фото: www.gov.kz
Спорт сарайының кіреберісінде іс-шара қонақтарына, қала тұрғындарына арналған мерекелік ойын-сауық, сауда-саттық, фотозоналар ұйымдастырылды. Келушілерге балмұздақтар таратылды.
Ресми бөлімі бастала сала «Қазцинк» компаниясының бас директоры Жанат Жанботин бейнеқұттықтау жолдады.
– Осы мереке күні мен барша еңбеккерлерімізді кәсіби жетістіктері мен еліміздің өнеркәсібін дамытуға қосып жүрген елеулі үлестері үшін шын жүректен құттықтаймын. Баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін. Әр күндеріңіз тек қуаныш пен сәттілік әкелсін! – деді Жанат Дүйсенұлы.
Жиында отандық металлургияның бастауында тұрған еңбек әулеттеріне де құрмет көрсетілді. Олар туралы бейнероликтер көпшілік назарына ұсынылды.
Салтанатты кеште дәстүр бойынша «Ізгі жүрек» марапаты табысталды. «Қазцинк» кәсіпорны тағайындаған аталған сыйлық өз өмірі мен денсаулығын қатерге тіге отырып, адамдарды құтқарып қалған ержүрек азаматтар қашанда құрметке лайық. Бір ай бойы izgi-jurek.kz сайтында үміткерлерге дауыс беру жүргізілді. Үш жеңімпаздың әрқайсысы осы кеште арнайы шағын мүсіндер мен 1 млн теңге мөлшеріндегі ақшалай сыйлыққа ие болды.
Сыйлық иегері Андрей Смольников өртеніп жатқан үйден екі бала мен олардың аналарын алып шықса, Денис Шемет оқу-жаттығу кезінде кенеттен жарылған жауынгерлік гранатадан жас сарбазды өз денесімен жауып қалған. Офицер өзі жарақаттанғанымен, сарбаз дін-аман.
– Оқу-жаттығуда оқыс оқиға болды. Жауынгерлік гранат сарбаздың қасына құлады. Жарылатынын білдім. Ойланып тұратын емес, бірден әлгі солдатты өз денеммен қалқалап қалуға тырыстым. Гранатаның үш жарықшағы маған тиген екен, екеуі әлі де менің денемде жүр, – дейді Денис Шемет.
Үшінші сыйлық Бұқтырма су қоймасында суға батып бара жатқан 13 жасар жеткіншекті құтқарған ТЖД қызметкері Еламан Нұқышевке берілді. Батыл жігіттерге сыйлықтарды Олимпиада чемпионы, атақты жеңіл атлет Ольга Рыпакова табыс етті.
Құрмет көрсетіліп, алғыс айтылған соң «Қазцинк дауысы» шығармашылық байқауының финалистері сахнаға шығып, өз өнерін көрсетті. Олардың бәрі де – осы компанияның қарапайым қызметкерлері. Десе де, өнерден құр алақан емес екенін дәлелдеді. Салтанатты кеш соңында белгілі әншілер Карина Абдуллина мен Садраддин өнер көрсетіп, жастарға қуаныш сыйлады.