шуламандар, деп наразы болып жатады. Ондайлар жетеді. Үйде кәрі кісілер болады, жұмысқа баратындар болады. Олардың да демалуы керек», дейді.
Қарапайым халық арасында да туристердің келуін пайдаланып, шаруасын дөңгелетіп отырған адам көбін біз де байқадық. Бірі аулаған балығын сатса, бірін моншасын жағып, енді бірі үйін жалға беріп отыр. Біз көрген лай-батпақ жолда да жарнаманың түрі самсап тұр.
Сәуле Оразбаева да Бурабайда бәрі қымбат екенін айта кетті. «Жалақы аз. Әйтеуір демалыс маусымы болған соң, халық несиесін сәл жабады, балаларының оқуын төлейді. Ерінбеген нанын тауып жейді. Ерінгендерге түк те жоқ», деп сөзін жалғады.
«Жол тіпті нашар. Бурабайды туристік орын деп айтамыз. Туризмді дамыту үшін қонақ үй, коттеджер салады. Кейбірін тіпті шенеуніктердің өзі салып жатқанын естіп жатамыз. Қарапайым адам шырша шапса, оған да айыппұл арқалайды. Қалталы азаматтар қанша қарағайды кесіп, қонақ үй салып жатса да, шектеу жоқ. Одан соң мұнда жекеменшік секторлардың бәрі пеш жағады. Отын-көмір алады. Қазір ол да қымбат. Газ облыс бойынша жоқ. Бәрі газ баллонын пайдаланады. Көп қабатты үйлерде Кеңес үкіметі кезіндегі баллондар әлі де бар. Қауіпсіздікті сақтамау мен тозығы жеткен баллондардың кесірінен өрт шығу да жиілеп кетті. Биік ғимараттар үшін бұл тіпті қауіпті», деп кейіпкеріміз қауіпсіздік шарасының да ақсап тұрғанын баяндап берді.
Былтыр шілде айында дәл осы Бурабай ауылындағы жазғы дәмхананың бірінде төрт бірдей газ баллоны жарылып, өрт шыққан. Өртті Төтенше жағдайлар департаменті 40 өрт сөндіруші мен 10 техниканың көмегімен басқан екен. Ал сол жылдың тамызында «Алматы» қонақ үйінің сервер бөлмесінде өрт шығып, өрт сөндірушілер 6 адамды құтқарып, 100 адамды қауіпсіз жерге шығарған. Мұндай жағдайлар санын тап басып айту қиын.
Сонымен қатар жыл өткен сайын турист санының артуы кенттің ластануына да әсерін тигізіп отыр. Көп қабатты үйлердің маңайын арам шөп пен қоқыс басқанын да байқауға болады. Кентте бір көшенің жартысында асфальт бар болса, соның жарты бөлігі жаңбыр жауса, лай болып езіліп жатады. Қала ішіндегі ауылдың жағдайы – осы.
Айсұлу СЪЕЗХАН