Ал алып зауытқа жақын орналасқан қаламыздың жаңа ауданы атына заты сай болып, мүмкін, алдағы жылдары “Қазақстан-2030” деп те аталар...
ENRC корпорациясының құрамына енетін облыс орталығындағы “Қазақстан Алюминийі” акционерлік қоғамының жұмысшылары мен қызметкерлері үшін бұдан артық қандай қуаныш болсын. Зауыт басшылығы Елбасының биылғы Жолдауында айтылған мектеп жасына дейінгі бөбектерді оқыту мен тәрбиелеуді қамтамасыз етуді арттыруға бағытталған “Балапан” бағдарламасын осылай орындай бастады. Өндіріс орнының өзі жақын орналасқан қаладағы Ворушин көшесіндегі 240 орындық балабақша құрылысы бір жылдың ішінде аяқталды. Металлургтер айтқан сөздерінде тұрды. Балабақша түгелімен жаңа заман талаптарына сай жабдықталды. Шет тілдерін үйрету және компьютерлік сауаттылыққа баулу, дене шынықтыру және музыка әлемі залдары сияқты арнайы кабинеттер жүйесі бар. Мұнда келетін кішкентайлар орыс және қазақ тілдерінде оқып-үйреніп, тәрбие алады. Зауыт басшысы Алмас Ибрагимовтің ұсынысымен тек зауыт жұмысшыларының ғана емес, осы аудан көлемінде тұратын қала тұрғындарының балалары үшін де балабақша есігі ашық. Ал облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, биылғы жылдың соңына қарай өңірде 19 балабақша қайтадан қалпына келтіріліп, жалпы білім беретін мектептер жанынан 83 шағын орталықтар ашылады. Тағы бір қуанышты жағдай, балабақша жанынан 125 пәтерлі он қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Зауыт басшылығы осымен екінші рет өз жұмысшылары мен қызметкерлеріне жарқыраған, жаңа пәтерлер сыйлап отыр. Алып корпорация қабылдаған 2023 жылға дейінгі әлеуметтік бағдарламалар аясында балабақшалар, тұрғын үйлер, басқа да әлеуметтік-тұрмыстық нысандар салу жүйесі жоспарланыпты. Бұл мақсатқа жалпы құны 45 миллион АҚШ долларын жұмсау қарастырылған көрінеді.
Фарида БЫҚАЙ.
Павлодар.
_______________
СЕМЕЙЛІК ПОШТАШЫЛАР ЖЕҢІМПАЗ АТАНДЫ
Әдетте пошта қызметкерлерінің атына сын көп айтылып жататыны рас. Өйткені, басылым бағалары жыл сайын шарықтап, соған қарамастан оның оқырман қолына кеш тиіп жататыны да, қайсыбір хат-хабарлардың қолды болып кететіні де өтірік емес.
“Қазпочта” акционерлік қоғамына қарасты Семей қалалық байланыс торабының ұжымына мұндай өкпе-реніштің қатысы жоқ па дейміз. Бұл ұжымға республикамыздың құрметті байланысшысы, өз ісінің білгірі Манарбек Молдарахимовтің басшылық ете бастағанына ондаған жылдың жүзі болды. Көршілес екі облыс біріктірілгеннен бергі жерде де бірқатар қала, аудан, сондай-ақ ауылдық округтер аталған байланыс торабының қызметін пайдалануда. Солардың бәріне күнделікті басылымдар мен хат-хабарлар уақытында жеткізілуде. Мұның сыртында бұлар өздеріне қарасты учаскелердегі зейнеткерлерге зейнетақысын да ешқандай дау-дамайсыз дер кезінде жеткізіп беріп келеді. Сондай-ақ, қайсыбір елді мекендерде бұрын жабылып қалған пошта үйлері қайтадан ашыла бастады, яки олар жаңадан тұрғызылуда.
Осы орайда, Семей қалалық пошта торабына өз тарапымыздан айтар алғысымыз да жоқ емес. Өйткені, оған қарасты елді мекендерде ел газеті “Егеменнің” таралымы жыл өткен сайын арта түсіп келе жатса, сол жетістікте аталған ұжымның да үлесі баршылық. Оның үстіне облыс орталығы Өскеменде шығып жатқан біздің басылымның сол күні мұндағы оқырманның қолына тиюіне жағдай жасап отырған да осылар.
Міне, соның бәрі ескерілгендіктен болар, жуырда бұлар өткен жылдың қорытындысымен халыққа пошта және қаржы қызметін көрсетудегі үздік көрсеткіштерімен облыс бойынша жеңімпаз атанып, Гран-при жүлдесін иеленді. “Халыққа қызмет көрсету ісін алдағы уақытта да жақсарта түсу – біздің басты міндетіміз”, дейді Манарбек Садықұлы.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.
СЕМЕЙ.